Apple Music және құпиялылық

Іздеу әрекеттері, интернеттегі белсенділік, сатып алулар мен құрылғының сендімділік индексі сервисті жақсартуға және алаяқтықтың алдын алуға көмектеседі. Ақылы жазылым алсаңыз, музыка жинағы мен ойнатылатын контент пайдаланушылық тәжірибеңізді дербестендіру және сізге хабарландырулар жіберу үшін пайдаланылады. Құрылғыңыздың сериялық нөмірі сізге сай келетін ұсыныстар беруде, ал құрылғыңыздың телефон нөмірі ұялы желі провайдері арқылы «Музыка» жазылымдарыңызды тексеруде пайдаланылуы мүмкін.
 

Apple Music сервисі жеке ақпаратыңызды қорғайтындай және бөлісу қажет объектілерді таңдауға мүмкіндік беретіндей етіп жасалған.

Privacy Icon

  • Apple компаниясы ақылы жазылымдағы функцияларды дербестендіру, сізге хабарландырулар жіберу және серіктестерімізге қаламақы төлеу үшін Apple Music және Apple Music Classical сервистеріндегі белсенділігіңіз туралы ақпаратты (мысалы, тыңдалған әндер мен оларды ойнату уақыты) жинайды.
  • Apple бұлттық медиатекасы құрылғыңыздағы музыка жинағынан Apple компаниясына әндер мен орындаушылардың аттары сияқты ақпаратты жібереді. Бұл, сондай-ақ Apple Music сервисінде қолжетімді қандай да бір әндердің көшірмелерін анықтау және құлпын ашу үшін қажет.
  • Жазылымыңыз болғанда және жазылым аяқталғаннан кейін қысқа уақыт ішінде бұлттық медиатекадағы ақпарат атыңызбен байланысы болады. Ойнатылған әндер туралы ақпаратты қаржылық есеп беруге қатысты қолданыстағы заңдарда көрсетілген мерзім ішінде сақтаймыз.
  • Қандай да бір өнімді сатып алған кезде, алаяқтықты анықтау және алдын алу мақсатында құрылғыны қалай пайдаланатыныңыз туралы ақпарат, соның ішінде кіріс және шығыс телефон қоңыраулары мен эл. хабарлардың болжалды саны құрылғының сенімділік индексін есептеу үшін пайдаланылады. Индексті жіберген кезде, Apple компаниясына осы индексті есептеуге негіз болған нақты мәндер берілмейді. Сенімділік индекстері серверлерімізде белгілі бір уақыт ішінде сақталады.

Жеке деректердің құпиялылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету Apple компаниясының барлық қызметкері үшін басымдық болып табылады. Біз ұсынатын сервистерді жақсарту үшін тек қажетті деректерді жинауға бар күшімізді саламыз. Саналы шешім қабылдауыңыз үшін, деректерді жинаған кезде оларды жинау туралы, сондай-ақ жинау себебі туралы хабардар етеміз. Apple Music және Apple Music Classical сервисі басқа да Apple өнімдері мен сервистері сияқты осы қағидаларға негізделіп жасалған.

Apple Music қолданбасындағы сервистер мен функцияларды қамтамасыз ету үшін жеке деректеріңізді пайдаланамыз. Бұл ақпарат Apple Music сервисінде бөлісу функцияларымен пайдаланылатын Apple Music қолданбасының «Реттеулер» бөлімінде қол жеткізуге және өзгертуге болатын аты-жөніңіз және Apple ID аккаунтыңыздың фотосы, сондай-ақ «Реттеулер» немесе «Жүйе реттеулері» бөлімінде қол жеткізуге және өзгертуге болатын аккаунт пен төлем ақпараты сияқты деректер болса, соларды қамтиды.

