Apple карталары және құпиялылық

Apple карталары («Карталар») қолданатын деректеріңіз сенімді қорғалады. «Карталар» қолданбасын пайдалану тәсіліңізбен байланысты жеке деректерді жинамаймыз.

«Карталар» қолданбасы жеке ақпаратыңызды қорғау мақсатында жасалған. Біз ұсынатын сервистерді жақсарту үшін тек қажетті деректерді жинауға бар күшімізді саламыз. Деректерді жинаған кезде оларды жинау туралы, сондай-ақ жинау себебі туралы хабардар етеміз.

Жүйеге кіру және синхрондау

«Карталар» қолданбасын пайдалану үшін iCloud сервисіне Apple ID аккаунтыңызбен кіру қажет емес. Егер iCloud сервисіне кіріп, екі факторлы аутентификацияны қоссаңыз, «Карталар» қолданбасы өтпелі шифрлауды қолдана отырып, деректеріңізді барлық құрылғыңызда синхрондайды. Мысалы, таңдаулылар, тарих және жолнұсқалар өтпелі шифрлаумен қорғалады. Apple компаниясы оларды оқи алмайды. Жету уақытыңызды «Карталар» қолданбасының басқа пайдаланушыларымен бөліскен кезде, Apple компаниясы геолокацияңызды көре алмайды.

Жүйеге кірген болсаңыз, «Карталар» қолданбасы Apple ID аккаунтыңызбен байланысты ақпаратты (мысалы, ересек не бала екеніңіз туралы) белгілі бір функцияларды қолжетімді екенін анықтау мақсатында да пайдаланады. «Карталар» қолданбасы бұл ақпаратты сақтамайды.

Геолокация

«Карталар» қолданбасындағы көптеген функциялардың оңтайлы жұмысы үшін геолокацияңыз қажет. Геолокация жеке басыңызды анықтайтын деректерді қамтуы мүмкін болғандықтан, нақты геолокацияңыз 24 сағат ішінде нақтылығы төменірек болатын геолокацияға түрлендіріледі. «Карталар» қолданбасын навигация үшін пайдаланғанда, нақты геолокацияларыңызды бағдарыңыздың басынан бастап дәлдігі азырақ аймаққа түрлендіреміз.

«Карталар» қолданбасының геолокацияны пайдаланатын функцияларын өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Карталар» > «Геолокация» тармағына өтіңіз. Егер бұл реттеуді өшірсеңіз, «Карталар» қолданбасының кейбір функциялары (мысалы, қадамдық навигация) қолжетімді болмайды.

Егер «Геолокация сервистері» қосулы болса, «Карталар» қолданбасын жетілдіру үшін бағдар, көлік қозғалысы және жақын жердегі көрнекі орындар туралы ақпарат анонимді және жинақталған түрде пайдаланылады. Бұл параметрді өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Геолокация сервистері» > «Жүйелік сервистер» > «Бағдарлар және көлік қозғалысы» тармағына өтіңіз. Геолокация сервистері туралы қосымша ақпарат алу үшін мына веб-бетті қараңыз: www.apple.com/legal/privacy/data/kz/location-services.

«Карталар» қолданбасын пайдалану

«Карталар» қолданбасын пайдаланған кезде, Apple компаниясына келесі ақпарат жіберіледі:

  • Сұрау жасалған уақыт
  • Құрылғы моделі және бағдарламалық жасақтама нұсқасы
  • Мәтінді енгізу тілі
  • Құрылғы геолокациясы («Карталар» қолданбасына геолокацияңызға қол жеткізу рұқсатын берген болсаңыз)
  • Карта аймағының құрылғыда көрінетін шекаралары
  • «Карталар» қолданбасымен орындалған әрекеттер, оның ішінде пайдаланылған іздеу сұраулары және функциялар, сіз көретін орындар және «Карталар» қолданбасынан келген хабарландырулармен орындалған әрекеттер

