«Денсаулық» қолданбасы және құпиялылық

«Денсаулық» қолданбасы жеке ақпаратыңызды қорғайтындай және бөлісу қажет объектілерді таңдауға мүмкіндік беретіндей етіп жасалған.

«Денсаулық» қолданбасы iPhone, iPad, Apple Watch және басқа да құрылғылардағы деректерді, сондай-ақ сіз пайдаланатын денсаулық жағдайы туралы жазбалар мен қолданбалардағы деректерді жинай алады, осылайша денсаулығыңыз туралы ақпаратты бір ғана қолданбадан қарай аласыз. «Денсаулық» қолданбасында қандай деректердің сақталатынын және үшінші тараптық қолданбалармен және сенімді адамдармен қандай деректердің бөлісілетінін басқара аласыз.

«Денсаулық» қолданбасының қандай функцияларын пайдалану керектігін (мысалы, «Денсаулық жағдайы», «Циклді қадағалау», «Дәрі-дәрмектер», «Психикалық денсаулық» және «Ұйқы») таңдауға болады. iOS және watchOS жүйелерінің кейбір функциялары (мысалы, «Жүрек соғу жиілігі» және «Шу туралы хабарландырулар») әдепкі бойынша қосылуы мүмкін. «Денсаулық» қолданбасында қолжетімді функцияларды кез келген уақытта қосуға немесе өшіруге болады. Ол үшін «Шолу» немесе «Профиль» қойындысын түртіңіз, содан кейін қосқыңыз немесе өшіргіңіз келетін денсаулық санатын түртіңіз. «Денсаулық» қолданбасындағы кейбір функциялардың қолжетімділігін анықтау үшін сіз орналасқан аймақ туралы деректер пайдаланылуы мүмкін.

Құрылғыңыз құпиякод, Touch ID немесе Face ID көмегімен құлыпталған кезде, «Денсаулық» қолданбасындағы денсаулық және фитнес туралы барлық деректер (медициналық картаны қоспағанда) шифрланады және әдепкі бойынша қолжетімді болмайды. Оған қоса, iOS 12 немесе одан кейінгі нұсқаны пайдалансаңыз және екі факторлы аутентификацияны қосқан болсаңыз, Apple компаниясы iCloud сервисімен синхрондалған денсаулық және белсенділік деректерін оқи алмайтын болады.

Барлық құрылғыңызда деректерді синхрондап отыру үшін iCloud сервисін пайдалануға, iTunes көмегімен компьютерде деректердің шифрланған сақтық көшірмесін жасауға немесе деректерді бөлісуге болады. Сондай-ақ «Денсаулық» қолданбасы құрылғыңызда қолжетімді деректер көшірмесін экспорттауға мүмкіндік береді. Ол үшін жоғарғы оң жақ бұрыштағы профиль суретін түртіңіз, содан кейін «Барлық медициналық деректі экспорттау» түймесін түртіңіз.

iCloud сервисінде сақтық көшірме жасау және синхрондау

iCloud сервисінде медициналық деректердің сақтық көшірмесін жасауға болады. Бұл деректер тасымалдау және сақтау кезінде шифрланады. Сондай-ақ iCloud сервисінде синхрондау арқылы медициналық деректерді барлық құрылғыңызда жаңартып отыруға болады. Оған қоса, iCloud сервисі арқылы синхрондау «Денсаулық» қолданбасындағы бөлісу функцияларын (мысалы, «Денсаулық» қолданбасының деректерін сенімді үшінші тараптық қолданбалармен бөлісу) пайдалануға мүмкіндік береді. Егер iCloud сервисін қосқан болсаңыз, «Денсаулық» қолданбасындағы деректердің сақтық көшірмесі әдепкі бойынша жасалады. iCloud сервисінде сақтық көшірме жасау опциясын кез келген уақытта өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «[атыңыз]» > «iCloud» тармағына өтіп, «Денсаулық» параметрін өшіріңіз.

