Фотолар және құпиялылық

«Фотолар» жеке ақпаратыңызды қорғау және бөлісу қажет объектілерді таңдауға мүмкіндік беру мақсатында жасалған.

«Фотолар» бірегей фото жинағыңызды көрсететін дербестендірілген тәжірибені ұсынып, жеке өміріңізді қорғауға арналған. Apple компаниясы фотоларыңыз бен видеоларыңызға қол жеткізе алмайды және оларды зерттеу немесе әзірлеу мақсатында пайдаланбайды.

«Фотолар» дербестендірілген тәжірибені жеткізу, фотолар мен видеоларды сізге мағыналы етіп ұйымдастыру және ұсыныстарды бөлісу, естеліктер, «Адамдар» альбомы және таңдаулы фотолар сияқты мүмкіндіктерін ұсыну үшін құрылғыдағы машиналық оқытуды пайдаланады. Бұл құрылғыдағы талдау көріністі жіктеуді, адамдар мен үй жануарларын анықтауды, фото сапасын талдауды және аудио классификациясын қамтиды. «Фотолар», сондай-ақ сіз өңдеген немесе басқа адамдармен бөліскен фотолар, «Хабарлар» қолданбасында жиі хабарласатын адамдар, «Контактілер» қолданбасында орнатылған қарым-қатынастар, «Контактілер» немесе «Карталар» қолданбасында орнатылған үй және жұмыс орындары, фотолар түсірген геолокациялар, «Күнтізбе» мен «Контактілер» қолданбасындағы маңызды күндер сияқты құрылғыдағы ақпаратты пайдаланады.

«Фотолар» қолданбасы фотолардағы адамдарды анықтау үшін құрылғыдағы қосымша талдауды пайдаланады және оларды «Адамдар» альбомына жинайды. «Адамдар» альбомындағы адамға атын қосқан кезде, оның түрі iCloud қосылған барлық құрылғының «Фотолар» қолданбасында пайда болады.

iCloud фотолары

«iCloud фотолары» функциясын пайдалансаңыз, фотоларыңыз бен видеоларыңыз iCloud сервисінде қауіпсіз түрде сақталады және iCloud қосылған құрылғыларыңызда жаңартылып отырады. iCloud әрбір фото және видео файлды файл метадеректерімен бірге тасымалдау және сақтау кезінде шифрлау арқылы қорғайды.

Фотоларды бөлісу

«Фотолар» сізге басқа Apple пайдаланушысымен немесе қолданба ішіндегі фото таңдау құралы арқылы немесе «Фотолар» қолданбасындағы бөлісу парағы арқылы үшінші тарап қолданбаларымен бөлісетін медиафайлдарды басқаруға мүмкіндік береді. Мысалы, «Фотолар» қолданбасында бөлісу парағы арқылы фотоны жіберген кезде, фотомен бірге Live Photos видеосы, өңдеу тарихы немесе геолокация ақпараты сияқты қандай метадеректер ортақ пайдаланылатынын басқара аласыз.

Фото таңдау құралын қолданба ішінен пайдаланған кезде, бөліскіңіз келетін фотоны таңдауға болады немесе қолданбаға толық фото жинағыңызға қол жеткізуге рұқсат беріңіз. Қол жеткізу мүмкіндігі геолокация мен тереңдік ақпараты сияқты метадеректері бар фотоларды қамтиды. Қолданбаның фотолар жинағына қол жеткізу мүмкіндігін кез келген уақытта «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Фотолар» тармағына өту арқылы өзгертуге болады.

Геолокация

«Камера» қолданбасына геолокацияңызға қол жеткізуге рұқсат берсеңіз, геолокацияңыз фотолар мен видеолардың түсірілген жерін белгілеу үшін пайдаланылады. Бұл реттеуді кез келген уақытта «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Геолокация сервистері» > «Камера» тармағына өту арқылы өзгертуге болады. Кез келген фото немесе видеодағы геолокация туралы ақпаратты «Қосымша», содан кейін «Геолокацияны реттеу» > «Геолокация жоқ» функциясын түрту арқылы жоюға болады.

Apple жинаған ақпарат әрқашан Apple құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy) сәйкес өңделеді

2023 жылғы 18 қыркүйек