Құпиясөздер және құпиялылық

Құпиясөздерді қауіпсіз түрде сақтаңыз және құпиясөздер сенімсіз болған, қайта пайдаланылған немесе ұрланған жағдайда хабарландыру алыңыз.

Аккаунт туралы сақталған ақпарат (мысалы, онымен байланыстырылған пайдаланушы аттары, құпиясөздер, кіру кілттері, бір реттік құпиясөздер және электрондық пошта мекенжайлары) құрылғыңызда қауіпсіз түрде сақталады. Аккаунт туралы ақпаратты енгізу сұралғанда (мысалы, қолданбада немесе веб-сайтта), құрылғыңыз ақпаратты автоматты түрде толтырады. Аккаунт туралы ақпарат құрылғыда шифрланған күйде сақталады және оны Apple компания көре алмайды.

Құрылғыңыз құпиясөздердің сенімділігін арттыру бойынша шара қабылдауды ұсынуы мүмкін. Мысалы, сақталған құпиясөз сенімсіз болса, бірнеше аккаунтта пайдаланылса немесе оңай тауып алуға болатын құпиясөз болса, құрылғыңыз сізге хабар беруі мүмкін. Бұл ұсыныстар тек құрылғыңызда өңделген деректерге негізделеді.

Сондай-ақ құпиясөздер ұрлану нәтижесінде бұзылған болса, құрылғы ол жөнінде де хабар береді. Бұл функция құпиясөздеріңіздің туындыларын ұрланған құпиясөздермен мерзімді түрде салыстырып тексеріп отыру үшін сенімді криптографиялық технологияларды пайдаланады. Бұл қауіпсіз әрі құпия әдістің арқасында аккаунттарыңыз бен құпиясөздеріңіз Apple компаниясына жария етілмейді. Apple компаниясы құрылғыңызға ұрлану нәтижесінде жария етілген жиі пайдаланылатын құпиясөздер тізімін жібереді. Егер құпиясөздеріңіз осы тізімде болмаса, құрылғы құпиясөздердің ұрланған деректер арасында бар-жоғын тексеру үшін Apple компаниясына құпиясөздер негізінде есептелген ақпаратты жібереді. Құпиясөздеріңіз ұрланған деректер арасында болуы ықтимал болса, сізге ол жайында жабар беріледі. Нақты құпиясөздердің өзі ешқашан Apple компаниясына берілмейді және Apple компаниясы құпиясөздер негізінде есептелген ақпаратты сақтамайды. Бұл функцияны кез келген уақытта өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Құпиясөздер» > «Қауіпсіздік бойынша ұсыныстар» тармағына өтіңіз.

Егер iCloud құпиясөздері және кілттер жинағы қосылған болса, құпиясөздерді, кіру кілттерін, бір реттік құпиясөздерді және байланысты ақпаратты басқалармен, соның ішінде топтармен бөлісе аласыз. Жазбаны ортақ пайдалану рұқсатын алған кез келген адам жазбаны өзгерте немесе жоя алады. Жойылған жазбаларды біржола жоймаған болмасаңыз, оларды «Реттеулер» > «Құпиясөздер» > «Жақында жойылғандар» тармағына өтіп, 30 күн ішінде қалпына келтіруге болады. Пайдаланушы топқа қосылған кезде, ол топта бөлісілген барлық жазбаға қол жеткізе алады. Пайдаланушы топтан шыққанда, оның топпен бөліскен жазбалары сақталады, бірақ сол топтағы басқа пайдаланушылар бөліскен жазбаларға қол жеткізе алмайды. Жазбаларды бөлісу мүмкіндігі өтпелі шифрлаумен қорғалады және Apple сіз бөліскен жазбаларды көре алмайды.

Құрылғыңыз жазбаның жанында белгішені көрсетуі мүмкін. Жазба веб‑сайтпен байланысты болса, белгішені әртүрлі нысандар басқаратын екі дербес торапты пайдалана отырып, осы веб‑сайттан жүктеп алуға болады. Бірінші торап құрылғыңыз жүктеп алатын белгіше туралы емес, IP мекенжайыңыз туралы ақпаратты біледі. Екінші торапқа сіз жүктеп алып жатқан белгіше түрі белгілі, бірақ одан IP мекенжайыңыз жасырылған. Оның орнына торап жіберушіге пайдаланушының жеке басы туралы жалпылама ақпаратты береді. Осылайша ешбір ұйым жеке басыңызды және сіз жүктеп алатын белгішелерді анықтауға мүмкіндік беретін ақпаратқа ие болмайды.

Apple жинаған ақпарат әрқашан Apple құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy) сәйкес өңделеді

2023 жылғы 18 қыркүйек