Safari және құпиялылық

Safari браузері жеке ақпаратыңызды қорғау және бөлісу қажет объектілерді таңдауға мүмкіндік беру мақсатында жасалған.

Safari реттеулерінде веб‑сайттар Safari браузеріндегі әрекеттеріңізді қадағалау үшін пайдаланатын деректерді жоюға немесе блоктауға болады. Бұл параметрлерді көру үшін «Реттеулер» > «Safari» тармағын таңдаңыз.

Сайт аралық қадағалауға жол бермеу

Кейбір веб-сайттарда контентті үшінші тарап жеткізушілері ұсынады. Үшінші тараптық контент провайдері әртүрлі веб‑сайттардағы әрекеттеріңізді қадағалап, өнімдер мен сервистерді жарнамалау үшін осы ақпаратты пайдалана алады.

Егер бұл опция қосылған болса, үшінші тараптық контент провайдерінің веб‑сайтына кірмесеңіз, қадағалау деректері қайта-қайта жойылады.

IP мекенжайын жасыру

«Интеллектуалды қадағалаудың алдын алу» функциясы сізді қажетсіз қадағалаудан қорғайды: құрылғыдағы машиналық оқыту технологиясын қолдана отырып, бұл функция веб‑сайттардың жұмысына әсер етпей трекерлерді блоктайды. «IP мекенжайын жасыру» функциясы интернет трафигінің бір бөлігін әртүрлі ұйымдар басқаратын екі бөлек торап көмегімен жіберу арқылы «Интеллектуалды қадағалаудың алдын алу» функциясын жақсартады. Бірінші торап сіз кірген веб-сайт туралы емес, интернет протоколының (IP) мекенжайыңыз туралы ақпаратты біледі. Екінші торапқа сіз кірген веб-сайт туралы ақпарат белгілі, бірақ одан IP мекенжайыңыз жасырылған. Оның орнына торап мақсатты веб-сайтқа пайдаланушының жеке басы және геолокациясы туралы жалпылама ақпаратты береді. Осылайша ешбір ұйым жеке басыңызды және сіз кіретін сайттарды анықтауға мүмкіндік беретін ақпаратқа ие болмайды.

Белгілі бір трафикті торап арқылы жіберу үшін реттеулерді өзгертуге болады. «Жеке торап» жазылымы бар пайдаланушылар бүкіл трафикті «Жеке торап» арқылы «Реттеулер» > «Safari» > «IP мекенжайын жасыру» тармағына өтіп, «Трекерлер және веб-сайттар» опциясын басу арқылы жібере алады. Не болмаса кез келген пайдаланушы белгілі трекерлер бақылайтын трафикті торап арқылы жібере алады. Ол үшін «Реттеулер» > «Safari» > «IP мекенжайын жасыру» тармағын ашып, «Тек трекерлер» немесе «Трекерлер және веб-сайттар» опциясын түрту арқылы қосыңыз. «IP мекенжайын жасыру» функциясын кез келген уақытта өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Safari» > «IP мекенжайын жасыру» тармағына өтіп, «Өшірулі» параметрін түртіңіз.