Сондай-ақ «Карталар» қолданбасын пайдаланған кезде, қолданба, құрылғы және желі конфигурациясы мен өнімділігі туралы деректер де жиналады. Жеке қолданыс көрсеткіштері сағатына бірнеше рет ауысып тұратын және Apple ID аккаунтыңызбен байланыстырылмайтын идентификатормен байланысты болады. Сонда «Карталар» қолданбасы сізбен немесе құрылғыңызбен байланысты идентификатор негізінде сіз туралы ақпаратты іздей алмайды. Қолданба өнімділігі мен жиынтық қолданыс көрсеткіштерін қадағалау, сондай-ақ сервис тұтастығын сақтау үшін ұзақ мерзімді идентификаторлар пайдаланылады. Бұл ұзақ мерзімді идентификаторлар Apple ID аккаунтыңызбен немесе жеке басыңызды анықтауы мүмкін басқа ақпаратпен байланысты болмайды.

Оған қоса «Карталар» қолданбасын навигацияны немесе бағыттарды сұрау үшін пайдаланған кезде, бағдарыңыз туралы мәліметтер Apple компаниясына жіберіледі, оның ішінде:

  • Сұрау жасағандағы және навигация сеансының барысындағы бастапқы және ағымдағы құрылғы геолокациясы (егер «Карталар» қолданбасына геолокацияңызға қол жеткізуге рұқсат берген болсаңыз)
  • Тағайындалған жер
  • Көлік режимі, оның ішінде CarPlay функциясына қосылған-қосылмағаныңыз туралы ақпарат
  • Бағдар құруды сұраған кезде жасалатын және навигация сеансы барысында сақталатын кездейсоқ идентификатор

Егер «Электрлік көлік бағыты» функциясын пайдалансаңыз, Apple компаниясына электрмобиль бағдары бойынша сұраудың басындағы және сапар кезіндегі көліктің заряд деңгейі туралы ақпарат та жіберіледі. Оған қоса, «Электрмобиль бағдарларын жақсарту» функциясын қоссаңыз, Apple компаниясы сапарды оңтайландыру үшін бағдар құрылған кезде электрмобиль деректерін пайдалануы, көлікті зарядтау керектігі туралы хабарлауы, сондай-ақ бағдар соңында қалған болжалды заряд деңгейін көрсетуі мүмкін. Бұл ақпаратқа аккумулятор сыйымдылығы, заряд күйі және сапар ұзақтығына әсер етуі мүмкін басқа да көлік сипаттамалары кіреді. Алайда бұл ақпараттың ешқайсысы Apple ID аккаунтыңызбен байланыстырылмайды. «Электрмобиль бағдарлары» функциясы туралы қосымша ақпарат алу үшін мына веб-бетті қараңыз: www.apple.com/legal/privacy/data/kz/improve-ev-routing.

Егер жетілдірілген навигация дәлдігіне арналған навигация мүмкіндіктерін, «Геолокацияны нақтылау» немесе «Жаяу жүру кезінде толықтырылған шындық» функциясын пайдалансаңыз, «Карталар» қолданбасы сіз орналасқан жерді және жүру бағытыңызды дәл анықтау, сондай-ақ жолды табуға көмектесу үшін камера мен қозғалыс датчиктерін пайдаланады. Бұл деректер сақталмайды және құрылғыңыздан жіберілмейді. «AR геолокация дәлдігін жақсарту» функциясын қосуды таңдасаңыз және «Карта» қолданбасында «Геолокацияны нақтылау» функциясын немесе толықтырылған шынайылық қолданылатын жаяу жүргіншілерге арналған навигацияны пайдалансаңыз, құрылғыңыздың камерасы түсірген ғимараттардың өлшемі, пішіні және қоршаған ортаңыздың басқа да географиялық ерекшеліктері туралы деректер Apple компаниясына жіберіледі. Бұл деректер Apple ID аккаунтымен байланысты емес және сізді немесе басқаларды анықтамайды. «Жақсартылған навигация дәлдігі» функциясын өшіруге болады, ол үшін «Реттеулер» > «Карталар» тармағының «Бағыттар» бөліміне өтіп, «Жаяу жүру» опциясын түртіп, содан кейін «Жақсартылған» опциясын түртіп өшіріңіз. «AR геолокация дәлдігін жақсарту» функциясын өшіріп қоюға болады. Ол үшін «Реттеулер» > «Құпиялылық және қауіпсіздік» > «Аналитика және жақсартулар» тармағына өтіп, «AR геолокация дәлдігін жақсарту» параметрін өшіріңіз.

