Wallet қолданбасындағы жеке куәліктер және құпиялылық

Жеке куәлікті қосқанда жіберген жеке басты растау ақпараты мен қосымша растау ақпаратын Apple және мемлекеттік уәкілетті орган алаяқтықтың алдын алу мақсатында пайдаланады.
 

Wallet қолданбасындағы куәлік карталары — жүргізуші куәлігін немесе жеке куәлікті көрсетудің ең оңай, жылдам әрі қауіпсіз жолы.

Privacy Icon

  • Apple компаниясы және мемлекеттік уәкілетті орган сіз жүргізуші куәлігіңізді немесе жеке куәлігіңізді қашан және кімге көрсеткеніңізді білмейді.
  • Apple компаниясы куәлігіңіздің кескіндерін көрмейді және сақтамайды. Apple компаниясы Wallet қолданбасында жүргізуші куәлігіңізді немесе жеке куәлігіңізді баптау және көрсету кезінде алаяқтықтың алдын алу мақсатында жүргізуші куәлігіңіздегі немесе жеке куәлігіңіздегі белгілі бір ақпаратты ғана пайдаланады.
  • Куәлігіңізді көрсеткен кезде, құрылғыңыз нақты сұралған ақпаратты тек сіз растағаннан кейін ғана көрсетеді.
  • Жүргізуші куәлігіңізді немесе жеке куәлігіңізді қосқан кезде, Apple компаниясы және мемлекеттік уәкілетті орган жеке басыңызды растау және алаяқтықтың алдын алу үшін жеке басты растау ақпараты мен Apple ID аккаунтыңыз туралы ақпаратты, сондай-ақ құрылғыны пайдалану үлгілері мен реттеулері туралы ақпаратты пайдаланады.
  • Apple компаниясы осы функция шеңберінде алаяқтықтың алдын алу үшін куәлікті қосқан кезде жіберілетін қосымша растау ақпаратын (мысалы, фотоңыз және бет пен бас қозғалыстарының жазбалары) пайдаланады және бұл ақпаратты мемлекеттік уәкілетті орган Wallet қолданбасына қосқан жүргізуші куәлігін немесе жеке куәлікті растағанға немесе қабылдағанға дейін сақтайды.

Wallet қолданбасындағы куәлік карталары — жүргізуші куәлігін немесе жеке куәлікті көрсетудің ең оңай, жылдам әрі қауіпсіз жолы.

Куәлік картасын қосу

Куәлік картасын қосу үшін жүргізуші куәлігіңіздің немесе жеке куәлігіңіздің алдыңғы және артқы жағын суретке түсіру қажет болады. Куәлік кескіндерінің мемлекеттік уәкілетті орган тарапынан қабылдануын қамтамасыз ету үшін, құрылғыңыз кескіндердің сапасы мен түрін тексереді. Куәлік картасының кескіндері құрылғыда шифрланып, мемлекеттік уәкілетті органға жіберіледі, ал ол өз кезегінде бұл кескіндерді жеке басыңызды анықтайтын үшінші тарап ұйымымен бөлісуі мүмкін. Apple компаниясы куәлік картаңыздың кескіндерін көрмейді және сақтамайды. Жеке басыңызды растау және алаяқтықтың алдын алу үшін құрылғыңыз куәлік картаңыздағы штрихкодты оқып, атыңызды, мекенжайыңызды және туған күніңізді Apple компаниясына жібереді. Apple компаниясы функция жұмысын қамтамасыз ету және негізгі Apple платформаларында алаяқтықтың алдын алу мақсатында жеке басты растау нәтижесі (мысалы, жеке бастың сәтті түрде расталғаны) туралы ақпаратты сақтауы мүмкін, бірақ негізгі жеке басты растау ақпаратын (мысалы, штрихкод арқылы алынған туған күн) сақтамайды.

