Хабарлар және құпиялылық

iMessage арқылы хабарлар жіберу үшін телефон нөміріңізді немесе Apple ID аккаунтыңызды тіркеуге болады. Apple компаниясы iMessage қолданбасын пайдалану туралы шектеулі ақпаратты (мысалы, құрылғыңызда iMessage қолданбасының қолжетімділігі туралы ақпарат) 30 күнге дейін сақтайды.
 

«Хабарлар» қолданбасы жеке ақпаратыңызды қорғайтындай және бөлісу қажет объектілерді таңдауға мүмкіндік беретіндей етіп жасалған.

Privacy Icon

  • Егер «iCloud сақтық көшірмесі» немесе «iCloud бұлтындағы хабарлар» функциясын қоссаңыз, iCloud сервисінде хабарлардың сақтық көшірмесі жасалып, шифрланады.
  • iMessage функциясы өтпелі шифрлаумен қорғалған. Телефон нөміріңізді немесе эл. поштаңыздың мекенжайын сіз хабарласатын адамдар көре алады, сондай-ақ олармен атыңыз бен фотоңызды бөлісу не бөліспеу керек екенін таңдай аласыз.
  • Apple компаниясы iMessage қолданбасын пайдалану туралы шектеулі ақпаратты (мысалы, құрылғыңызда iMessage қолданбасының қолжетімділігі туралы ақпарат) 30 күнге дейін сақтайды.

Хабарлар — пайдаланушыларға SMS, MMS, iMessage және Apple Messages for Business арқылы байланысуға мүмкіндік беретін қолданба. iMessage — басқа iOS құрылғыларына (iOS 5 немесе одан кейінгі нұсқа), iPadOS құрылғыларына, visionOS құрылғыларына, Mac компьютерлеріне (OS X 10.8 немесе одан кейінгі нұсқа) және Apple Watch сағаттарына хабарларды жіберетін Apple сервисі. Бұл хабарлар үшін тарифтік жоспарыңыз бойынша төлем алынбайды. iMessage арқылы жіберілген хабарлар фотоларды, видеоларды және басқа да ақпаратты қамтуы мүмкін.

iMessage қолданбасында өтпелі шифрлау пайдаланылады, сондықтан сұхбаттарыңыз құрылғылар арасында тасымалданған кезде, Apple компаниясы олардың мазмұнының шифрын аша алмайды. iMessage арқылы жіберілетін тіркемелер (мысалы, фотолар немесе видеолар) шифрланған күйде болады, сондықтан оларға жіберуші мен алушылардан басқа ешкім қол жеткізе алмайды. Бұл шифрланған тіркемелер Apple компаниясына жіберілуі мүмкін. Өнімділікті жақсарту үшін, сіз iMessage қолданбасында хабар теріп жатқан кезде, құрылғыңыз тіркемелерді Apple компаниясына автоматты түрде жіберуі мүмкін. Егер хабар жіберілмесе, тіркемелер серверден 30 күннен кейін жойылады. iOS, iPadOS, visionOS немесе watchOS құрылғыңызда құпиякодты немесе құпиясөзді орнатқаннан кейін, сақталған хабарлар құрылғыда шифрланады және оларға құрылғының құлпын ашпай қол жеткізу мүмкін болмайды.

iMessage хабарларын құрылғыңыздан 30 күннен кейін немесе бір жылдан кейін автоматты түрде жою опциясын немесе құрылғыда мерзімсіз сақтау опциясын таңдауға болады. Егер «iCloud сақтық көшірмесі» немесе «iCloud бұлтындағы хабарлар» функциясын қосқан болсаңыз, SMS, MMS, Apple Messages for Business және iMessage хабарларының сақтық көшірмесі ыңғайлылық үшін iCloud сервисінде жасалып, шифрланады. «iCloud сақтық көшірмесі» және «iCloud бұлтындағы хабарлар» функциясын кез келген уақытта өшіруге болады. iOS, iPadOS немесе visionOS құрылғыңызда «Реттеулер» > [атыңыз] > iCloud тармағына өтіңіз. Mac компьютерінде Messages (Хабарлар) > Settings (Реттеулер) > iMessage тармағына өтіп, Enable Messages in iCloud (iCloud бұлтындағы хабарларды қосу) опциясын таңдаудан алыңыз.

iMessage қолданбасына Apple ID аккаунтымен немесе тек телефон нөмірімен де кіруге болады. Құрылғыңызда жүйеге Apple ID аккаунтыңызбен кірсеңіз, iMessage қолданбасына автоматты түрде кіресіз. Apple ID аккаунтыңызды немесе телефон нөмірлеріңізді сіз хабарласатын адамдар көре алады, сондай-ақ адамдар сізге Apple ID аккаунтыңыз және аккаунтыңызбен байланысты эл. пошта мекенжайлары немесе телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады. «iMessage реттеулері» мәзірінде сұхбатты бастау, сондай-ақ хабарларды алу және оларға жауап беру үшін пайдалану қажет телефон нөмірлерін немесе эл. пошта мекенжайларын таңдауға болады. Қосымша байланыс ақпаратыңызды Apple ID аккаунтыңыздың appleid.apple.com веб-бетінде қосуға және растауға болады.

