Wallet және құпиялылық

Карта қосқан кезде, ол Apple ID аккаунтыңызбен байланыстырылады. Сонымен қатар картаны баптау және басқару үшін құрылғыңыз құрылғы идентификаторын картаны шығарған ұйыммен бөлісуі мүмкін.
 

Wallet қолданбасы карталарыңызды қауіпсіз және құпия түрде сақтауға және басқаруға көмектесу мақсатында жасалған.

Privacy Icon

  • Картаны қосқанда, ол Apple ID аккаунтымен байланыстырылады. Сонымен қатар картаны көрсету және басқару үшін кейбір ақпарат Apple компаниясына жіберілуі мүмкін.
  • Сонымен қатар картаны баптау және басқару үшін құрылғыңыз бірегей құрылғы идентификаторын картаны шығарған ұйыммен бөлісуі мүмкін.
  • Apple компаниясы карталарыңыз туралы ақпаратты осы бөлімде сипатталғандай пайдаланады. Картаны шығарған ұйым картаңыз туралы ақпаратты өзінің құпиялылық саясатына сәйкес пайдалана алады.
  • Контактісіз төлем карталары, оның ішінде несиелік, дебеттік және алдын ала төленген карталар, сондай-ақ жол жүру билеттері туралы ақпаратты мына мекенжайдағы Apple Pay сервисі және құпиялылық туралы бөлімнен алуға болады: www.apple.com/ru/legal/privacy/data/en/apple-pay.

Wallet қолданбасында барлық электрондық билеттер, отырғызу талондары, кілттер және т.б. қауіпсіз сақталып, әрқашан оңай қолжетімді болады.

Wallet қолданбасына карталар қосу және оларды басқару

Wallet қолданбасына картаны қосу үшін ұйым немесе сатушы ұсынған «Apple Wallet қолданбасына қосу» сілтемесін түртіңіз немесе Wallet қолданбасының төменгі жағындағы «Карталарды өңдеу» түймесін түртіңіз, содан кейін «Кодты сканерлеу» опциясын таңдап, картадағы QR кодты сканерлеңіз. Сондай-ақ Wallet қолданбасына картаны үшінші тарап қолданбаларынан тікелей қосуға болады. Wallet қолданбасына карта қосқан кезіңізде, құрылғы Apple компаниясына ақпарат жібереді, осылайша Wallet қолданбасында карта және оның нөмірі мен иесінің аты сияқты онымен байланысты басқа ақпарат көрсетіледі. Apple компаниясы картаны және ол туралы ақпаратты Apple ID аккаунтымен байланыстырады және бұл ақпаратты карта Wallet қолданбасынан жойылғанша сақтайды. Бұл ақпарат картаны көрсету және басқару үшін ғана пайдаланылады.

Wallet қолданбасына карта қосқанда, құрылғыңыз бірегей идентификатор жасап, оны картаны шығарған ұйымға жібере алады. Картаны шығарған ұйым картаны баптау мен басқаруды жеңілдету үшін осы бірегей идентификаторды пайдалануы мүмкін. Мысалы, бұл ұйымға қойылымның басталу уақыты немесе отырғызу қақпасының нөмірі сияқты карта ақпаратын жаңартуға мүмкіндік береді. Бірегей құрылғы идентификаторында сіз немесе құрылғыңыз туралы ақпарат жоқ және ол картаны шығарған әрбір ұйым үшін әртүрлі. Кейбір карталар үшін ұйымның картаңызды басқару мүмкіндігін реттеуге болады. Ол үшін картаның артқы бетіндегі «Автоматты жаңартулар» қосқышын пайдаланыңыз.

Картаны жою үшін картаның артқы бетіндегі «Картаны жою» немесе Wallet қолданбасының төменгі жағындағы «Карталарды өңдеу» түймесін түртіңіз. Контактісіз төлемдер үшін пайдаланылмайтын картаны жойған кезде, ол алдымен құрылғыдан жойылады, содан кейін Apple компаниясы осы картамен байланысты барлық ақпаратты жояды. Дегенмен картаны шығарған ұйым карта туралы ақпаратты және бірегей құрылғы идентификаторын сақтай алады.

Карталарды бөлісу

Wallet қолданбасын пайдаланып, картаңызды AirDrop, iMessage, «Пошта», үшінші тараптың электрондық пошта сервистері, «Хабар» және басқа байланыс қолданбалары арқылы ортақ пайдалануға болады. Картаны үшінші тарап қолданбасы арқылы бөлісу әрекеті үшінші тараптың құпиялылық саясатына сәйкес орындалады. Картаны қабылдайтын алушыға картаның көшірмесі, сондай-ақ ол туралы барлық қосымша ақпарат қолжетімді болады. «Отбасылық қол жеткізу» функциясы қосылса, отбасылық қол жеткізу әрекетін ұйымдастырушы, ата-ана немесе қамқоршы бала аккаунтымен бөлісетін карталар автоматты түрде қабылдануы мүмкін.