Бөлісу

«Денсаулық» қолданбасындағы деректерді үшінші тараптық қолданбалармен бөлісу
«Денсаулық» қолданбасындағы деректерді сенімді үшінші тараптық қолданбалармен бөлісуге болады. «Денсаулық» қолданбасындағы деректерді оқуға немесе оған деректерді жазуға рұқсат алу үшін қолданбалар сұрау жіберуі тиіс. Барлық үшінші тараптық қолданба тарапынан «Денсаулық» қолданбасының деректеріне қол жеткізу сұрауы не мақсатта жіберіліп жатқандығы түсіндірілуі қажет. Сондай-ақ әрбір қолданбаның медициналық деректерді қалай пайдаланатыны сипатталатын құпиялылық саясаты болуы қажет. Мүндай саясаттарды қолданбаларға медициналық деректеріңізге қол жеткізуге рұқсат бермес бұрын оқып шығуыңыз қажет. Үшінші тараптық қолданбалармен қандай деректердің бөлісілетінін басқаруға және бұл рұқсаттарды кез келген уақытта өзгертуге болады. «Денсаулық» қолданбасындағы деректерге қол жеткізу рұқсатын қандай үшінші тараптық қолданбаларға бергеніңізді кез келген уақытта қарауға болады. Сондай-ақ бұл қолданбалармен қандай деректерді бөлісетініңізді және олардан қандай деректерді алатыныңызды басқаруға болады. Кейбір «Денсаулық» қолданбасы деректерінің түрлері үшінші тараптарға қолжетімсіз болуы мүмкін. Үшінші тараптық қолданбалармен деректерді бөлісу және олардан деректерді алу туралы толығырақ ақпарат алу үшін мына веб-сайтты қараңыз: support.apple.com/kb/HT204351.

«Денсаулық» қолданбасындағы деректерді отбасымен және достармен бөлісу
«Денсаулық» қолданбасындағы деректерді сенімді адамдарыңызбен де бөлісуге болады. «Денсаулық» қолданбасындағы белгілі бір деректерді контактілеріңіздегі «Денсаулық» қолданбасын пайдаланатын басқа адамдармен, мысалы, отбасыңызбен және достарыңызбен бөлісуге болады.

«Денсаулық» қолданбасының басқа пайдаланушыларымен қандай деректердің бөлісілетінін сіз басқарасыз. Медициналық деректеріңіз бөлісілетін адам шақыруыңызды қабылдаған соң, бұл пайдаланушы сіз бөлісуді тоқтатпайыңызша «Денсаулық» қолданбасында бөлісілген деректердің жинақтамасын, оның ішінде алдыңғы медициналық деректеріңіздің және сіз бөліскен деректерге қатысты болашақтағы жаңартулардың ішкі жиынтығын қарай алатын болады. Сондай-ақ сіз деректерді бөлісетін адам осы деректерге қатысты ескертулерді, трендтер туралы есептерді және басқа да жаңартуларды ала алады. Apple компаниясы сіз «Денсаулық» қолданбасының басқа пайдаланушыларымен бөліскен деректерге қол жеткізе және қарай алмайды.

«Денсаулық» қолданбасының басқа пайдаланушысымен бөлісетін медициналық деректердің санаттарын кез келген уақытта қарауға болады. «Денсаулық» қолданбасында «Бөлісу» қойындысын түртіңіз, содан кейін деректерді бөліскіңіз келетін адамның атын түртіңіз. Осы адаммен бөлісілетін денсаулық туралы тақырыптарды қосуға немесе жоюға, сондай-ақ ағымдағы бөлісілетін деректерді алдын ала қарауға болады.

«Денсаулық» қолданбасындағы деректерді бөлісу әрекетін кез келген уақытта тоқтатуға болады. Ол үшін «Денсаулық» қолданбасын ашып, «Бөлісу» қойындысын түртіңіз, содан кейін бөлісуді тоқтатқыңыз келетін адамның атын және «Бөлісу әрекетін тоқтату» түймесін түртіңіз. Егер бөлісуді тоқтатсаңыз, басқа пайдаланушының құрылғысындағы «Денсаулық» қолданбасынан сіз бұрын бөліскен деректер жойылады.