Алаяқтықпен айналысатын веб-сайт жөнінде ескерту

«Алаяқтықпен айналысатын веб-сайт жөнінде ескерту» параметрі қосулы болғанда, сіз кірген веб-сайт фишинг сайты болса, Safari браузерінде ескерту көрсетіледі. Фишинг — бұл жеке деректеріңізді (мысалы, пайдаланушы аттары, құпиясөздер және басқа аккаунт туралы ақпарат) ұрлауға әрекеттену үшін алдау әдістері қолданылатын алаяқтықтың бір түрі. Алаяқтықпен айналысатын веб-сайт банктің, қаржы мекемесінің немесе электрондық пошта қызметі провайдерінің веб-сайты сияқты ресми веб-сайт ретінде жасырылады. Веб-сайтқа кірмес бұрын, Safari осы веб-сайттың алаяқтықпен айналыспайтынын тексеру үшін бұл веб-сайттың мекенжайынан алынған ақпаратты Google қауіпсіз шолуы сервисіне және Apple компаниясына жіберуі мүмкін. «Реттеулер» > «Жалпы» > «Тіл және аймақ» тармағында аймақ ретінде «Материктік Қытай» немесе «Гонконг» таңдалған пайдаланушылар үшін Safari браузері осындай тексеруді орындау үшін «Tencent қауіпсіз шолуы» сервисін де қолдануы мүмкін. Веб-сайттың нақты мекенжайы ешқашан қауіпсіз шолу қызметтерін жеткізушілерге берілмейді. Google (және аймағы ретінде «Материктік Қытай» немесе «Гонконг» опциясын таңдаған пайдаланушылар үшін Tencent) тиісті ақпаратты алған кезде IP мекенжайыңыз туралы ақпаратты да сақтай алады. Safari браузеріндегі алаяқтықпен айналысатын веб-сайт жөнінде ескертулерді кез келген уақытта «Реттеулер» > «Safari» тармағына өтіп, «Алаяқтықпен айналысатын веб-сайт жөнінде ескерту» опциясын түрту арқылы өшіруге болады.

Құпиялы жарнамалық есептер

«Құпиялы жарнамалық есептер» функциясы қосулы болғанда, Safari браузері веб-сайттар мен жарнама берушілерге құпиялылығыңызды сақтай отырып, жарнамаларды қарау және басу әрекеттерін бағалауға көмектесу үшін веб-сайттарға атрибуция туралы есептер береді. Safari браузері шектеулі деректерді қамтитын атрибуция туралы есептерді IP мекенжайларын қорғау опциясын қолдана отырып, деректерді сақтамай және cookie файлдарын қоспай, арнайы режимде 24-тен 48 сағатқа дейін кездейсоқ кідіріспен жібереді. Атрибуция туралы есептерде қандай да бір жеке дерек болмайды.

Safari браузеріндегі құпиялы жарнамалық есептерді кез келген уақытта «Реттеулер» > «Safari» тармағына өтіп, «Құпиялы жарнамалық есептер» опциясын түрту арқылы өшіруге болады.

Apple Pay бар-жоғын тексеру

iPhone, iPad немесе Apple Watch құрылғысында Apple Pay сервисін пайдаланатын қолданбаларды немесе веб-сайттарды пайдаланған кезде, қолданба немесе веб-сайт құрылғыңызда Apple Pay сервисінің қосылған-қосылмағанын тексере алады. Сіз кез келген уақытта кірген веб-сайттарға Apple Pay функциясының қосылған-қосылмағанын тексеруге тыйым сала аласыз. Ол үшін iOS немесе iPadOS құрылғысында «Реттеулер» > «Safari» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» тармағына өтіп, «Apple Pay бар-жоғын тексеру» параметрін өшіріңіз.

Жеке шолу

«Жеке шолу» функциясы қосулы болғанда, Safari браузері сіз кірген веб-беттерді есте сақтамайды, ал «Авто толтыру» туралы ақпарат және сіз ашқан қойындылар iCloud сервисінде сақталмайды немесе құрылғылар арасында синхрондалмайды. Веб-сайттар құрылғыда сақталған ақпаратты өзгерте алмайды, сондықтан қалыпты жағдайда мұндай сайттарда қолжетімді сервистер, «Жеке шолу» функциясын өшірмейінше, басқаша әрекет етуі мүмкін.

Ескертпе: «Жеке шолу» режимі қосулы болғанда, мекенжай жолағы күңгірт болады.

Веб-бет аудармасы

Safari браузері веб-беттің тілін анықтау үшін сіз кірген әр веб-бетті талдайды. Бұл анықтау процесі толығымен сіздің құрылғыңызда орындалады. Егер веб-бетті кез келген таңдаулы тілге аудару мүмкіндігі қолжетімді болса, сол веб-бетті аудару қажеттігін таңдауға болады. Егер веб-бетті басқа тілге аударғыңыз келсе, Safari браузері веб-беттің мазмұнын (толық мәтінді қоса алғанда) аудару үшін Apple серверіне жібереді. Аударма аяқталғаннан кейін, веб-беттің мазмұны Apple серверлерінен жойылады.