Apple Music сервисіне жазылғанда, жазылымыңыз Apple Music және Apple Music Classical қолданбаларына толық қолжетімділікті қамтиды. Apple компаниясы функцияларды музыкалық талғамдарыңызға сай дербестендіру үшін Apple Music және Apple Music Classic сервистерін қалай пайдаланатыныңыз туралы ақпарат жинайды. Мұндай функцияларға альбомдар мен плейлистер топтамасы берілген «Қазір тыңдау» және таңдаулы орындаушылар мен жанрларды тыңдауға болатын «Радио» бөлімі сияқты дербестендірілген ұсыныстар жатады. Эл. пошта мен push хабарландыруын сізге ұнауы мүмкін алдағы шығарылымдар, жаңа орындаушылар және Apple Music пен Apple Music Classical сервистеріндегі басқа да оқиғалар туралы хабарлау үшін пайдаланамыз.

Белгілі бір радиостанцияларды тыңдау сияқты кейбір Apple Music функциялары сіз орналасқан аймақта қолжетімді болмауы мүмкін. Apple компаниясы болжалды геолокацияңызды анықтау үшін интернет қосылымыңыздың IP мекенжайын пайдалануы және функцияның қолжетімділігін тексеруі мүмкін.

Apple Music Classical

Apple Music жазылушылары Apple Music Classical сервисін пайдалана алады, бұл — классикалық тректер мен альбомдарды табуға және таңдаулы классикалық тректеріңізді бір орталықтандырылған жерде сақтауға мүмкіндік беретін классикалық музыка қолданбасы. Apple Music Classical каталогін жазылымсыз қарап шығуға болады, бірақ оның барлық мүмкіндігіне қол жеткізу үшін Apple Music жазылымы болуы қажет. Белсенді Apple Music жазылымыңыз болмаса, Apple Music Classical сервисіне толық қол жеткізу үшін Apple Music сервисіне жазылу опциясы беріледі.

Бұлттық медиатека

Apple Music жазылымымен бірге берілетін Apple бұлттық медиатекасы кез келген құрылғыңыздың медиатекасындағы әндер мен плейлистерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл функция құрылғыңыздағы музыка жинағынан Apple компаниясына әндер мен орындаушылардың аттары сияқты ақпаратты жібереді. Бұл, сондай-ақ Apple Music сервисінде қолжетімді қандай да бір әндердің көшірмелерін анықтау және құлпын ашу үшін қажет. Барлық жинаққа кез келген құрылғыңыздан қол жеткізу үшін Apple Music сервисінде жоқ әндер жеке бұлттық медиатекаңызға жүктеп салынады. iOS немесе iPadOS құрылғыңыздағы бұлттық медиатеканы синхрондау әрекетін тоқтату үшін «Реттеулер» > «Музыка» тармағына өтіп, «Медиатеканы синхрондау» опциясын түртіп өшіріңіз. visionOS құрылғыңызда «Реттеулер» > «Қолданбалар» > «Музыка» тармағына өтіп, «Медиатеканы синхрондау» функциясын өшіріңіз. Mac компьютерінде Apple Music қолданбасын ашып, «Реттеулер» > «Жалпы» тармағына өтіп, «Медиатеканы синхрондау» опциясынан құсбелгіні алып тастаңыз.

Apple Music профилі

Басқа Apple Music пайдаланушыларымен байланысу немесе контентпен бөлісу үшін пайдаланушы идентификаторы (мысалы, @johnappleseed) мен көрсетілетін атын, сондай-ақ, қажет болса, профиль фотосы мен басқа ақпаратты енгізіп, жеке профиль жасауға болады. Бұл ақпаратқа кез келген құрылғыдан қол жеткізу үшін Apple компаниясы оны аккаунтыңызда сақтайды. Пайдаланушы идентификаторы, көрсетілетін аты мен профильдегі фотосы жариялайтын контентпен және Apple Music сервисіндегі белсенділігіңізбен бірге көрсетілуі мүмкін. Балаларға арналған Apple ID аккаунтарында контентті бөлісу және жариялау әрекеті ағымдағы уақытта қолжетімді емес және ондай мүмкіндік қарастырылмайды.

Сондай-ақ басқа адамдар сіз ұсынған ақпарат бойынша Apple Music профиліңізді таба алады.

