Game Center және құпиялылық

Ойын ойнау туралы, сонымен қатар сіз ойнаған ойындар және ойындағы белсенділігіңіз туралы ақпарат Game Center сервисін жақсарту үшін пайдаланылады. Лақап атыңыз, аватарыңыз, Arcade жазылымыңыздың күйі, ұпайларыңыз және бөлісу опциясы таңдалған басқа да белсенділік туралы ақпаратыңыз Game Center пайдаланушыларына көрінеді.
 

Game Center сервисі жеке ақпаратыңызды қорғайтындай және бөлісу қажет объектілерді таңдауға мүмкіндік беретіндей етіп жасалған.

Privacy Icon

  • Game Center сервисі нәтижелер кестесіне қосылу, көп ойыншыға арналған ойындарға қатысу, жетістіктерді қадағалау, сондай-ақ достарды іздеу, олар туралы ақпаратты қарау және оларды ойынға шақыру сияқты ойынға қатысты әрекеттерді орындауға мүмкіндік береді.
  • Game Center сервисіне кіріп, Game Center қосылған ойындарды ойнаған кезде, Apple компаниясы сіз қандай ойындарды ойнағаныңыз ойын белсенділігіңіз туралы ақпаратты жинайды. Бұл ақпарат жоғары ұпайларды, жетістіктерді және жарысуға шақыруларды қадағалап, Game Center сервисін сізге және басқа да пайдаланушыларға арнап жақсарту үшін пайдаланылады.
  • Сондай-ақ Apple компаниясы Game Center сервисіндегі достарыңыздың және сізбен ойнайтын ойыншылардың тізімін, сонымен қатар олармен қашан ойнағаныңыз туралы ақпаратты жинайды. Бұл ақпарат көп ойыншыға арналған ойындарға қайта қосылуды жеңілдету, басқа пайдаланушылардың жоғары ұпайларын жылдам қарап шығу, сондай-ақ Game Center сервисін сізге және басқа да пайдаланушыларға арнап жақсарту үшін пайдаланылады.
  • Game Center сервисіндегі лақап атыңыз, аватарыңыз, ұпайларыңыз және Arcade сервисіндегі жазылымыңыздың күйі барлық Game Center пайдаланушысына көрінеді. Сондай-ақ Game Center сервисіндегі достарыңызбен немесе Game Center сервисіндегі барлық пайдаланушымен Game Center сервисіндегі белсенділігіңіз туралы басқа ақпаратты, мысалы, сіз ойнаған ойындар және жетістіктеріңіз туралы ақпаратты бөлісуге болады. Бұл ақпарат сіз Game Center сервисінде және басқа да Apple сервистерінде (мысалы, App Store және Apple Arcade) бөлісетін пайдаланушыларға көрінетін болады. Game Center сервисіндегі достарыңыз сіздің атыңызды да көре алады.
  • Apple компаниясы сізге достар ұсыну үшін өзінің Game Center лақап атын контакт картасымен байланыстырған контактілеріңіз туралы жеке басты анықтамайтын ақпаратты пайдаланады, бірақ бұл ақпаратты сақтамайды. Сонымен қатар осы ұсыныстарымыз бойынша көмек беру үшін Game Center құрылғыдағы өңдеуді пайдаланады.

Жеке деректердің құпиялылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету Apple компаниясының барлық қызметкері үшін басымдық болып табылады. Біз ұсынатын сервистерді жақсарту үшін тек қажетті деректерді жинауға бар күшімізді саламыз. Саналы шешім қабылдауыңыз үшін, деректерді жинаған кезде оларды жинау туралы, сондай-ақ жинау себебі туралы хабардар етеміз. Game Center сервисі басқа да Apple өнімдері мен сервистері сияқты осы қағидаларға негізделіп жасалған.