Ұйым басқаратын картаны ортақ пайдалансаңыз, құрылғы ұйымға картаның ортақ пайдаланылғанын хабарлауы мүмкін. Мысалы, карта ең көбі төрт шақырылған адам үшін жарамды болса, құрылғы картаны шығарған ұйымға карта қанша рет ортақ пайдаланылғаны туралы хабарлайды. Осыдан кейін ұйым картаны пайдалануға шектеу қоя алады. Apple компаниясы ұйымға картаны басқаруға көмектессе, құрылғы картаның кімге жіберілгені туралы ақпаратты Apple компаниясына жібереді. Apple компаниясы бұл ақпаратты сақтамайды, бірақ оны ұйымға картаны басқаруға көмектесу үшін ғана пайдаланады.

Автомобиль кілттерін қосу және басқару

Wallet қолданбасы кейбір көліктерде қолдау көрсетілетін автомобиль кілттерін қосуға және ортақ пайдалануға мүмкіндік береді. Wallet қолданбасына автомобиль кілтін қосу мақсатында автомобиль иесі екеніңізді растау және құрылғыны автомобильмен жұптастыру үшін жұптастыру кодын енгізіңіз. Жұптастыру әрекеті сәтті аяқталса, құрылғы Apple компаниясына тіркеудің жарамдылығын растайтын ақпаратты жібереді. Содан кейін Apple компаниясы бұл ақпаратты автокөлік өндірушісіне жібереді; оны Apple компаниясы емес, автокөлік өндірушісі ғана көре алады.

Автомобиль кілтін баптау үшін Apple компаниясы көлік өндірушісіне идентификатор жібереді. Бұл құрылғы идентификаторы әр көлік өндірушісі үшін әртүрлі. Оны «Реттеулер» > «Жалпы» > «Бастапқы күйге қайтару» > «Барлық контент пен реттеулерді өшіру» тармағын ашу арқылы бастапқы күйге қайтаруға болады. Көлік өндірушісі құрылғы идентификаторын сіз туралы қолжетімді басқа ақпаратпен байланыстыруы және мұндай ақпаратты қолданыстағы құпиялылық саясатына сәйкес өңдеуі мүмкін.

Автомобиль кілттерін ортақ пайдалануға болады. Ол үшін электрондық кілт картасының артқы бетіндегі «Шақыру» түймесін түртіңіз, берілетін рұқсаттарды таңдаңыз және кілт картасын iMessage арқылы бөлісіңіз. Автомобильдің кілт карталарын баптауға және оларды басқаруға көмектесу үшін Apple компаниясы көлік өндірушісіне кілт картасының кімге жіберілгені және қол жеткізу деңгейі туралы ақпаратты жібереді. Apple компаниясында бұл ақпаратты көру мүмкіндігі жоқ. Apple компаниясы сонымен қатар картаны алушының идентификаторын көлік өндірушісіне жібереді, осылайша алушы картаны басқара алады. Картаны алушы үшін, көлік иесінің жағдайындағы сияқты, көлік өндірушісі құрылғы идентификаторын алушы туралы бұрыннан бар ақпаратпен байланыстыруы мүмкін. Бұл ретте мұндай ақпарат көлік өндірушісінің құпиялылық саясатына сәйкес өңделеді.

Apple компаниясы көлікті ашу немесе жабу үшін карта кілтін пайдалану сияқты ақпаратты жинамайды немесе сақтамайды. Көлік өндірушісі көлікті пайдалану туралы ақпаратты сізбен жасалған келісімдеріне сәйкес жинай алады. Қосымша ақпарат алу үшін көлік өндірушісінің құпиялылық саясатын оқып шығуға кеңес береміз.

Үй кілттерін қосу және басқару

Үйге HomeKit қосылған құлыпты орнатқанда, мысалы, «Үй» қолданбасы арқылы құлыпты қосқанда, үй кілті автоматты түрде Wallet қолданбасына қосылады. Әр үй үшін бір кілт бар. Үйіңізде бірнеше құлып болса, құлыптарды «Үй» қолданбасында немесе HomeKit сервисіне қолдау көрсетілетін құлыптарды басқару үшін пайдаланатын кез келген басқа қолданбада қарап, басқаруға болады. Үйдің кілті сіз осы үйден көшіп кеткен кезде немесе HomeKit сервисі қосылған үйдегі барлық құлып алып тасталғанда, Wallet жүйесінен автоматты түрде жойылады.