«Денсаулық» қолданбасындағы деректерді медициналық қызмет жеткізушілерімен бөлісу
iPhone немесе iPad құрылғысындағы «Денсаулық» қолданбасының белгілі бір санаттағы деректерін (мысалы, белсенділік деректері, жүрек соғу жиілігі туралы деректер және талдау нәтижелері) осы қолданбаны пайдаланатын медициналық ұйыммен бөлісуге болады. Деректерді бөлісу үшін медициналық ұйым жүйесіне аккаунтыңыздың кіру деректерімен кіріңіз. Apple компаниясы және құрылғыңыз аккаунтқа кіру деректерін сақтамайды және оларға қол жеткізе алмайды. Медициналық ұйыммен қандай деректердің бөлісілетінін басқаруға және бұл рұқсаттарды кез келген уақытта өзгертуге болады. Сондай-ақ «Денсаулық» қолданбасындағы деректерді қандай медициналық ұйымдармен бөлісетініңізді кез келген уақытта қарауға болады. Медициналық ұйыммен бөлісетін медициналық деректерді қарау және басқару үшін «Денсаулық» қолданбасын ашып, «Бөлісу» қойындысын түртіңіз, содан кейін басқару қажет медициналық ұйымды түртіңіз. Сіздің амбулаториялық картаңызға қол жеткізе алатын медициналық қызмет жеткізушісі осы медициналық ұйыммен бөлісілетін медициналық деректерге қол жеткізе алады.

«Денсаулық» қолданбасындағы сіз бөлісетін кез келген деректер шифрланады және Apple компаниясы оларды арнайы серверде сақтайды. Бұл Apple компаниясына осы деректерді сіз таңдаған медициналық ұйымдармен қауіпсіз бөлісуге мүмкіндік береді. Деректер iPhone және iPad құрылғыларының құлпы ашылған және интернетке қосулы болғанда ғана жіберіледі. Apple компаниясы өзінің серверлерінде сақталған және медициналық ұйыммен бөлісілетін деректерге арналған шифрлау кілттерін сақтай алмайды және оларға қол жеткізе алмайды, сол себепті бұл деректердің шифрын аша алмайды, деректерді қарай алмайды және оларға басқа жолмен қол жеткізе алмайды. Apple компаниясы «Денсаулық» қолданбасының медициналық ұйыммен бөлісу үшін таңдалған деректерін сізге осы бөлісу функциясын пайдалануға мүмкіндік беру үшін қажет мерзім ішінде ғана сақтайды және бұл деректерді тек осы мүмкіндікті беру үшін ғана өңдейді. Осы функция шеңберінде бөлісілетін кез келген медициналық деректер тасымалдау және Apple серверлерінде сақтау кезінде шифрланады. Осы функцияны пайдаланған кезде, Apple компаниясында сақталатын және медициналық ұйыммен бөлісілетін барлық деректер «Медициналық сақтандырудың тасымалдануы және есептілігі туралы» 1996 жылғы АҚШ заңында (HIPAA) белгіленген құпиялылық және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес қауіпсіз жүйеде сақталады.

Медициналық қызмет жеткізушісі деректеріңіздің қолжетімділігі туралы хабарландыруларды алмайтын болады және сіз бөліскен деректерді көрмеуі мүмкін. Бөлісуге рұқсат берген соң, «Денсаулық» қолданбасына медициналық ұйымдағы денсаулық жағдайы туралы жазбалар да жүктеп алынып, сақталады. Медициналық қызмет жеткізушісі сіз бөлісуге рұқсат берген ақпаратты медициналық картаңызға қосуы және бұл ақпаратты денсаулығыңызға қатысты тәуелсіз баға беру үшін пайдалануы мүмкін. Медициналық ұйыммен бөлісілетін кез келген деректер медициналық ұйымның құпия ақпаратты пайдалану тәртібі туралы ескертпелеріне және құпиялылық және қауіпсіздік саясаттары мен процедураларына сәйкес өңделеді.

«Денсаулық» қолданбасындағы деректерді бөлісу әрекетін кез келген уақытта тоқтатуға болады. Ол үшін «Денсаулық» қолданбасын ашып, «Бөлісу» қойындысын түртіңіз, содан кейін басқару қажет медициналық ұйым атауын және «Бөлісу әрекетін тоқтату» түймесін түртіңіз. Егер деректерді медициналық ұйыммен бөлісу әрекетін тоқтатсаңыз, ол бұдан былай осы функцияның көмегімен деректеріңізге қол жеткізе алмайтын болады. Қол жеткізуге тыйым салғанға дейін медициналық қызмет жеткізушісімен бөлісілген ақпарат медициналық қызмет жеткізушісінің жазбаларында сақталып қалуы мүмкін.