Тек таңдаулы адамдарға профиліңізге, тыңдау белсенділігіңіз бен плейлисттеріңізге қол жеткізуге рұқсат беруге болады. Алайда пайдаланушы идентификаторы, көрсетілетін атыңыз, фотоңыз, жазылушылар мен жазылымдар сияқты профиліңіздің ақпараты әдепкі бойынша бәріне көрінеді. Пайдаланушының профиліңізді көруіне тыйым салу үшін пайдаланушы профиліне өтіп, «Қосымша», содан кейін «Блоктау» опциясын түртіңіз. Сіз блоктаған адамдар Apple Music сервисіндегі музыкаңызды көре алмайды және профиліңізді таба алмайды.

Apple Music сервисінде профиль жасаған кезде, дос ретінде араласу қызық болуы мүмкін басқа Apple Music жазылушылары туралы ақпарат беріледі. Apple компаниясы ұсынатын достарды іздеген кезде, контактілеріңіз туралы ақпаратты алмайды немесе сақтамайды. Apple компаниясына контактілеріңіздегі телефон нөмірлері мен эл. пошта мекенжайларының тек қысқартылған және шифрланған хэштері жіберіледі, содан кейін ұсынылатын сәйкес Apple Music жазылушылары құрылғыңызда жергілікті түрде анықталады. Apple Music жаңа достар ұсыну үшін контактілеріңізді мезгіл-мезгіл тексеріп тұруы мүмкін; бұл функцияны Apple Music сервисінің «Аккаунт реттеулері» бөлімінен өшіруге болады. Басқалар сізді Apple ID аккаунтыңызда көрсеткен және олардың контактілеріндегі байланыс ақпараты бойынша тапқанын қаламасаңыз, аккаунт реттеулеріндегі «Apple ID арқылы табуға рұқсат беру» опциясын өшіруге болады.

Профильде көрсетілген ақпаратты кез келген уақытта жаңартуға немесе жоюға болады. Қандай да бір нәрсені интернетке жариялау алдында қайсысын жалпыға қолжетімді ету немесе етпеу жөнінде мұқият ойланған жөн. Басқа веб-сайттарда немесе әлеуметтік желілерде Apple Music материалдарын бөліскен кезде, олар басқа сервистердің құпиялылық саясатына сәйкес өңделеді.

SharePlay

Apple Music сервисіне жазылған кезде, Apple TV, HomePod, CarPlay желісіне қосылу немесе Bluetooth функциясын пайдалану арқылы SharePlay сеанстарында тыңдармандарды қабылдауға болады. SharePlay көмегімен басқа Apple Music жазылушылары SharePlay сеансыңызға қосыла алады және Apple Music арқылы ойнатылып жатқан музыканы басқара алады. Автомобильдегі SharePlay функциясы жолаушыларға Apple Music сервисіне жазылмай-ақ SharePlay сеансына қосылуға мүмкіндік береді. Құрылғыда Bluetooth қосылған болса, Apple жақын жердегі контактілерге Apple Music сеансын тауып, оған қосылуға мүмкіндік беру үшін Bluetooth желісін пайдаланады. Контактілердің құрылғыңызды табуын қаламасаңыз және Apple Music сеансына қосылғыңыз келсе, Apple Music қолданбасының «Реттеулер» бөлімінде маңайдағы контактілердің анықталуын өшіруге болады. Контактілер, сондай-ақ басқа да қатысушылар автомобильде SharePlay сеансына қатысып отырса, Apple Music қолданбасының «Реттеулер» бөлімінде немесе көлік интерфейсінде QR кодты сканерлеу арқылы да сеансқа қосыла алады.

Сеансқа қатысушылардың аты-жөні мен профиль фотосы сеанстағы барлық адамға көрінетін болады. SharePlay сеансындағы плейлист жазбалары оларды енгізген пайдаланушыға қатысты болады және сол пайдаланушының аты мен профиль фотосымен (көрсетілген болса) байланыстырылады. Аты мен профиль фотосын кез келген уақытта Apple Music қолданбасының реттеулерінде өңдеуге болады. Тыңдармандарды қабылдап отырған SharePlay сеансыңыздан қатысушыларды алып тастауға болады, ол үшін Apple Music қолданбасындағы SharePlay белгішесін түртіңіз, содан кейін алып тастайтын қатысушыны таңдаңыз. SharePlay сеансынан шығу үшін Apple Music қолданбасындағы SharePlay белгішесін, содан кейін «Шығу» түймесін түртіңіз. Қабылдаған SharePlay сеансын аяқтау үшін Apple Music қолданбасында «Аяқтау» түймесін түртіңіз. Сеанс аяқталғаннан кейін, Apple компаниясы SharePlay сеансына қосылған контактілеріңіз немесе басқа қатысушылар туралы ақпаратты сақтамайды.