Wallet қолданбасына куәлік картаңызды сіз қосып жатқаныңызға көз жеткізу үшін, қолданба өзіңізді суретке түсіруді сұрайды. Куәліктің алдыңғы және артқы жағының кескіндеріндегідей, фотоңыздың мемлекеттік уәкілетті орган тарапынан қабылдануын қамтамасыз ету үшін, құрылғыңыз фотоңыздың сапасын тексереді. Фотоңыз құрылғыда шифрланып, куәлігіңіздің мемлекеттік уәкілетті органда сақталған кескінімен салыстыру үшін аталған органға жіберіледі. Мемлекеттік уәкілетті орган бұл фотоны өзінің құпиялылық саясатына сәйкес өңдейді. Бұл саясат бетті тану технологиясын пайдалануға рұқсат беруі мүмкін. Apple компаниясы фотоңызды сақтамайды. Алаяқтықтың алдын алу үшін, фотоңызды мемлекеттік уәкілетті органға жібермес бұрын сізден бірқатар бет және бас қозғалыстарын жасау сұралады. Құрылғыңыз және Apple компаниясы шын адамның фотосы жіберіліп жатқанына және фотоны Wallet қолданбасына жүргізуші куәлігін немесе жеке куәлігін қосайын деп жатқан адамның өзі жіберіп жатқанына көз жеткізу үшін осы қозғалыстарды тексереді. Қозғалыстар туралы ақпарат (бірақ қозғалыс жазбаларының немесе видеосының өзі емес) сізбен байланыстырылып, куәлікті қосу процесі барысында сақталады.

Алаяқтықтың алдын алу үшін Apple компаниясына Apple аккаунтыңыз туралы ақпарат, құрылғыны пайдалану үлгілері және реттеулері, фото және бет пен бас қозғалыстары туралы ақпарат жіберіледі. Алаяқтықтың алдын алу үшін Apple компаниясы осы ақпарат негізінде анықталған алаяқтық белгілерін мемлекеттік уәкілетті органға жібереді. Жүргізуші куәлігін немесе жеке куәлікті Wallet қолданбасына қосу туралы шешімді Apple компаниясы емес, мемлекеттік уәкілетті орган қабылдайды. Кейбір жағдайда мемлекеттік уәкілетті орган қосымша ақпаратты сұрауы немесе сізді шақыруы мүмкін. Apple компаниясы мемлекеттік уәкілетті органның қосымша растау ақпаратын сұрағаны және растау түрі (мысалы, сізді шақыру арқылы) туралы ақпаратты алуы мүмкін. Apple компаниясы функцияны басқару және жақсарту мақсатында бұл ақпаратты мемлекеттік уәкілетті орган куәлігіңізді Wallet қолданбасына қосу не қоспау керектігі туралы шешімді қабылдағанға дейін сізбен байланыстырылған күйде сақтайды. Кейбір жағдайда мемлекеттік уәкілетті орган қосымша ақпаратты зерттегеннен кейін тексеру кодын беруі мүмкін. Бұл код құрылғыда шифрланып, мемлекеттік уәкілетті органға жіберіледі. Apple компаниясы тексеру кодын көрмейді және сақтамайды. Apple компаниясы құрылғыңызға жаңартуларды жібере алуы және Wallet қолданбасында жүргізуші куәлігіңізді немесе жеке куәлігіңізді басқаруға көмектесе алуы үшін, мемлекеттік уәкілетті орган Apple компаниясына рұқсат күйі (мысалы, «қаралуда» немесе «қабылданды») туралы ақпаратты қамтамасыз етуі мүмкін.

Мемлекеттік уәкілетті орган жүргізуші куәлігін немесе жеке куәлікті Wallet қолданбасына қосуға рұқсат берген соң, куәлікте берілген ақпарат шифрланған күйде сақталады және оның шифрын тек құрылғыдағы Secure Enclave жүйесінің көмегімен ашуға болады. Бұл ақпаратты кез келген уақытта қарауға болады. Ол үшін Wallet қолданбасына өтіп, куәлік картасының артқы жағын қараңыз, ол жерде «Жүргізуші куәлігі туралы ақпарат» немесе «Жеке куәлік туралы ақпарат» опциясын түртіңіз де, мәліметтерді қарау үшін аутентификациядан өтіңіз. Apple компаниясы бұл ақпаратты көре алмайды. Secure Enclave жүйесі туралы толығырақ ақпарат алу үшін мына веб-сайтты қараңыз: support.apple.com/guide/security/secure-enclave-sec59b0b31ff/web.

