Wi-Fi арқылы қоңырау шалу және құпиялылық

«Wi-Fi арқылы қоңырау шалу» функциясы жеке ақпаратыңызды қорғау және бөлісу қажет объектілерді таңдауға мүмкіндік беру мақсатында жасалған.

Кейбір байланыс операторлары Wi-Fi желісі арқылы (және/немесе Wi-Fi сигналы әлсіз немесе қолжетімсіз болғанда, iPad құрылғысының Wi-Fi + Cellular модельдеріндегі ұялы деректер арқылы) iOS, watchOS және Mac құрылғыларында қоңыраулар шалуға және қабылдауға мүмкіндік береді.

«Wi-Fi арқылы қоңырау шалу» функциясын қосып, бұл функция қосулы тұрған құрылғыдан Wi-Fi желісіне қосылған жағдайда, желілік қосылым жүзеге асырылатын ел туралы IP мекенжайына (немесе мүмкін болса, ұялы байланыс желісіне) негізделген ақпарат байланыс операторына шот ұсыну және қызмет көрсету мақсаттарымен жіберілуі мүмкін. Бұл ақпаратты байланыс операторымен бөліскіңіз келмесе, iPhone құрылғысы мен жұптастырылған Apple Watch сағатында «Wi-Fi арқылы қоңырау шалу» функциясын өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Телефон» тармағы арқылы өтіп, (iPhone құрылғысы үшін) «Wi-Fi арқылы қоңырау шалу» параметрін және (басқа құрылғылар, оның ішінде жұптастырылған Apple Watch сағаты үшін) «Басқа құрылғылардағы қоңыраулар» параметрін өшіріңіз. iPad немесе iPod touch құрылғыңызда «Wi-Fi арқылы қоңырау шалу» функциясын өшіру үшін «Реттеулер» > «FaceTime» тармағы арқылы өтіп, «iPhone құрылғысынан келген қоңыраулар» параметрін өшіріңіз. Mac компьютерінде «Wi-Fi арқылы қоңырау шалу» функциясын өшіру үшін «FaceTime» > «Реттеулер» тармағына өтіп, «iPhone құрылғысынан келген қоңыраулар» параметрін өшіріңіз.

Байланыс операторыңыз Wi-Fi желісі немесе ұялы деректер арқылы қысқа кодты нөмірлерге (мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін қысқартылған нөмірлерге) қоңырау шалу мүмкіндігіне ие болуы үшін, Apple компаниясы қоңырау шалынатын қаланы байланыс операторына хабарлауы тиіс. Бұл байланыс операторына қоңырауды дұрыс бағыттауға көмектесу үшін қажет. Қысқа кодты нөмірлерге қоңырау шалғанда, байланыс операторымен қоңырау шалынатын қала туралы ақпаратты бөліскіңіз келмесе, iOS немесе watchOS құрылғыңызда «Wi-Fi арқылы қоңырау шалу» функциясы үшін геолокация сервистерін өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Геолокация сервистері» > «Жүйелік сервистер» тармағы арқылы өтіп, «Wi-Fi арқылы қоңырау шалу» параметрін өшіріңіз. Mac компьютерінде «Wi-Fi арқылы қоңырау шалу» функциясы үшін геолокация сервистерін өшіруге болады. Ол үшін «Жүйе реттеулері» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» тармағы арқылы өтіп, «Геолокация сервистері» опциясын таңдаңыз. Содан кейін «Жүйелік сервистер» опциясының жанындағы «Мәліметтер» түймесін басып, «Wi-Fi арқылы қоңырау шалу» параметрінен құсбелгіні алып тастаңыз. «Wi-Fi арқылы қоңырау шалу» функциясы үшін геолокация сервистерін өшірген жағдайда, Wi-Fi арқылы қоңырау шалу үшін қысқа кодты нөмірді тергенде, құрылғыңыз қалаңыз туралы ақпаратты анықтап, байланыс операторына жібере алмайды, нәтижесінде байланыс операторы қоңырауды дұрыс бағыттай немесе өңдей алмайды.

iPhone құрылғысынан төтенше қоңыраулар ұялы байланыс (қолжетімді болғанда) арқылы жіберіледі. Ұялы байланыс желісі қолжетімді болмаған және «Wi-Fi арқылы қоңырау шалу» функциясы қосылған жағдайда, төтенше қоңырауларды Wi-Fi арқылы шалуға болады, ал құрылғыңыздың геолокация туралы ақпарат, геолокация сервистерінің қосылған-қосылмағанына қарамастан, жауап беру шараларын қолдануға көмектесу мақсатында төтенше қоңыраулар шалу мақсатында пайдаланылуы мүмкін. Алайда байланыс операторы төлеуші мекенжайын немесе өзіне берілетін басқа мекенжайды төтенше жағдай қызметтерін бағыттау мақсатында пайдалануы мүмкін. Байланыс операторына берілетін мекенжай туралы ақпаратты iOS құрылғыларындағы «Реттеулер» мәзірінде және Mac компьютеріндегі «FaceTime реттеулері» бөлімінде жаңартуға болады. Бұл ақпаратты әрдайым жаңартып отыру керек. Мекенжай туралы ақпаратты жаңартып отырмаған жағдайда, төтенше жағдай қызметтері геолокацияңыз туралы қате деректер алуы мүмкін. Геолокацияны дұрыс анықтау үшін төтенше қоңырауларды әдеттегі ұялы байланыс желісі немесе тұрақты желі сервистері арқылы шалып, «Wi-Fi арқылы қоңырау шалу» функциясын тек өте қажет болғанда пайдалануға кеңес беріледі.

Wi-Fi арқылы қоңырау шалу функциясы туралы қосымша ақпарат алу үшін байланыс операторыңыздың шарттарын, құпиялылық саясатын және нұсқауларын қараңыз. Apple компаниясы жинаған ақпарат әрқашан Apple компаниясының құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy сайтында берілген) сәйкес өңделеді

2022 жылғы 12 желтоқсан