Геолокация сервистері мен құпиялылық

Геолокация сервистері жеке ақпаратыңызды қорғайтындай және бөлісу қажет объектілерді таңдауға мүмкіндік беретіндей етіп жасалған.

Геолокация сервистері Apple компаниясына және үшінші тарап қолданбалары мен веб-сайттарына iPhone немесе Apple Watch сағатының ағымдағы геолокациясы негізінде деректерді жинауға және пайдалануға және әртүрлі геолокация сервистерінің жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мысалы, қолданба жақын жердегі кафені немесе театрды іздеу үшін геолокацияңыз туралы деректерді пайдалана алады немесе құрылғыңыз ағымдағы геолокацияға байланысты уақыт белдеуін автоматты түрде орната алады.

Осындай функцияларды пайдалану үшін iPhone құрылғысында геолокация сервистерін қосып, геолокация сервистерінен геолокация деректерін алмас бұрын әрбір қолданбаға немесе веб-сайтқа рұқсат беруіңіз керек. Қолданбалар геолокация деректеріне шектеулі (қолданбаны пайдаланғанда немесе болжалды геолокацияны сұрағанда ғана) немесе толық қол жеткізу мүмкіндігін (тіпті қолданбаны пайдаланбаған кезде немесе нақты геолокацияны сұраған кезде) сұрауы мүмкін.

Қауіпсіздік мақсатында iPhone құрылғыңыздың геолокациясы туралы ақпарат құрылғыда геолокация сервистері қосылған-қосылмағанына қарамастан, төтенше қоңырау кезінде жіберіледі.

Құрылғыңыздың геолокациясын анықтау үшін геолокация сервистері құрылғы датчиктерін, оның ішінде GPS және Bluetooth (қолжетімді болса) және краудсорсингтік Wi‑Fi кіру нүктесінің және ұялы байланыс мұнараларының геолокацияларын пайдаланады.

Жұптастырылған iPhone құрылғысы жақын жерде болса, Apple Watch оның геолокациясын пайдалана алады.

Геолокация сервистері қосулы болса, iPhone құрылғысы жақын маңдағы Wi-Fi кіру нүктелері мен ұялы байланыс мұнараларының геолокацияларын Apple компаниясына мезгіл-мезгіл жіберіп отырады (құрылғының техникалық мүмкіндігі болса). Анонимді түрде жіберілетін және шифрлау арқылы қорғалған геодеректер Wi-Fi кіру нүктелері мен ұялы байланыс мұнаралары үшін координаттардың краудсорсингтік дерекқорына енгізіледі.

«Геолокация сервистері» параметрін қоссаңыз, төменде тізімделген геолокацияға негізделген жүйе сервистері де қосылады:

  • Бағдарлар және көлік қозғалысы: Көлік жүргізу немесе жаяу жүру кезінде iPhone құрылғысы GPS координаттарын, жылдамдық пен бағытты және барометрлік қысым деректерін мезгіл-мезгіл жіберіп тұрады. Apple компаниясына жасырын түрде жіберілетін және шифрланған бұл деректер краудсорсингтік трафикті, жолдарды, тротуарларды және атмосфералық түзету дерекқорларын толықтыру үшін пайдаланылады. Сонымен қатар көрнекі орынның (мысалы, саябақ немесе компанияның кеңсесі) жанында кез келген қолданбаны ашсаңыз, iPhone құрылғыңыз геолокацияңыз туралы анонимді шифрланған деректерді Apple компаниясына жібереді. Apple компаниясы бұл деректерді басқа пайдаланушыларға сол көрнекі орынның ашық және қаншалықты адам көп екенін хабарлау үшін жинап, пайдаланады.
  • Маңызды геолокациялар: iPhone құрылғыңыз және iCloud бұлтына қосылған құрылғыларыңыз жақында барған жерлеріңізді, сондай-ақ оларға қаншалықты жиі және қашан баратыныңызды қадағалап отырады, осылайша қай орындар сіз үшін маңызды екенін білуге болады. Бұл деректер өтпелі шифрлаумен қорғалған және оларды Apple компаниясы оқи алмайды. Олар алдын ала бағдар құру сияқты дербестендірілген сервистерді ұсыну үшін және «Фотолар» қолданбасындағы «Естеліктер» функциясын жақсарту үшін пайдаланылады.
  • Ұсыныстар және іздеу: iPhone құрылғыңыздың геолокациясы туралы ақпарат Apple компаниясына тиісті ұсыныстар беру үшін жіберіледі. Егер геолокация негізіндегі ұсыныстар үшін «Геолокация сервистері» функциясын өшірсеңіз, сіздің нақты геолокацияңыз туралы ақпарат Apple компаниясына жіберілмейді. Сұрауға сәйкес келетін іздеу ұсыныстарын және жаңалықтарды беру үшін Apple компаниясы геолокацияны географиялық аймақпен сәйкестендіру арқылы геолокацияңызды шамалап анықтау мақсатында интернет қосылымының IP мекенжайын пайдалануы мүмкін.
  • Ескертулер мен жылдам пәрмендердің автоматтандырулары: Apple Watch сағаты және iPhone құрылғысы геолокацияңызды географиялық тұрғыдан маңызды ескертулер беру үшін пайдаланады: мысалы, белгілі бір жерге жетіп, бір адамға қоңырау шалу туралы еске салғыш немесе келесі кездесуге үлгеру үшін шығу уақыты туралы еске салғыш, сонымен қатар қазіргі орналасқан жеріңіз туралы ақпаратқа негізделген қолданба немесе жылдам пәрмен туралы ұсыныстар.
  • Геолокациямды бөлісу: Ағымдағы геолокацияңызды «Хабарлар» немесе «Локатор» сияқты белгілі бір қолданбаларда басқа пайдаланушыларға бір рет жіберуге немесе үнемі жіберіп отыруға болады.
  • HomeKit: iPhone құрылғыңыз белгілі бір жерге жеткенде немесе одан шыққанда, керек-жарақтарды қосу немесе өшіру (үйге келгенде шамдарды қосу сияқты) үшін геолокацияңызды пайдаланады.
  • Жүйені бейімдеу: iPhone құрылғыңыз ағымдағы геолокацияңыз арқылы интерфейсті, функцияларды және реттеулерді бейімдейді, мысалы, үйде болған кезде, «Аккумуляторды оңтайлы зарядтау» функциясы автоматты түрде қосылады. Бұл бейімдеу деректері құрылғыңыздан жіберілмейді.
  • Apple Pay сервисіндегі сатушының идентификаторы: Apple Card картасымен төлеген кезіңізде, iPhone құрылғыңыз сатушы аттарын дәлірек анықтау үшін ағымдағы геолокацияңызды пайдаланады.
  • Төтенше қоңыраулар және SOS: Төтенше қоңырау шалынған кезде, iPhone немесе Apple Watch төтенше қызметке жіберілетін геолокациямен қатар, төтенше жағдай бойынша қосымша деректер сервисі арқылы қосымша деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Үйіңізге немесе жұмысыңызға жақын жерде болсаңыз және осы мекенжайларды жеке байланыс картаңызға («Картам») енгізген болсаңыз, деректерде мекенжай қамтылуы мүмкін. «Төтенше қоңырау — SOS» функциясы қосылса, төтенше қоңыраудан кейін төтенше контактілерге де геолокацияңыз жіберіледі.

Apple компаниясы жинайтын краудсорсингтік геолокация деректері жеке басыңызды анықтай алмайды.

Құрылғыларыңызда геолокация сервистерін қосу арқылы Apple компаниясына және оның серіктестері мен лицензиаттарына геолокация және жол қозғалысы деректерін пайдаланатын өнімдер мен сервистерді пайдалану және жақсарту үшін геолокация деректерін және іздеу сұрауларын тасымалдауға, жинауға, өңдеуге, сақтауға және пайдалануға рұқсат бересіз.

«Геолокация сервистері» параметрін кез келген уақытта өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Геолокация сервистері» тармағына өтіп, геолокация сервистерінің жалпы қосқышын өшіріңіз немесе «Ешқашан» опциясын таңдау арқылы оларды әр қолданба немесе функция бойынша өшіріңіз. Геолокация сервистерін барлық веб-сайтта өшіру үшін «Геолокация сервистері» бөлімінде «Safari веб-сайттары» үшін «Ешқашан» опциясын қосыңыз. Сондай-ақ геолокацияны пайдаланатын жүйелік сервистерді өшіруге болады, ол үшін «Жүйелік сервистер» түймесін түрту, содан кейін геолокацияны пайдаланатын әр жүйелік сервисті өшіру керек. Қолданбалар немесе веб-сайттар геолокация сервистері қосқышының күйіне қарамастан, интернет қосылымының IP мекенжайы сияқты басқа ақпаратты әлі де пайдалануы мүмкін.

Үшінші тарап қолданбаларына немесе веб-сайттарына қазіргі геолокацияңызды пайдалануға рұқсат берсеңіз, олардың шарттарына, құпиялылық саясаты мен тәжірибелеріне жүгінуіңіз керек. Осындай қолданбалар мен веб-сайттардың шарттарымен, құпиялылық саясатымен және тәжірибелерімен танысып шығуыңыз керек, сонда олардың геолокацияңызды және басқа да ақпаратыңызды қалай пайдаланатынын түсінуге болады.

Apple компаниясы жинаған ақпарат әрқашан Apple компаниясының құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy сайтында берілген) сәйкес өңделеді

2024 жылғы 5 наурызы