Game Center сервисін ұсыну және жақсарту

Game Center сервисіне кіргеннен кейін нәтижелер кестесіне қосылу, көп ойыншыға арналған ойындарға қатысу, жетістіктерді қадағалау, сондай-ақ достарды іздеу, олар туралы ақпаратты қарау және оларды ойынға шақыру сияқты ойынға қатысты әрекеттерді орындауға мүмкіндік аласыз. Apple компаниясы өзіңіз бен басқалар үшін Game Center сервисін жақсарту және оңтайландыру үшін Game Center сервисінің қолданысы туралы ақпаратты, соның ішінде сіз қандай ойындарды ойнағаныңыз және қашан ойнағаныңыз туралы ақпаратты; ұпайларыңыз бен жетістіктеріңіз туралы ақпаратты; және сіз жіберген және қабылдаған жарысуға шақырулар туралы ақпаратты жинайды.

Сондай-ақ Apple компаниясы Game Center сервисіндегі достарыңыздың және сізбен ойнайтын ойыншылардың тізімін, сонымен қатар олармен қашан ойнағаныңыз туралы ақпаратты жинайды. Бұл ақпарат көп ойыншыға арналған ойындарға қайта қосылуды жеңілдету, басқа пайдаланушылардың жоғары ұпайларын жылдам қарап шығу, сондай-ақ Game Center сервисін сізге және басқа да пайдаланушыларға арнап жақсарту үшін пайдаланылады.

Apple компаниясы өзіңіз бен басқалар үшін Game Center сервисін жақсарту және оңтайландыру үшін Game Center функцияларымен өзара әрекеттесуіңіз туралы ақпаратты жинайды. Бұл ақпарат Apple ID аккаунтыңызбен байланысты емес.

Достармен және басқа ойыншылармен ойнау

Game Center сервисіндегі лақап атыңыз, аватарыңыз, ұпайларыңыз және Arcade сервисіндегі жазылымыңыздың күйі әлемдік жетістіктер кестесі бар ойындардың барлық Game Center пайдаланушысына көрінеді. Сондай-ақ Game Center сервисіндегі достарыңызбен немесе барлық Game Center пайдаланушысымен Game Center сервисіндегі белсенділігіңіз туралы басқа да ақпаратты бөлісуге болады. Бұл ақпаратқа сіз ойнаған ойындар және жетістіктеріңіз кіреді. Ол сіз Game Center сервисінде және басқа да Apple сервистерінде (мысалы, App Store және Apple Arcade) бөлісетін пайдаланушыларға көрінетін болады. Балалардың Game Center сервисіндегі белсенділігі туралы ақпаратты тек олардың Game Center сервисіндегі достарымен бөлісуге болады. Белсенділік туралы деректерді бөлісу күйін көруге және өзгертуге болады. Ол үшін iOS, iPadOS немесе visionOS құрылғыңызда «Реттеулер» > «Game Center» > «Профиль құпиялылығы» тармағына, ал Mac компьютерінде «Жүйе реттеулері» > «Game Center» > «Профиль құпиялылығы» тармағына өтіңіз.

Егер Game Center сервисіндегі лақап атыңызды жеке байланыс картаңызбен байланыстыруды шешсеңіз, Game Center сервисі Apple ID аккаунтыңызда көрсетілген эл. пошта мекенжайы мен телефон нөмірін пайдаланады. Бұл Game Center сервисіндегі достарыңызға сізді олардың «Контактілер» қолданбасында жазылған атыңыз бойынша оңай табуға мүмкіндік береді. Бұл реттеуді басқару үшін iOS, iPadOS немесе visionOS құрылғыңызда «Реттеулер» > «Game Center» > «Достарыңызға сізді табуға рұқсат беру» тармағына өтіңіз, ал Mac компьютерінде «Жүйе реттеулері» > «Game Center» тармағына өтіп, «Достарыңызға сізді табуға рұқсат беру» функциясын өшіріңіз.

Көп ойыншы режиміне қолдау көрсететін ойынды ойнаған кезде, дәл сол ойынды бір Wi-Fi желісі немесе жергілікті желі арқылы ойнап жатқан немесе Bluetooth әрекет ететін радиустағы басқа Game Center пайдаланушылары сіздің жақын жерде екеніңізді біліп, лақап атыңыз бен аватарыңызды көре алатын болады. Әзірлеуші Apple мультиплеер функционалдығын пайдаланатын жерде бұл функцияны iOS, iPadOS немесе visionOS құрылғыңызда өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Game Center» тармағына өтіп, «Жақын жердегі ойыншылар» параметрін түртіп өшіріңіз. Mac компьютерінде System Settings (Жүйе реттеулері) > Game Center тармағына өтіп, «Nearby players (Жақын жердегі ойыншылар)» функциясын өшіру үшін басыңыз. tvOS жүйесінде «Реттеулер» > «Пайдаланушылар және аккаунттар» > [пайдаланушы аты] > «Game Center» тармағына өтіп, «Жақын жердегі ойыншылар» параметрін өшіріңіз.