«Денсаулық» қолданбасындағы деректерді медициналық қызмет жеткізушілерімен бөлісуден бөлек, «Денсаулық жағдайы» функциясын «Денсаулық» қолданбасын пайдаланатын медициналық ұйымдардан денсаулық жағдайы туралы клиникалық жазбаларды қауіпсіз жолмен жүктеп алу үшін пайдалануға болады. iPhone құрылғысындағы «Денсаулық жағдайы» функциясы туралы ақпаратты мына веб-сайттан қараңыз: support.apple.com/kb/HT208680.

Дәрі-дәрмектер

«Денсаулық» қолданбасында дәрі-дәрмектерді, дәрумендер мен тағамдық қоспаларды басқаруға және бақылауға болады. «Дәрі-дәрмектер» функциясы арқылы дәрі-дәрмектер тізімін жасауға, арнаулы кестелер мен еске салғыштарды баптауға болады. Кейбір заң құзыреттеріне сәйкес дәрі-дәрмектеріңізге қатысты танымдық ақпаратты қарап, «Дәрі-дәрмектер» функциясына қосылған дәрі-дәрмектермен қауіпті болуы мүмкін өзара әрекеттесулер туралы ескертулер алуға болады. Дәрі-дәрмектерді қосу тәсілдеріне ақпаратты қолмен енгізу және қолжетімді болған кезде «Денсаулық» қолданбасынан іздеу немесе дәрі-дәрмектерді қосу үшін iPhone камерасын пайдалану жатады. Дәрі-дәрмектер функциясының барлық өңдеу процесі құрылғыда орындалады. Сондай-ақ дәрі-дәрмектерді отбасыңызбен, достарыңызбен және медициналық қызмет көрсетушілермен бөлісу үшін «Медициналық деректерді бөлісу» функциясын пайдалануға болады.

Психикалық денсаулық

Ақыл күйіңізді және оған ықпал ететін факторларды тіркеуге және бұл ақпаратты «Психикалық әл-ауқат» санаты арқылы «Денсаулық» қолданбасында уақыт өте келе қадағалауға болады, соның ішінде интерактивті диаграммалардағы «Ақыл күйі» деректерін көру және ақыл күйіңізді тіркеу үшін еске салғыштарды орнату. Сондай-ақ пайдаланушылар жасына сәйкес стандартталған мазасыздық пен күйзелісті клиникаларда жиі қолданылатын бағалаудан өту мүмкіндігіне ие болады. Психикалық денсаулық функцияларына арналған барлық өңдеу құрылғыда орындалады. Ақыл күйі туралы деректерді отбасыңызбен және достарыңызбен бөлісу үшін «Медициналық деректерді бөлісу» функциясын пайдалануға болады. Күйзеліс пен мазасыздықты бағалау деректерін медициналық қызмет көрсетушілермен бөлісу үшін «Күйзеліс қаупі» және «Мазасыздану қаупі» бөлімдеріндегі «Опциялар» опциясына өтіп, «PDF файлын экспорттау» опциясын түртуге болады.

iPhone құрылғысындағы медициналық карта

iPhone құрылғысындағы «Денсаулық» қолданбасында медициналық картаға денсаулығыңыздың жағдайын, аллергияларды, қабылдайтын дәрі-дәрмектерді, профиль фотосын және т.б. туралы жүктеп салу үшін таңдаған ақпаратты қамтитын төтенше жағдайға арналған медициналық картаны жасауға болады. «Құлыптаулы кезде көрсету» функциясының арқасында төтенше сервис қызметкерлері мен басқа да адамдар медициналық картаңызды iPhone құрылғыңыз құлыптаулы болғанда да қарай алады.