«Денсаулық» қолданбасына вакцинация карталарын қосу және басқару

QR код немесе жүктеп алу сілтемесі арқылы «Денсаулық» қолданбасына вакцинация туралы жазбаны қоссаңыз, осы жазба Wallet қолданбасына да қосылады. Бұл жағдай вакцинация картасын жылдам көруге мүмкіндік береді. Вакцинация картасы Wallet қолданбасына қосылғанда, вакцинация туралы жазбаның көшірмесі вакцинация картасы қосылған құрылғыдағы Wallet қолданбасында сақталады. Вакцинация картасында атыңыз, туған күніңіз, вакцина түрі және вакцинация жасалған күндер сияқты ақпарат болады. Құрылғыңыз бұл ақпаратты вакцинация картасын көрсету үшін пайдаланады. Wallet қолданбасында сақталған вакцинация картасы барлық құрылғыңызда синхрондалмайды және iCloud сервисінде сақтық көшірмесі жасалмайды. Apple компаниясына вакцинация картаңыздағы ақпарат немесе оны пайдалану туралы ақпарат көрсетілмейді.

Face ID, Touch ID немесе құпиякод арқылы аутентификациядан өтпесеңіз, вакцинация картасы туралы толық мәліметтер құлыптау экранында көрсетілмейді. Вакцинация картасы туралы мәліметтерді көрсету үшін алдымен аутентификациядан өту қажет. Аутентификациядан кейін вакцинация картасы құрылғы экранында көрсетілген кезде, оны құрылғыңызға қол жеткізу рұқсаты бар кез келген адам қарай алады. Сондықтан құрылғыңызды қорғау үшін қажетті шараларды қабылдаған жөн.

Вакцинация картасын Wallet қолданбасынан кез келген уақытта жоюға болады. Wallet қолданбасынан вакцинация картасын жойсаңыз, вакцинация туралы жазбаның «Денсаулық» қолданбасында сақталған көшірмесі жойылмайды. Вакцинация туралы жазбаны «Денсаулық» қолданбасынан кез келген уақытта жоюға болады. Вакцинация туралы жазбаны «Денсаулық» қолданбасынан жойсаңыз, Wallet қолданбасынан сәйкес вакцинация картасы да жойылады.

Жеке деректерді өңдеу үшін қолданылатын құқықтық негіз

Біз Wallet қолданбасындағы жеке деректеріңізді әдетте Apple компаниясымен келісімшартты орындау, қызмет көрсету үшін қажет болған жағдайда және заңды міндеттемелерімізді орындау үшін өңдейміз. Келісім тиісті заңды негізге сүйенсе, біз оны қолданыстағы жергілікті заңға сәйкес іздейміз.

Қолданыстағы жергілікті заңда қарастырылған жағдайда, біз заңды мүдделеріміз немесе үшінші тараптың мүдделері үшін қажетті жеке деректердің келесі санаттарын өңдейміз, соның ішінде:

  • Аккаунтыңыз, мысалы, аккаунтыңыздың белсенділігі
  • Құрылғыларыңыз, соның ішінде құрылғыңыздың атауы, сериялық нөмірі және басқа аппараттық идентификаторлары
  • Картаңыз, мысалы, картада көрсетілген ақпарат
  • Карта берушіңіз, мысалы, картаны жаңартулармен қамтамасыз етуге уәкілетті үшінші тарап
  • Wallet қолданбасын пайдалану, мысалы, картаны бөліскен немесе бөліспегеніңізге қарамастан, сіз қосқан карталардың саны мен түрі (мысалы, қонақүй, корпоративтік)
  • Геолокацияңыз

Бұл заңды мүдделерге мыналар жатады:

  • Картаны қосу және басқару
  • Сізге және басқаларға сервисті жақсартуға және оңтайландыруға көмектесу
  • Талғамыңызға сәйкес келетін функцияларды табуға көмектесу
  • Ұсыныстарға жарамдылығын тексеру
  • Сізді қызықтыруы мүмкін Wallet және басқа Apple өнімдері, сервистері және ұсыныстары туралы хабарламалар жіберу
  • Алаяқтықтың және басқа зиянды әрекеттердің алдын алу

Басқа ақпарат

Контактісіз төлем карталары, оның ішінде несиелік, дебеттік және алдын ала төленген карталар, сондай-ақ жол жүру билеттері туралы ақпаратты мына мекенжайдағы Apple Pay сервисі және құпиялылық туралы бөлімнен алуға болады: www.apple.com/ru/legal/privacy/data/en/apple-pay.

Жеке басыңызды анықтамайтын Wallet деректері Wallet қолданбасының және басқа да Apple өнімдері мен сервистерінің жалпы сапасын жақсарту мақсатында шектеулі мерзім ішінде сақталуы мүмкін.

Apple компаниясы жинаған ақпарат әрқашан Apple компаниясының құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy сайтында берілген) сәйкес өңделеді

6 сәуір, 2023 жыл