Егер веб-бетті «Жеке шолу» режимінде қарамасаңыз, Safari браузері Apple компаниясына веб-беттің мекенжайын да жібереді. Apple компаниясы Apple өнімдерін, сервистерін және технологияларын жақсарту мақсатында веб-беттердің мекенжайларын бес жыл бойы сақтайды. Apple компаниясы аударылған веб-беттердің мазмұнын сақтамайтындықтан, Apple компаниясы өз өнімдерін, сервистерін және технологияларын жақсарту үшін тек жалпыға қолжетімді веб-беттерді қолданады.

Apple компаниясына жіберілген веб-беттердің мазмұны мен мекенжайлары Apple ID аккаунтыңызбен, эл. пошта мекенжайымен немесе басқа Apple сервистерін пайдалану нәтижесінде Apple компаниясына қолжетімді болған басқа деректермен байланысты болмайды.

Сізге ыңғайлы болу үшін белгілі бір веб-бетті аударғаннан кейін, сіз кірген қойындыда домен атауы бірдей басқа веб-беттерді де аударуға болады. Егер сіз кірген веб-бет бұдан былай түпнұсқа тілінде болмаса немесе веб-бет басқа доменде болса, Safari браузері автоматты түрде аударманы тоқтатады.

Веб-кеңейтімдер

Safari кеңейтімдерін App Store дүкенінен жүктеп алуға болады. Егер құрылғыңыз басқа біреудің басқаруында болса, жұмыс беруші немесе оқу орны сізге Safari браузерінің кеңейтімін қамтитын қолданбаны ұсынуы мүмкін. Safari кеңейтімін пайдаланбас бұрын, Safari браузерінде немесе «Реттеулер» > «Safari» > «Кеңейтімдер» тармағын ашып, бұл кеңейтімді қосып алу керек. Кеңейтімді қосқаннан кейін, кеңейтімге өзіңіз кіретін веб-беттерді оқуға немесе өзгертуге рұқсат беруіңіз керек. Кеңейтім оқи алатын және өзгерте алатын веб-сайттарды өзгерту үшін «Реттеулер» > «Safari» > «Кеңейтімдер» тармағына өтіңіз.

Үшінші тараптың веб-кеңейтімдерін пайдаланған кезде, сізге сол үшінші тараптың шарттары, құпиялылық саясаты және тәжірибелері қолданылады. Осындай кеңейтімдердің пайдалану шарттарымен, құпиялылық саясатымен және тәжірибелерімен танысып шығуыңыз керек, сонда олардың жеке ақпаратыңызды қалай пайдаланатынын түсінуге болады.

iCloud сервисімен синхрондау

Safari браузерінің ақпаратын, оның ішінде ашық қойындылар, қойындылар топтары, авто толтыру туралы ақпарат, бетбелгілер, оқу тізімдері және тарихты құрылғыларыңыз арасында синхрондау үшін iCloud сервисін пайдалануға болады. Бұл функцияны кез келген уақытта өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «[Сіздің атыңыз]» > «iCloud» тармағына өтіп, Safari параметрін өшіріңіз.

Бұл функцияларды қолдана отырып, жоғарыда аталған барлық ақпаратты Apple және оның еншілес кәсіпорындары мен агенттеріне беруге, жинауға, сақтауға, өңдеуге және пайдалануға келісім бересіз.

Деректерді сақтау

Apple жеке деректерді жинау мақсаттарын орындау үшін қажет болғанша, соның ішінде Apple құпиялылық саясатында немесе қызметке арналған құпиялылық туралы ескертулерімізде сипатталғандай немесе заң талап еткендей ғана сақтайды. Сақтау мерзімдерін бағалау кезінде алдымен жиналған жеке деректерді сақтау қажет пе, жоқ па, соны мұқият тексереміз және сақтау қажет болса, жеке деректерді заңмен рұқсат етілген ең қысқа мерзім ішінде сақтау үшін жұмыс істейміз.

Apple жинаған ақпарат әрқашан Apple құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy) сәйкес өңделеді

6 сәуір, 2023 жыл