Сондай-ақ медициналық картаға төтенше контактілерді қосуға болады. iPhone немесе Apple Watch құрылғыңызда «Төтенше қоңырау — SOS» функциясын пайдаланған кезде, төтенше жағдайда қажетті контактілер ретінде қосылған адамдар автоматты түрде ескерту алады. Сондай-ақ медициналық картадағы ақпараттың төтенше жағдай қызметтеріне автоматты түрде жіберілуіне рұқсат беруге болады. Деректер сіз төтенше жағдай қызметінің жергілікті нөміріне (мысалы, 911) қоңырау шалғанда немесе хабар жібергенде, сондай-ақ iPhone немесе Apple Watch құрылғыңызда «Төтенше қоңырау — SOS» функциясын пайдаланғанда қауіпсіз үшінші тараптық сервис арқылы жіберіледі. Төтенше жағдай қызметінің жергілікті нөміріне қоңырау шалғанда немесе хабар жібергенде, сондай-ақ «Төтенше қоңырау — SOS» функциясын пайдаланғанда, медициналық картаңыздағы ақпарат төтенше жағдай қызметтеріне автоматты түрде жіберілуі үшін «Төтенше қоңырау кезінде бөлісу» параметрін (қолжетімді болса) қосу қажет. Медициналық карта туралы толығырақ ақпаратты мына веб-сайттан қараңыз: support.apple.com/kb/HT207021.

Медициналық картаны iPhone құрылғысындағы «Денсаулық» қолданбасында жасауға немесе жаңартуға болады. Жоғарғы оң жақ бұрыштағы профиль суретін түртіңіз, медициналық картаны түртіңіз, содан кейін «Жұмысты бастау» немесе «Өңдеу» түймесін түртіңіз. Медициналық картада көрсетілетін және құлыптау экранында қолжетімді болатын ақпарат көлемін көрсетуге болады.

Вакцинация туралы жазба

«Денсаулық» қолданбасында тексеруге болатын вакцинация туралы сандық жазбаны (мысалы, COVID-19 індетіне қарсы вакцинация) қауіпсіз түрде жүктеп алуға және сақтауға болады. Вакцинация туралы жазбада атыңыз, туған күніңіз, вакцина түрі және вакцинация жасалған күндер сияқты ақпарат болады. «Денсаулық» қолданбасына вакцинация туралы тексерілетін сандық жазбаны қосуға болады. Ол үшін вакцинаны салдыртқан аймақтағы вакцинация жасайтын ұйымнан вакцинация туралы жазбаны QR коды немесе сандық файл түрінде алу қажет. QR кодын сканерлеген немесе файлды түрткен кезде, жазбаны «Денсаулық» қолданбасында ашу мүмкіндігі ұсынылады. Егер «Денсаулық» қолданбасын пайдаланатын медициналық ұйымда аккаунт ашқан болсаңыз, вакцинация туралы тексеруге болатын сандық жазбаны «Денсаулық жағдайы» функциясының көмегімен «Денсаулық» қолданбасына импорттап, сақтауға да болады.

Вакцинация туралы жазбаны iPhone құрылғысындағы «Денсаулық» қолданбасына қосу үшін QR кодты немесе жүктеп алу сілтемесін пайдаланған кезде, бұл жазбаны Wallet қолданбасына да қосуыңызға болады. Бұл вакцинация туралы жазбаға Wallet қолданбасынан жылдам қол жеткізуге мүмкіндік береді. Вакцинация картасын Wallet қолданбасына қосқан кезде, вакцинация туралы жазбаның көшірмесі вакцинация картасы қосылған iOS құрылғысындағы Wallet қолданбасында сақталады. Wallet қолданбасында сақталған вакцинация картасы барлық құрылғыңызда синхрондалмайды және iCloud сервисінде сақтық көшірмесі жасалмайды. Face ID, Touch ID немесе құпиякод арқылы аутентификациядан өтпесеңіз, вакцинация картасы туралы толық мәліметтер iPhone құрылғысындағы құлыптау экранында көрсетілмейді. Вакцинация картасы туралы мәліметтерді көрсету үшін алдымен аутентификациядан өту қажет. Аутентификациядан кейін вакцинация картасы құрылғы экранында көрсетілген кезде, оны құрылғыңызға қол жеткізу рұқсаты бар кез келген адам қарай алады. Сондықтан құрылғыңызды қорғау үшін қажетті шараларды қабылдаған жөн.