Куәлік картаңызды заңсыз қол жеткізу немесе көрсетуден қорғау үшін оны Face ID арқылы тіркелген бет-әлпетпен немесе Touch ID үшін пайдаланылатын биометриялық идентификатормен байланыстыру ұсынылады. Куәлікті немесе куәліктегі ақпаратты көрсету үшін белгілі бір әдістің және баптау кезінде куәлігіңізбен байланыстырылған биометриялық идентификатордың көмегімен аутентификациядан өту қажет болады. Құрылғы реттеулеріне байланысты басқа да аутентификация әдістері қолжетімді болуы мүмкін. Аутентификация әдісі Apple компаниясында емес, құрылғыңызда сақталады. Егер аутентификацияны Touch ID арқылы өтсеңіз, байланыстырылған саусақ ізін кез келген уақытта өзгертуге болады. Ол үшін Wallet қолданбасына өтіп, куәлік картасының артын қараңыз, ол жерде «Саусақ ізін ауыстыру» опциясын түртіңіз. Егер аутентификацияны Face ID көмегімен өтсеңіз және оны өзгерткіңіз келсе, куәлік картаңызды Wallet қолданбасынан жойып, оны жаңа бет-әлпетпен кіру арқылы қайта қосу қажет.

Куәлік картасын көрсету

Куәлік картаңызды өз бетіңізше көрсету үшін iPhone немесе Apple Watch құрылғыңызды оқу құралына жақындатыңыз. Куәлікті кім сұрағаны және куәлік картасындағы нақты қандай ақпараттың сұралғаны жайлы ақпаратты көресіз. Авторизациядан кейін құрылғыңыз оқу құралымен өтпелі шифрлаумен қорғалған тікелей байланыс арнасын орнатып, рұқсат етілген ақпаратты тасымалдайды.

Өз өнімдеріне немесе сервистеріне қол жеткізу үшін пайдаланушы жасын немесе жеке басын растауды талап ететін қолданбалар сізге сұратылатын нақты ақпаратты және сол ақпаратты сұрау жіберілетін қолданбада сақтау мерзімдерін қамтитын келісім парағын ұсынады. Авторизациядан кейін, жіберуге болатын ақпаратты қамтитын шифрланған пайдалы жүктеме құрылғыдан қолданбаға жіберіледі. Бұл шифрланған пайдалы жүктеме жеке куәлігіңіз үшін мемлекеттік орган берген бірегей цифрлық қолтаңбаны қамтиды. Бұл қолтаңба қолданбаға жеке куәлігіңіздің жарамдылығын тексеруге мүмкіндік береді.

Куәлік картаңызды бұрын көрсеткен кездерді, оның ішінде қашан, қайда және кімге көрсеткеніңізді, сондай-ақ қандай ақпаратты көрсеткеніңізді қарай аласыз. Ол үшін Wallet қолданбасында куәлік картаңызды түртіңіз. Бұл ақпарат құрылғыңыздан алынады. Куәлік картаңызды қашан, қайда және кімге көрсеткеніңізді Apple компаниясы да, мемлекеттік уәкілетті орган да білмейді және қадағаламайды.

Куәлік картасын басқару

Куәлік картасын кез келген уақытта басқаруға болады. Ол үшін Wallet қолданбасында жеке куәлікті немесе жүргізуші куәлігін түртіңіз. Құпиялылықты қорғау және куәлік картасындағы ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында куәлік мәліметтерін қарамас бұрын, аутентификациядан өту сұралады. Куәлік картасындағы ақпаратты жаңарту немесе өзгерту үшін мемлекеттік уәкілетті органға хабарласу қажет. Wallet қолданбасындағы жүргізуші куәлігіңізді немесе жеке куәлігіңізді басқаруға көмектесу үшін, мемлекеттік уәкілетті орган Apple компаниясына жүргізуші куәлігіңіздің немесе жеке куәлігіңіздің әлі жарамды екені туралы мерзімді түрде хабарлап отырады. Сондай-ақ Apple компаниясы мемлекеттік уәкілетті органнан куәлік картаңыздағы кез келген жаңартулар, мысалы, мекенжайыңыздың немесе куәлік карта күйінің өзгергені (мысалы, «белсенді» күйден «белсенді емес» күйге) туралы ақпаратты алып отырады. Apple компаниясы жаңарту туралы мәліметтерді (мысалы, нақты жаңартылған мекенжай) алмайды. Apple компаниясы куәлік картаңыздағы жаңартулар (мысалы, куәлік картасы күйінің өзгергені) туралы ақпаратты куәлік картасы Wallet қолданбасынан жойылмайынша сақтайды. Бұл ақпарат тек алаяқтықтың алдын алу және қауіпсіздік мақсаттарында пайдаланылады.