Apple компаниясы өзінің Game Center лақап атын контакт картасымен байланыстыруды таңдаған контактілеріңіз туралы жеке басты анықтамайтын ақпаратты алады. Бұл ақпарат Game Center беттерінде көрсетілетін дос ұсыныстарын жақсарту үшін пайдаланылады, бірақ Apple тарапынан сақталмайды. Сонымен қатар осы ұсыныстарымыз бойынша көмек беру үшін Game Center құрылғыдағы өңдеуді пайдаланады.

iOS 10 нұсқасын орнатқанға дейін қосылған достарыңыз шын атыңызды көре алатын болады. iOS 10 нұсқасын орнатқаннан кейін қосылған достарыңызға тек лақап атыңыз көрінеді. Балалардың аккаунттарында олардың шын аттары достарға ешқашан көрсетілмейді (олар iOS 10 нұсқасы орнатылғанға дейін қосылған болса да).

Кері байланыс

Apple компаниясы сізге ұнауы мүмкін Game Center сервисі және басқа да Apple өнімдері, сервистері мен ұсыныстары жөнінде ақпарат жіберу үшін сіз сатып алған Apple өнімдері және жазылған Apple сервистері сияқты аккаунтыңыз туралы ақпаратты пайдалануы мүмкін. Сондай-ақ Apple компаниясы Game Center сервисінде қолжетімді жаңа функциялар, контент пен ұсыныстар жөнінде эл. пошта хабарлары мен push хабарландыруларын жіберу үшін Game Center сервисіндегі белсенділігіңіз туралы ақпаратты пайдалануы мүмкін. Эл. пошта параметрлерін өзгерту және осы эл. хабарларды алудан бас тарту үшін мына сайтқа өтіңіз: appleid.apple.com. iOS, iPadOS немесе visionOS құрылғыңызда хабарландыру параметрлерін жаңарту үшін «Реттеулер» > «Хабарландырулар» > «Game Center» тармағына өтіңіз. Apple компаниясы сервистерімізді жақсарту үшін байланыстарымызбен, соның ішінде хабарландырулармен өзара әрекеттесуіңіз туралы ақпаратты пайдаланады.

Үшінші тараптық әзірлеушілер

Game Center сервисіне кірген кезде, сіз ойнайтын ойындардың әзірлеушілері сіз туралы ақпаратты, оның ішінде лақап атыңызды, аватарыңызды және Game Center сервисіне қатысты басқа да бірегей жеке деректеріңізді сұрауы мүмкін. Сондай-ақ әзірлеушілер сізбен байланысты ойыншылардың, оның ішінде достарыңыздың және сізбен жақында ойнаған ойыншылардың тізімін (олардың лақап аттарымен және аватарларымен қоса) сұрауы мүмкін. Егер қолданбаға сізді достарыңызбен байланыстыруға рұқсат етсеңіз, қолданба осы ойынды ойнайтын достарыңыздың тізіміне қол жеткізе алады. Қолданбаға тек достарымен байланыстыруға рұқсат берген достарыңыз ғана сіздің достарыңыз ретінде көрінетін болады. Сондай-ақ кез келген уақытта кез келген қолданбаға сізді достарыңызбен байланыстыруға тыйым салуыңызға болады. Ол үшін iOS, iPadOS немесе visionOS құрылғыңызда «Реттеулер» > «Game Center» тармағына өтіп, «Достармен байланысу» параметрін өшіру үшін түртіңіз. Mac компьютерінде System Settings (Жүйе реттеулері) > Game Center тармағына өтіп, «Connect with friends (Достармен байланысу)» функциясын өшіру үшін басыңыз. Бұл жағдайда қолданбалар сізді Game Center сервисіндегі достарыңызбен байланыстыруға рұқсат сұрай алмайтын болады. Осыған дейін достарыңыздың тізіміне қол жеткізе алған қолданбаларға бұл тізім қолжетімсіз болып қалады. Егер үшінші тарап қолданбасын пайдаланатын болсаңыз, әзірлеуші деректеріңізді қалай жинайтынын және пайдаланатынын түсіну үшін әзірлеуші шарттарын, құпиялылық саясаттарын және тәжірибелерін қарап шыққаныңыз жөн.