Вакцинация картасын Wallet қолданбасынан кез келген уақытта жоюға болады. Wallet қолданбасынан вакцинация картасын жойған кезде, вакцинация туралы жазбаның «Денсаулық» қолданбасында сақталған көшірмесі жойылмайды. Вакцинация туралы жазбаны «Денсаулық» қолданбасынан кез келген уақытта жоюға болады. Вакцинация картасын «Денсаулық» қолданбасынан жойсаңыз, Wallet қолданбасынан сәйкес вакцинация картасы да жойылады. Тексеруге болатын денсаулық жағдайы туралы жазбалар бойынша толығырақ ақпарат алу үшін мына веб-сайтты қараңыз: support.apple.com/kb/HT212752.

Siri арқылы медициналық деректеріңізге қол жеткізу

Siri көмекшісінен «Денсаулық» қолданбасында медициналық деректерінің белгілі бір түрлерін жазуын немесе «Денсаулық» қолданбасында қолжетімді ақпаратты оқуын сұрауға болады. Siri таныған «Денсаулық» қолданбасының деректер сұрауларының барлық өңдеуі құрылғыда орындалады. Siri көмекшісі сұрауыңызды «Денсаулық» қолданбасының деректер сұрауы ретінде танымаса, сұраудағы кез келген денсаулық туралы ақпарат Siri серверіне жіберіледі. Siri көмекшісінің «Денсаулық» қолданбасына қол жеткізу мүмкіндігін «Реттеулер» > «Денсаулық» > «Деректер және құрылғылар» > «Siri» тармағына өтіп, содан кейін «Медициналық деректерге қол жеткізу» функциясын түртіп өшіру арқылы кез келген уақытта өшіруге болады.

«Денсаулық» қолданбасын жою

Егер «Денсаулық» қолданбасын бұдан былай пайдаланғыңыз келмесе, сол қолданбаны iPhone немесе iPad құрылғыңыздан жоюға болады. Ол үшін басты экранда «Денсаулық» қолданбасын түртіп ұстап тұрыңыз да, «Қолданбаны жою» түймесін түртіңіз. «Денсаулық» қолданбасы iPhone немесе iPad құрылғысында жойылғаннан кейін, медициналық деректеріңіз құрылғыңызда қалады және медициналық деректермен бөлісетін кез келген қолданба немесе «Денсаулық» қолданбасының деректерін алушы сіз бөлісуді таңдаған медициналық деректерге қол жеткізе алады. Сонымен қатар датчикке негізделген белгілі бір «Денсаулық» функцияларының деректері (мысалы, «Жүрек соғу жиілігі» және «Қандағы оттегі» қолданбалары) құрылғыңызда жинала және сақтала береді. «Реттеулер» қолданбасында «Реттеулер» > «Денсаулық» тармағына өтіп, медициналық деректерді басқаруға, оның ішінде медициналық деректерді жоюға және үшінші тарап қолданбалары мен «Денсаулық» қолданбасының деректерін алушыларға берілген рұқсаттарды кері қайтарып алуға болады. Егер ойыңызды өзгертсеңіз, «Денсаулық» қолданбасын кез келген уақытта App Store дүкенінен қайта жүктеп алуға болады.

Деректерді сақтау

«Денсаулық» қолданбасына қандай деректердің қосылатынын және ақпараттың қанша уақыт бойы сақталатынын сіз басқарасыз. Егер iCloud сервисінде медициналық деректердің сақтық көшірмесін жасауды ұйғарсаңыз, «Денсаулық» қолданбасындағы деректер «Денсаулық» қолданбасында және iCloud сервисінде сіз ақпаратты «Денсаулық» қолданбасында сақтау үшін көрсеткен мерзімге сақталады. «Денсаулық» қолданбасындағы деректерді кез келген уақытта қарап шығуға, өңдеуге және жоюға болады. «Денсаулық» қолданбасында денсаулық туралы ақпаратты басқару бойынша толығырақ ақпарат алу үшін мына веб-сайтты қараңыз: support.apple.com/guide/iphone/view-health-and-fitness-information-iphe3d379c32/ios.

Басқа ақпарат

Apple жинаған ақпарат әрқашан Apple құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy) сәйкес өңделеді

Ескертпе: Кейбір функциялар белгілі бір құрылғыларда немесе кейбір аймақта немесе тілде қолжетімді болмауы мүмкін.

2023 жылғы 18 қыркүйек