Сондай-ақ SharePlay сеанстарын «Хабарлар» қолданбасында немесе FaceTime қоңырауы кезінде басқалармен синхрондалған музыканы бөлісу үшін қосуға болады. Сеансты бастау үшін тыңдағыңыз келген музыканы таңдап, музыка опцияларында SharePlay функциясын түртіңіз, содан кейін бөлісетін контактілерді енгізіп, «Хабарлар» немесе FaceTime қолданбасын және «Бастау» түймесін түртіңіз.

Плейлисттер бойынша бірлесіп жұмыс істеу

Apple Music жазылушылары басқа жазылушылармен бірге плейлисттер жасай алады және солар бойынша бірлесіп жұмыс істей алады. Плейлистті жасаған адам болсаңыз, плейлистке қосылатын әрбір адамды мақұлдай аласыз немесе плейлист сілтемесі бар кез келген адамға автоматты түрде қосылуға рұқсат бере аласыз. Барлық қатысушы плейлисттен әндерді қосып, жоя алады және эмоджи реакцияларын қоса алады. Плейлист жазбалары оларды енгізген пайдаланушыға қатысты болады және сол пайдаланушының аты мен профиль фотосымен (көрсетілген болса) байланыстырылады. Аты мен профиль фотосын кез келген уақытта Apple Music қолданбасының реттеулерінде өңдеуге болады. Плейлисттің барлық қатысушысы және плейлистке қол жеткізе алатын кез келген адам басқа қатысушылардың аты мен фотосын көре алады. Плейлист қатысушылары басқа қатысушылар қосқан барлық әнді және реакцияны көре алады. Бірлесіп жұмыс істеуді тоқтату үшін плейлист реттеулерінде өзіңізді плейлисттен жойыңыз. Ал егер сіз жасаушы болсаңыз, плейлистті басқарудағы бірлесіп жұмыс істеу реттеулеріне өтіп, бірлесіп жұмыс істеуді тоқтатыңыз. Плейлистті жасаушы бірлесіп жұмыс істеуді аяқтаса, плейлист қатысушылар өздерінің Apple Music медиатекаларында қол жеткізе алатын ортақ плейлистке айналады.

Apple Music және Apple Music Classical сервистерін дербестендіру және жақсарту

Apple Music жазылымын пайдаланған кезде немесе медиатекаңыздан тыс тегін контентті ойнатқанда, біз сіз ойнататын немесе медиатекаңызға, болмаса плейлисттерге қосатын әндер мен видеолар (қолданылатын болса) туралы ақпаратты, сондай-ақ өзіңізге ұнайтын орындаушылар мен ұнататын немесе бөлісетін контент туралы ақпаратты жинауымыз мүмкін. Мысалы, ойнату үшін пайдаланылған аккаунт, IP мекенжайы, құрылғы, қолданба немесе автомобиль интерфейсі туралы деректер, сондай-ақ музыканы ойнатқан кезде, Apple Music сервисінің қай бөлігінде болғаныңыз, қай уақытта және қаншалықты ұзақ ойнатқаныңыз туралы деректер тіркеліп, Apple компаниясына жіберіледі. Бұл ақпаратты дербестендіру, эл. хаттар мен хабарландырулар жіберу, сондай-ақ Apple Music және Apple Music Classical сервистерін жақсарту мақсатында сервистердегі пайдаланушы әрекетін талдау үшін пайдаланамыз. Мысалы, бұл ақпарат Apple Music және Apple Music Classical сервистерінде көрсетілетін музыканы, видеоларды және орындаушы контентін таңдауға көмектесе алады. Сондай-ақ бұл ақпарат сізге арналған ұсыныстар, әр қалада қай музыканың танымал екенін көрсету үшін қалалық чарттар жасауға және дербестендірілген Apple Music іздеу нәтижелерін ұсыну үшін тыңдау тарихы мен таңдаулы жанрлар сияқты құрама ақпаратты пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз бұл ақпаратты авторлық қаламақылар төлеу үшін және Apple медиа сервистерінің ережелері мен шарттарын немесе қолданыстағы заңнаманы бұзатын немесе бұзуға әкелуі мүмкін әрекеттердің алдын алу немесе оларға қарсы шара қабылдау үшін пайдаланамыз.