«Сізге жіберілді» функциясы жүйеден «Хабарлар» қолданбасында бөлісілген мақалаларды, музыканы, телешоуларды және т.б. іздейді және оларды Safari, Apple News, Apple Music және Apple Podcasts сияқты қолданбаларда ыңғайлы етіп көрсетеді. Бұл қажетті ақпаратты жылдам табуға мүмкіндік береді. Apple компаниясы осы белгіленген контентке сіздің рұқсатыңызсыз қол жеткізе алмайды. «Сізге жіберілді» функциясын кез келген уақытта өшіруге болады. Ол үшін iOS немесе iPadOS құрылғысында «Реттеулер» > «Хабарлар» > «Сізге жіберілді» тармағына өтіп, «Сізге жіберілді» параметрін өшіріңіз. visionOS құрылғыңызда «Реттеулер» > «Қолданбалар» > «Хабарлар» > «Сізге жіберілді» тармағына өтіңіз, содан кейін «Сізге жіберілді» функциясын түртіп өшіріңіз. Mac құрылғысында Messages (Хабарлар) > Settings (Реттеулер) > Shared with You (Сізге жіберілді) тармағына өтіңіз. Сондай-ақ «Сізге жіберілді» функциясына қандай қолданбалардың қол жеткізе алатынын басқаруға болады. Ол үшін «Сізге жіберілді» бөлімінде қолданбаны түртіңіз немесе таңдаңыз.

«Ат пен фотоны бөлісу» функциясы арқылы iMessage қолданбасында сөйлесетін адамдарға атыңыз бен фотоңызды жіберуге болады. Контактілеріңізбен автоматты түрде бөлісу опциясын немесе әрбір бөлісу әрекеті кезінде сұрау көрсету опциясын таңдауға болады. Атыңыз бен фотоңыз сіз бөліскіңіз келетін адамдарға келесі iMessage хабарымен бірге жіберіледі де, олардың құрылғыларында сақталады. Егер атыңыз бен фотоңызды бірнеше адам қатысатын iMessage сұхбатында бөліссеңіз, атыңыз бен фотоңыз сұхбаттағы барлық адамға жіберіледі. Атыңыз бен фотоңызды кез келген уақытта жаңартуға болады. Егер автоматты түрде бөлісу опциясы таңдалған болса, келесі iMessage хабарын жіберген кезде, жаңартылған атыңыз бен фотоңыз сіз бөліскен әрбір адамға жіберіледі. Егер атыңыз бен фотоңызды бұрын бөлісіп, бірақ кейінірек бөлісу опциясын өшірген болсаңыз, бұрын жіберілген атыңыз бен фотоңыз алушылардың құрылғыларында сақталып қалған болуы мүмкін. Хабарлар үшін таңдалған атыңыз бен фотоңыз Apple компаниясына жіберіледі және Apple серверлерінде шифрланған күйде сақталады. Apple компаниясы бұл ақпаратты көре алмайды.

Apple өнімдері мен сервистерінің жұмысын қамтамасыз ету және жақсарту үшін Apple компаниясы «Хабарлар» қолданбасы мен iMessage сервисін пайдалануға қатысты кейбір ақпаратты жазуы және сақтауы мүмкін:

  • Apple компаниясы iMessage қолданбасын пайдалану туралы ақпаратты сақтауы мүмкін. Бұл деректер негізінде жеке басыңызды анықтау мүмкін емес.
  • Сіз немесе басқа біреу спам немесе қалаусыз хабарлар туралы хабарлағанда, Apple компаниясы Apple компаниясына жіберілген ақпаратты сақтауы мүмкін.
  • Apple компаниясы жеткізілмеген iMessage хабарларын қайта жеткізу үшін 30 күнге дейін сақтауы мүмкін.
  • Құрылғыңыздағы кейбір қолданбалар (оның ішінде «Хабарлар» қолданбасы) басқа адамдарға iMessage сервисі арқылы хабарласуға болатынын не болмайтынын анықтау үшін Apple серверлеріне сұрау жіберуі мүмкін. Бұл жағдайда Apple компаниясы аккаунтыңызбен байланысты телефон нөмірлері мен эл. пошта мекенжайларын 30 күнге дейін сақтауы мүмкін.

Осы функцияларды пайдалану арқылы сіз Apple компаниясының және оның еншілес компаниялары мен агенттерінің осы ақпаратты жоғарыда сипатталғандай тасымалдауына, жинауына, сақтауына, өңдеуіне және пайдалануына келісесіз.

Apple компаниясы жинаған ақпарат әрқашан Apple компаниясының құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy сайтында берілген) сәйкес өңделеді

2024 жылғы 5 наурызы