iCloud кілттер жинағы және құпиялылық

«iCloud кілттер жинағы» функциясы ақпаратыңызды қорғайтындай және бөлісу қажет объектілерді таңдауға мүмкіндік беретіндей етіп жасалған.

iCloud кілттер жинағы сіз iCloud сервисіне сақтаған веб-сайттардағы пайдаланушы аттарын, құпиясөздерді, несиелік карта нөмірлерін және жарамдылық мерзімдерін сақтайды және оларды сіз мақұлдаған барлық iOS 7 немесе одан кейінгі құрылғыларда, сондай-ақ OS X Mavericks (10.9) немесе одан кейінгі нұсқасы бар Mac құрылғыларында жаңартып отырады.

Егер iCloud кілттер жинағын қоссаңыз, пайдаланушы атыңызды, құпиясөзді немесе несиелік карта туралы ақпаратты енгізген кезде, Safari браузеріндегі «Авто толтыру» функциясы бұл деректерді сақтауды ұсынады. Сақталған пайдаланушы аты, құпиясөз немесе несиелік карта туралы ақпарат автоматты түрде толтырылатын болады, осылайша оларды қайта енгізіп отыру қажет емес. Safari браузеріндегі «Авто толтыру» функциясы мен iCloud кілттер жинағы несиелік картаңыздың қауіпсіздік кодын сақтамайды. Мысалы, Safari браузерінде қандай да бір сатып алу операциясын орындаған кезде, пайдаланғыңыз келетін несиелік картаны таңдаңыз, сонда Safari несиелік карта нөмірі мен жарамдылық мерзімін автоматты түрде толтырады. Сатып алу әрекетін аяқтау үшін қауіпсіздік кодын енгізсеңіз жеткілікті. Сондай-ақ Safari браузеріндегі құпиясөз генераторы онлайн аккаунттар үшін бірегей әрі күрделі құпиясөздерді ұсына алады. Бұл құпиясөздерді сақтау үшін iCloud кілттер жинағы пайдаланылады. Егер құрылғыңызды сақтық көшірмеден қалпына келтірсеңіз, iCloud кілттер жинағы сақталған аккаунттарға автоматты түрде кіре алады. iCloud кілттер жинағын баптау туралы толығырақ ақпарат алу үшін мына веб-сайтты қараңыз: support.apple.com/kb/HT204085.

iCloud кілттер жинағы құрылғыларға тасымалдау және iCloud сервисіне сақтау кезінде шифрланған күйде болады және оны Apple компаниясы оқи алмайды.

2022 жылғы 12 қыркүйек