Камера мен ARKit және құпиялылық

Apple компаниясы камераларды пайдаланушылардың құпиялылығын қорғайтындай етіп жасаған, сондықтан үшінші тарап қолданбалары камераға қол жеткізбес бұрын сіздің келісіміңізді алуы тиіс.

iOS құрылғысында камераға қол жеткізу мүмкіндігі берілген қолданбалар алдыңғы және артқы камерадан нақты уақыт режимінде кескіндер ала алады. Қолданбаларға камераны пайдаланушыдан жасырын түрде пайдалануға рұқсат берілмеген.

Камераға түсірілген фотолар мен видеоларда түсірілген жері мен күні, айқындылық шегі және сфералық түсірім деректері сияқты басқа ақпарат болуы мүмкін. «Камера» қолданбасының көмегімен түсірілген фотолар мен видеоларда геолокацияның көрсетілуін қаламаған жағдайда, мұны кез келген уақытта «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Геолокация сервистері» > «Камера» тармағы арқылы өтіп басқаруға болады. Фотолар мен видеоны бөліскенде, оларда геолокацияның көрсетілуін қаламаған жағдайда, геолокацияны бөлісу парағындағы «Опциялар» мәзірінде өшіруге болады.

«Камераға арналған үздіксіздік» функциясы iPhone немесе iPad құрылғыңызды басқа құрылғыда веб‑камера ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Екі құрылғы бір‑біріне жақын жерде орналасқанда және бір Apple ID аккаунтын қолданғанда, iPhone құрылғыңыз Mac компьютеріне әдепкі бойынша қосылады. Екі құрылғы бір-біріне жақын жерде орналасқанда, Apple TV құрылғысына iPhone немесе iPad құрылғысын қолмен қосуға болады. Камераның белсенді деректер ағынын қашан да кідіртіп қоюға болады, ол үшін «Кідірту» түймесін басыңыз немесе iPhone құрылғысында экранның төменгі шетінен жоғары қарай жанап өтіңіз немесе «Басты экран» түймесін басыңыз. iPhone немесе iPad құрылғысының қолданысын кідірту және Mac компьютеріндегі немесе Apple TV құрылғысындағы камералар тізімінен жою үшін құрылғыңызда «Ажырату» түймесін түртіңіз. Mac компьютері немесе Apple TV құрылғысы үшін iPhone немесе iPad құрылғыңызды веб‑камера ретінде пайдалану мүмкіндігін өшіруге болады, ол үшін iPhone немесе iPad құрылғыңызда «Реттеулер» > «Жалпы» > «AirPlay және Handoff» тармағына өтіңіз.

Кейбір iPhone модельдерінде және «Камераға арналған үздіксіздік» функциясын қолданған кезде, «Ортада қалу» функциясы қолдау көрсетілетін қолданбалар үшін сізді кадрда ұстау мақсатында камераны автоматты түрде панорамалап, масштабтайды. Кадрға адамдар кірген кезде, камера оларды кадрға сыйдыру үшін ақырын масштабтайды. «Ортада қалу» функциясын видео қоңырау кезінде өшіруге болады: басқару орталығын ашу үшін экранның жоғарғы оң жақ бұрышынан төмен қарай сырғытыңыз, «Видео» түймесін, содан кейін «Ортада қалу» түймесін түртіңіз. Қолдау көрсетілетін қолданбаларда «Ортада қалу» функциясының пайдаланылуын басқару орталығынан немесе қолданбаның өзінен кез келген уақытта басқаруға болады.

«Камера» қолданбасына қол жеткізу рұқсаты берілетін қолданбалар ARKit қолданбасын толықтырылған шындық тәжірибесін қамтамасыз ету үшін пайдалана алады. Қолданбалар ARKit қолданбасынан алынған деректерді «Камера» қолданбасындағы деректермен (мысалы, фотомен байланыстырылған геолокация) біріктіру, пайдалану және сақтау мүмкіндігіне ие. Бұл қолданбалар әлемді немесе бетті қадағалау арқылы толықтырылған шындық объектілерін дәлірек орналастыру үшін камераны пайдалана алады. «Әлем бойынша қадағалау» функциясы құрылғыдағы алгоритмдерді пайдаланушының физикалық кеңістіктегі орналасуын анықтау мақсатында осы датчиктерден келген ақпаратты өңдеу үшін пайдаланады. Әлем бойынша қадағалау «Карталар» қолданбасындағы «Оптикалық бағыттау» функциясы сияқты функцияларды пайдалануға мүмкіндік береді.

2023 жылғы 18 қыркүйек