Бұл ақпаратты, сіз Apple Music жазылымынан шықпағанша және кейін сізге ұнауы мүмкін музыка және сізге берілуі мүмкін ұсыныстар бойынша бізбен байланысу үшін екі жылға дейін сақтаймыз. Сондай-ақ біз бұл ақпаратты қаржылық есептілік үшін қажет болған жағдайда қолданыстағы заңнамада белгіленген мерзім ішінде сақтаймыз. Бұл мерзім аймаққа байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Тұтынушылардың көбісі үшін деректерді сақтау мерзімі кем дегенде 10 жыл құрауы қажет, ал Қытай сияқты аймақтарда бұл мерзім 30 жыл құрауы мүмкін.

Apple Music сервисіндегі басқа пайдаланушылармен контентті тыңдау үшін SharePlay функциясын пайдалансаңыз, Apple Music қолданбасы SharePlay сеансы кезінде тыңдалған контент туралы ақпарат пен болжалды қатысушылар саны туралы деректер жинайды, бірақ SharePlay сеансына қатысушылардың жеке басын анықтайтын қандай да бір ақпаратты сақтамайды.

Кері байланыс

Apple компаниясы Apple Music және сізге ұнауы мүмкін басқа Apple өнімдері, сіз жүктеп алатын Apple қолданбалары, сервистері мен ұсыныстары, сондай-ақ Apple Music Classical және Apple One жөнінде ақпарат жіберу үшін Apple өнімдеріңіз бен сіз жазылған Apple сервистері сияқты аккаунтыңыз туралы ақпаратты пайдалануы мүмкін. Құрылғының сериялық нөмірі мен басқа аппараттық идентификаторлар немесе өзекті App Store жазылымдарыңыз туралы мәліметтер сізге жарамды Apple сервистік ұсыныстарын беру үшін пайдаланылуы мүмкін. «Отбасылық қол жеткізу» функциясын пайдалансаңыз, Apple компаниясы «Отбасылық қол жеткізу» аясында өнімдер, сервистер және ұсыныстар туралы ақпарат жіберуі мүмкін. Apple One жазылымын алсаңыз, сіз жазылған сервистерде қолжетімді функциялар туралы эл. пошта хабарлары мен push хабарландыруларын жіберуіміз мүмкін. Сондай-ақ Apple компаниясы Apple Music және Apple Music Classical сервисінде қолжетімді жаңа функциялар, контент пен ұсыныстар жөнінде эл. пошта мен push хабарландыруларын жіберу үшін Apple Music және Apple Music Classical сервисіндегі белсенділігіңіз туралы ақпаратты пайдалануы мүмкін. Эл. пошта параметрлерін өзгерту және осы эл. хаттарды алудан бас тарту үшін мына сайтқа өтіңіз: appleid.apple.com. iOS, iPadOS немесе visionOS құрылғыңызда хабарландыру параметрлерін жаңарту үшін «Реттеулер» > «Хабарландырулар» > «Music» тармағына өтіңіз. Mac компьютерінде Apple Music қолданбасын ашып, Settings (Реттеулер) > General (Жалпы) > Notifications (Хабарландырулар) тармағына өтіңіз. Apple компаниясы сервистерімізді жақсарту үшін байланыстарымызбен, соның ішінде хабарландырулармен өзара әрекеттесуіңіз туралы ақпаратты пайдаланады.

Алаяқтықтың және басқа зиянды әрекеттердің алдын алу

Сатып алу кезінде, құрылғыны қалай пайдаланатыныңыз туралы ақпаратты, оның ішінде кіріс және шығыс телефон қоңырауларының немесе эл. хаттардың болжалды санын пайдалана отырып, құрылғыңыздағы құрылғының сенімділік индексін есептейміз. Индексті жіберген кезде, Apple компаниясына осы индексті есептеуге негіз болған мәндер берілмейді. Сенімділік индексі серверлерімізде белгілі бір уақыт ішінде сақталады.

