Күнделік жүргізу ұсыныстары және құпиялылық

«Күнделік жүргізу ұсыныстары» — ұсыныстар бойынша қандай деректер пайдаланылатынын және күнделік жүргізу қолданбаларымен нені бөлісетінін таңдауға мүмкіндік беру арқылы ақпаратыңызды қорғауға арналған.

«Күнделік жүргізу ұсыныстары» күн сайынғы сәттер мен ерекше оқиғаларды интеллектуалды түрде топтастырады

«Күнделік жүргізу ұсыныстары» сізге дербестендірілген ұсыныстар беру мақсатында сәттер мен оқиғаларды интеллектуалды түрде топтастыру үшін құрылғыдағы өңдеуді пайдаланады. Құрылғыда сақталған ақпаратты пайдалана отырып, «Күнделік жүргізу ұсыныстары» сізге еске түсіру және жазу үшін ерекше сәттерді ұсына алады. «Күнделік жүргізу ұсыныстары» функциясын пайдаланатын күнделік жүргізу қолданбаларына қандай ұсыныстар жіберілетінін басқарасыз.

«Күнделік жүргізу ұсыныстары» әрекеттеріңіз (мысалы, жаттығу түрі, ұзақтығы, бағдарлары, калориялар және жүрек соғу жиілігі), медиафайлды пайдалану (мысалы, қай подкаст пен әнді тыңдағаныңыз, орындаушының аты және трек аты), контактілер (мысалы, мәтіндер, қоңыраулар және FaceTime арқылы кімге хабарласқаныңыз), фотолар (мысалы, галереядағы фотолар мен видеолар, ортақ альбомдар және естеліктер) және маңызды геолокациялар (мысалы, сіз жақында болған геолокациялар, сондай-ақ сіз үшін маңызды жерлерді білу мақсатында оларға қаншалықты жиі және қашан барғаныңыз) бойынша ұсыныстарды қамтуы мүмкін.

«Күнделік жүргізу ұсыныстары» функциясын қосқанда, құрылғыда сақталған шектеулі тарихи деректер, соның ішінде жаттығулар, медиафайлдарды пайдалану, байланыстар және фотолар туралы ақпарат сіз үшін мәнді ұсыныстар жасау мақсатында пайдаланылады. «Күнделік жүргізу ұсыныстары» функциясына қосу үшін дерек санаттарын бейімдеуге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Күнделік жүргізу ұсыныстары» тармағына өтіп, оны қосу немесе өшіру үшін белгілі бір санатты түртіңіз. Күнделік жүргізу қолданбасының бірнешеуі «Күнделік жүргізу ұсыныстары» функциясын пайдаланса, бұл функцияда қандай санаттарды қосу керектігі бойынша жасалған таңдаулар барлық қолданбаға қолданылады. Сондай-ақ күнделік жүргізу қолданбасымен әлі бөлісілмеген ұсыныстар тарихын тазалауға болады. Мұны істеу үшін «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Күнделік жүргізу ұсыныстары» тармағында «Тарихты тазалау» түймесін түртіңіз. «Күнделік жүргізу ұсыныстары» функциясын өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Күнделік жүргізу ұсыныстары» тармағына өтіңіз, содан кейін «Барлығын өшіру» түймесін түртіңіз. Барлық ұсыныстарды өшіру туралы шешіміңіз «Күнделік жүргізу ұсыныстары» функциясын пайдаланатын барлық күнделік жүргізу қолданбасына қолданылады.

Маңайдағы адамдар

«Күнделік жүргізу ұсыныстары» қай ұсыныстардың сіз үшін маңыздырақ немесе сәйкес келетінін анықтау үшін контекстік ақпаратты да пайдалануы мүмкін. «Күнделік жүргізу» функциясы Bluetooth арқылы айналаңыздағы құрылғылар мен контактілердің санын анықтайды, бірақ айналадағы осы нақты контактілердің қайсысы анықталғанын сақтамайды. Бұл ақпарат ұсыныстарыңызды жақсарту және оларға басымдық беру үшін пайдаланылады. Деректер құрылғыда сақталған және Apple компаниясына берілмейді. Ұсыныстарға басымдық беру үшін «Күнделік жүргізу ұсыныстары» функциясына айналаңыздағы құрылғылар мен контактілерді пайдалануға рұқсат бермеуді таңдауға болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Күнделік жүргізу ұсыныстары» тармағына өтіңіз, содан кейін «Басқалармен бөліскен ұсыныстарды таңдау» функциясын өшіру үшін түртіңіз.

Сондай-ақ контактілеріңіз сізді жақын маңдағы контактілерге қосқан-қоспағанын басқаруға болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Күнделік жүргізу ұсыныстары» тармағына өтіңіз, содан кейін «Басқалар таба алады» функциясын өшіру үшін түртіңіз. «Басқалар таба алады» функциясын өшірсеңіз және контактілер санына қосылмауды таңдасаңыз, «Басқалармен бөліскен ұсыныстарды таңдау» функциясы да өшіріледі және «Күнделік жүргізу ұсыныстары» функциясы ұсыныстарыңызды жақсарту немесе басымдық беру мақсатында айналаңызда қанша құрылғы мен контакт бар екенін анықтамайды.

Күнделік жүргізу ұсыныстарын «Күнделік» қолданбасымен және үшінші тарап қолданбаларымен бөлісу

Сіз үшін маңызды сәттерді таңдап, оларды қолданбаға қосу арқылы «Күнделік жүргізу ұсыныстары» функциясын пайдаланатын күнделік жүргізу қолданбаларымен қандай ұсыныстар ортақ екенін басқарасыз. Ұсыныстарыңызды бөліспей тұрып, оларды сіз ғана көре аласыз. «Күнделік жүргізу ұсыныстары» функциясын пайдаланатын қолданбаларды көру үшін «Реттеулер» > «Құпиялылық және Қауіпсіздік» > «Күнделік жүргізу ұсыныстары» > тармағына өтіп, «Жеке қол жеткізуді пайдаланатын қолданбалар» арқылы білуге болады.

Ұсыныстарды «Күнделік» қолданбасымен бөлісуді таңдасаңыз, жазбаларыңызды да басқара аласыз. Телефоныңыз құпиякод көмегімен құлыпталған кезде, «Күнделік» қолданбасындағы жазбаларыңыз шифрланады. Егер әдепкі бойынша екі факторлы аутентификация және құпиякод пайдаланылса, iCloud ішінде сақталған күнделіктің барлық жазбасы өтпелі шифрлаумен қорғалады, сондықтан оларды тіпті Apple компаниясы оқи алмайды. Сондай-ақ қосымша аутентификацияны қосуға және күнделік қолданбасын құрылғының құпиякоды, Face ID немесе Touch ID арқылы құлыптауға болады.

Хабарландырулар

«Күнделік жүргізу ұсыныстары» хабарландыруларын қоссаңыз, бұл функция өмірлік сәттер мен ерекше оқиғалар жөнінде жазуға кеңес беруі мүмкін. «Күнделік жүргізу ұсыныстары» хабарландыруларын өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Күнделік жүргізу ұсыныстары» > «Ұсыныс туралы хабарландыру реттеулері» тармағына өтіп, оларды өшіру үшін түртіңіз.

Apple жинаған ақпарат әрқашан Apple құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy) сәйкес өңделеді

2024 жылғы 5 наурызы