Куәлік картасын Wallet қолданбасынан кез келген уақытта жоюға болады. Ол үшін Wallet қолданбасында куәлік картасының артқы жағына өтіп, «Осы жүргізуші куәлігін жою» немесе «Осы жеке куәлікті жою» опциясын түртіңіз. Куәлік картасын жойған жағдайда құрылғыдан оны көрсету тарихы да жойылады.

Куәлік карталарын жақсарту

Apple компаниясына осы ақпаратты пайдалануға рұқсат берсеңіз, Apple жасыңыз, жынысыңыз, нәсілдік/этникалық шығу тегіңіз (қолжетімді болса) және теріңіздің түсі туралы мәліметтерді жүргізуші куәлігіңізден немесе жеке куәлігіңізден, сондай-ақ мемлекеттік уәкілетті органның сізге Wallet үшін жеке куәлік беру туралы шешімінен анонимді түрде жинайды. Apple компаниясы бұл ақпаратты жеке басты растау процесінде біржақтылықты бақылау үшін пайдаланады. Бұл ақпаратты iOS құрылғысында қарап шығу немесе келісіміңізді өзгерту үшін «Реттеулер» > «Құпиялылық» > «Аналитика және жақсартулар» тармағына өтіңіз.

Apple компаниясы Wallet қолданбасындағы жүргізуші куәліктерінің немесе жеке куәліктердің функцияларын жақсарту үшін куәлік картасының өзінде көрсетілген кез келген басқа ақпаратты (мысалы, атыңызды немесе туған күніңізді) пайдаланбайды. Функцияны және басқа да Apple өнімдері мен сервистерін жақсарту мақсатында куәлік картасындағы сізбен тікелей байланысты емес деректер сақталуы мүмкін. Мысалы, Wallet қолданбасының жұмысын жақсарту үшін Apple компаниясы қолданбаға куәлік картасын қосу процесінің қай кезеңінде пайдаланушылар қиындықтарға тап болатыны туралы анонимді және жалпыланған ақпаратты сақтауы мүмкін. Сондай-ақ Wallet қолданбасындағы куәлік карталарының функцияларын жақсарту үшін Apple компаниясы осы функцияға қатысты сізден жинаған немесе мемлекеттік уәкілетті органнан алған ақпаратты анонимді етуі мүмкін. Мысалы, Apple компаниясы Wallet қолданбасына куәлік картасын қосу кезінде жіберілген кескіндердің сапасы туралы және мемлекеттік уәкілетті органның бұл кескіндерді қабылдағаны не қабылдамағаны туралы ақпаратты алады. Apple компаниясы бұл ақпаратты, мысалы, құрылғының жіберілетін кескіндерді бағалау сапасын жақсарту немесе пайдаланушыларға мемлекеттік уәкілетті орган қандай кескіндерді қабылдайтыны туралы нақтырақ нұсқауларды ұсыну мақсатында анонимді етуі және пайдалануы мүмкін.

Басқа

Apple компаниясы ақпаратты өзінің сервис провайдерлерімен бөлісуге құқылы, ал олар өз кезегінде бұл ақпаратты осы құжатқа және Apple нұсқауларына сәйкес өңдеуге, алынған жеке деректерді қорғау мақсатында тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауға, сондай-ақ заңнама жеке ақпаратты сақтауды талап етпесе немесе сіз оны сақтауға келісім бермесеңіз, сервис провайдерлері қызметті көрсетіп болған соң бұл жеке деректерді жоюға міндетті.
Apple жеке деректерді жинау мақсаттарын орындау үшін қажет болғанша, соның ішінде осы хабарламада сипатталғандай және Apple құпиялылық саясатына сәйкес немесе заң талап еткендей ғана сақтайды. Сақтау мерзімдерін бағалау кезінде алдымен жиналған жеке деректерді сақтау қажет пе, жоқ па, соны мұқият тексереміз және сақтау қажет болса, жеке деректерді заңмен рұқсат етілген ең қысқа мерзім ішінде сақтау үшін жұмыс істейміз.

Apple жинаған ақпарат әрқашан Apple құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy) сәйкес өңделеді

2022 жылғы 12 желтоқсан