Ақпаратты үшінші тараптарға жариялау

Радиостанциялар
Apple Music сервисінен радио тыңдаған кезде, қажетті контентпен қамтамасыз ету үшін құрылғыңыз тікелей радиостанцияға қосылады. Қосылғаннан кейін құрылғыңыздың IP мекенжайы радиостанцияға көрінеді. Радиостанция арқылы алынған IP мекенжайын пайдалану радиостанцияның немесе провайдерінің құпиялылық саясатымен реттеледі.

Дыбыс жазатын компаниялар, орындаушылар және чарт құрастырушылар
Дыбыс жазатын компаниялар, баспагерлер мен орындаушылар өз шығармашылық жұмысын бағалауы және қаламақы мен бухгалтерлік есеп бойынша талаптарды орындауы үшін, Apple Music және Apple Music Classical сервисін пайдалану туралы жеке басыңызға қатысы жоқ деректерді, сондай-ақ жас тобы мен жынысы (атыңыз бен Apple ID аккаунтындағы сәлемдесу негізінде анықталуы мүмкін ақпарат) сияқты пайдаланушылардың жалпы демографиялық деректерін беруге міндеттіміз. Сонымен қатар жинақталған тыңдау белсенділігін әлемдегі музыкалық чарт жасаушылармен, дыбыс жазатын компаниялармен және орындаушылармен, соның ішінде нақты уақыттағы қызығушылықты анықтау үшін және музыка жазатын компаниялар мен орындаушылардың тыңдаушылар құлағына жетуге көмектесетін музыканы жарнамалау платформаларымен бөлісеміз. Мобильді желі провайдері сияқты үшінші тараптық серіктес арқылы Apple Music сервисіне жазылатын болсаңыз, жазылым жарамдылығын анықтау немесе сатып алуды аяқтау үшін бұл серіктеспен жеке басыңызды анықтайтын шектеулі ақпаратты бөлісеміз.

Apple Music қолданбасын басқа қолданбалармен байланыстыру

iOS, iPadOS және visionOS қолданбалары және Apple компаниясына тиесілі емес платформалардағы қолданбалар Apple Music және бұлттық медиатекаға қол жеткізуді сұрауы мүмкін. Қолданбаға мұндай рұқсат берсеңіз, ол келесі ақпаратқа қол жеткізеді: құрылғыдағы бұлттық медиатека, Apple Music жазылымының бар-жоғы, музыка және видео ойнату әрекетіңіз және Apple Music сервисіндегі ұсыныстар. Сондай-ақ рұқсаты бар қолданба аккаунтыңызбен байланысты деректерді (мысалы, медиатекаңызда қандай әндер бар екені туралы деректер) өзгерте алады. Қолданбаға қол жеткізу мүмкіндігін iOS, iPadOS немесе visionOS құрылғыңыздағы «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Медиа және Apple Music» тармағынан өшіруге болады. Mac компьютерінде System Settings (Жүйе реттеулері) > Privacy & Security (Құпиялылық және қауіпсіздік) > Privacy (Құпиялылық) > Media & Apple Music (Медиа және Apple Music) тармағына өтіңіз. Қолданбаны жойған немесе iOS 11 нұсқасына дейінгі iOS нұсқасы немесе не iPadOS жүйесі арқылы қолданбаға қол жеткізу рұқсатын берген болсаңыз, оған қол жеткізу рұқсатын Apple Music аккаунтының реттеулерінен өшіруге болады.

Мобильді желі провайдері арқылы Apple Music жазылымдары

Мобильді желі провайдері Apple Music жазылымдары мен тегін сынақ нұсқаларын ұсынса, Apple компаниясы мобильді желі провайдерінің серіктестік ұсынысын пайдалана алатыныңызды анықтау үшін телефон нөміріңізді тексеруі мүмкін. Жазылымды мобильді желі провайдерінен алсаңыз, телефон нөміріңіз аккаунтыңызды растау және мобильді желі провайдері жазылымның белсендірілгенін білу үшін пайдаланылады. Жазылыммен байланыстырылған телефон нөмірі жүйеге кіру кезінде аккаунтты тексеру және Apple Music сервисіндегі әрекеттеріңізді аккаунтыңызбен байланыстыру үшін қажет. Сондай-ақ жазылымнан бас тарту туралы сұрау жіберсеңіз, біз мобильді желі провайдерінен сұрауды орындау үшін телефон нөміріңізді де пайдаланамыз.