Балалар және Game Center

«Отбасы» тізіміне кіретін балалар Game Center сервисін пайдаланатын болса, «Экран уақыты» мәзіріндегі «Контент және құпиялылық шектеулері» бөліміне өтіп, балалардың белгілі бір қолданбаларға жұмсайтын уақытын шектеуге және олардың құрылғыларындағы Game Center функцияларын (мысалы, көп ойыншыға арналған ойындарды ойнау, достарды қосу немесе бір ойын ойнап жатқан достармен байланысу) блоктауға болады. Ол үшін iOS, iPadOS немесе visionOS құрылғыңызда «Реттеулер» > «Экран уақыты» > «Контент және құпиялылық» > «Контент шектеулері» тармағына өтіңіз. Mac компьютерінде System Settings (Жүйе реттеулері) > Screen Time (Экран уақыты) > Content & Privacy (Контент және құпиялылық) тармағына өтіңіз. tvOS жүйесінде «Реттеулер» > «Жалпы» > «Шектеулер» тармағына өтіңіз. Оған қоса, Game Center сервисінде басқа ойыншылармен байланысқан кезде, балалар реттелетін мәтінді жібере және қабылдай алмайды. Олар тек дайын хабарларды жібере және қабылдай алады. Балалар үшін ойын ішіндегі дауыстық чат өшірулі болады.

Жеке деректерді өңдеу үшін қолданылатын құқықтық негіз

Біз Game Center сервисіндегі жеке деректеріңізді келісіміңіз бойынша және заңды мүдделерімізге сәйкес өңдейміз. Қолданыстағы жергілікті заңда қарастырылған жағдайда, біз заңды мүдделеріміз үшін қажетті жеке деректердің келесі санаттарын өңдейміз:

  • Game Center сервисін пайдалану тәсіліңіз, соның ішінде сіз ойнайтын ойындар және ойындағы белсенділігіңіз
  • Лақап атыңыз, аватарыңыз, Arcade жазылымыңыздың күйі, ұпайларыңыз бен басқа белсенділігіңіз туралы ақпарат
  • Game Center сервисіндегі достарыңыз, сізбен ойнайтын ойыншылардың тізімі және бірге ойнау уақыты

Бұл заңды мүдделерге мыналар жатады:

  • Сізге және басқаларға арналған Game Center сервисін оңтайландыру және жақсарту
  • Сізге Game Center және сізді қызықтыруы мүмкін басқа да қатысты Apple өнімдері, сервистері мен ұсыныстары туралы хабарламалар жіберу
  • Алаяқтықтың және басқа зиянды әрекеттердің алдын алу

Деректерді сақтау

Сіз туралы ақпарат Game Center аккаунтымен байланыстырылған Apple ID аккаунтыңыз жойылмайынша Game Center сервисінде сақталып тұра береді.

Алаяқтықтың және басқа зиянды әрекеттердің алдын алу

Game Center сервисінде және басқа да Apple қолданбалары мен сервистерінде алаяқтық пен басқа зиянды әрекеттердің алдын алу үшін біз жеке деректерді жинаймыз. Бұл ақпаратқа құрылғы туралы ақпарат, оның ішінде құрылғы түрі және бағдарламалық жасақтама нұсқасы, геолокация туралы ақпарат (қолжетімді болса), жүктеп алу және сатып алу тарихы, сондай-ақ Game Center сервисіндегі және басқа қолданбалар мен сервистердегі өзге әрекеттер кіреді.

Apple компаниясы жинаған ақпарат әрқашан Apple компаниясының құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy сайтында берілген) сәйкес өңделеді

2024 жылғы 5 наурызы