Жеке деректерді өңдеу үшін қолданылатын құқықтық негіз

Біз Apple Music қолданбасында жеке деректеріңізді әдетте Apple компаниясымен келісімшартты орындау, қызмет көрсету үшін қажет болған жағдайда және заңды міндеттемелерімізді орындау үшін өңдейміз. Келісім тиісті заңды негізге сүйенсе, біз оны қолданыстағы жергілікті заңға сәйкес іздейміз.

Қолданыстағы жергілікті заңда қарастырылған жағдайда, біз заңды мүдделеріміз немесе үшінші тараптың мүдделері үшін қажетті жеке деректерді келесі мақсатпен өңдейміз:

  • Apple Music және Apple Music Classical сервистерінде сіз тыңдайтын, медиатекаңызға қосатын немесе жүктеп алатын контентке қол жеткізу
  • Apple Music және Apple Music Classical сервистеріндегі тәжірибеңізді дербестендіру
  • Apple Music арқылы да қолжетімді әндердің көшірмелерін анықтау және құлпын ашу
  • Аймағыңыздағы контенттің қолжетімділігін және ұсыныстар мен жазылымдарға құқылы екеніңізді анықтау
  • Сізге және басқаларға арналған Apple Music және Apple Music Classical сервистерін жақсартуға және оңтайландыруға көмектесу, сондай-ақ Apple Music және Apple Music Classical қолданбалары және сізге қызықты болуы мүмкін басқа да Apple өнімдері, сервистері мен ұсыныстары туралы хабарламалар жіберу
  • Apple Music профиліңіз бен плейлисттеріңізді жасау және қолдау
  • Баспагерлерге, дыбыс жазатын компанияларға, орындаушыларға және чарт құрастырушыларға қаламақылар төлеу және есеп беруді қамтамасыз ету
  • Алаяқтықтың және басқа зиянды әрекеттердің алдын алу

Пайдаланылған деректер мыналарды қамтиды:

  • Apple Music және Apple Music Classical сервистерін пайдалануыңыз, соның ішінде функциялармен өзара әрекеттесуіңіз, қолданба хабарландырулары мен хабарларыңыз, сондай-ақ Apple Music және Apple Music Classical сервистерінде тыңдайтын, іздейтін, көретін, медиатекаңызға қосатын және жүктеп алатын контент
  • Құрылғыңыз бен аккаунтыңыз туралы мәліметтер
  • IP мекенжайыңыз
  • Apple Music профиліңіз және плейлисттеріңіз
  • Құрылғының сенім көрсеткіші

Жеке емес деректер

Жеке басыңызға қатысы жоқ деректерді кез келген мақсатта жинауымыз, пайдалануымыз, жіберуіміз және жариялауымыз мүмкін. Мысалы, сервисті жақсарту мақсатында жеке басыңызға қатысы жоқ деректерді басқа Apple Music пайдаланушыларының ұқсас деректерімен біріктіруіміз мүмкін. Apple Music сервисін пайдаланған кезде, біз, сондай-ақ құрылғыңыздың өнімділігі туралы белгілі бір ақпарат (оның ішінде радиосигналдың қуаты, ел коды, желі коды және ұялы радио байланыс технологиясы) жинауымыз мүмкін.

Apple Music туралы толығырақ ақпарат алу

Толық мәлімет, соның ішінде функциялар мен бағалар туралы ақпарат алу үшін www.apple.com/apple-music сайтына кіріңіз.

Apple Music Web Player және құпиялылық туралы ақпарат алу үшін мына сілтемеге өтіңіз: www.apple.com/legal/privacy/data/en/apple-music-web.

Apple жинаған ақпарат әрқашан Apple құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy) сәйкес өңделеді

2024 жылғы 5 наурызы