Apple компаниясы «Карталар» қолданбасының және геолокацияны пайдаланатын басқа да өнімдер мен сервистердің жұмысын қамтамасыз ету және жетілдіру үшін «Карталар» қолданбасын пайдаланған кезіңізде жиналған ақпаратты пайдалануы мүмкін.

Қаласаңыз, «Рейтингтер және фотолар» функциясын пайдалануыңызға болады. Бұл функция көрнекі орындарға қатысты рейтингтерді, фотоларды және басқа да контентті жариялауға мүмкіндік береді. Фото материалдарыңыз Apple ID аккаунтыңызбен байланыстырылады. «Рейтингтер және фотолар» функциясы туралы қосымша ақпарат алу үшін мына веб-бетті қараңыз: www.apple.com/legal/privacy/data/kz/ratings-photos.

Сондай-ақ «Карталар» қолданбасындағы мәселелер туралы «Мәселе туралы хабарлау» функциясының көмегімен хабарлауға болады. Кейбір есептер Apple ID аккаунтыңызбен байланыстырылған. «Мәселе туралы хабарлау» функциясы туралы қосымша ақпарат алу үшін мына веб-бетті қараңыз: www.apple.com/legal/privacy/data/kz/maps-report-an-issue.

«Карталар» қолданбасын дербестендіру

«Карталар» қолданбасының «Тұраққа қойылған автомобиль», «Кету уақыты», «Таңдаулылар» және «Ұсыныстар» (мысалы, алдағы тағайындалған жерлер) сияқты дербестендірілген функциялары құрылғыда құрастырылған деректерді пайдаланады. Бұл құрылғыдан жіберілетін деректер көлемін азайтуға көмектеседі.

Қытайдағы «Карталар» сервисі

Қытайдағы «Apple карталары» өнімі «AutoNavi карталары» сервисін пайдаланады. Қытайда «Карталар» қолданбасын пайдалану үшін жүйеге Apple ID аккаунтымен кіру қажет емес. Әрекеттеріңіз Apple ID аккаунтыңызбен байланыстырылмаған кездейсоқ әрі үнемі өзгеріп тұратын идентификаторлар сериясымен байланысты болады. Apple компаниясы сіздің геолокацияңызды жасыру үшін AutoNavi сервисімен бірлесе отырып құпиялылықты сақтау әдістерін қолданады, осылайша жиналған ақпараттың ешқайсысы жеке басыңызды анықтамайды.

Қытайдағы «Нөмірлік белгі бойынша шектеулер» функциясы жолдар желісінде бар шектеулер туралы хабарлап, нөмірлік белгі негізінде балама бағдарларды ұсынады. AutoNavi сервисінің көмегімен «Карталар» қолданбасы нөмірлік белгі негізінде шектеулі аймақтарды айналып өтетін бағдарларды тауып береді. Бағдарды сұраған кезде, тек нөмірлік белгіңізге қандай шектеулер қолданылатыны туралы ақпаратпен бөліседі, сондықтан Apple компаниясы да, AutoNavi сервисі де нақты нөмірлік белгіңізді көрмейді және бұл ақпараттың ешқайсысы Apple ID аккаунтыңызға қатысы болмайды.

Үшінші тараптармен бөлісу

Apple компаниясы өзінің серіктестерімен қозғалыс туралы деректерді, көрнекі жерлер туралы деректерді және пайдаланушылар туралы жиынтық аналитикалық деректерді бөліседі. Алайда серіктестер бұл ақпараттың «Карталар» қолданбасының нақты бір пайдаланушысына қатысты екенін анықтай алмауы үшін, деректер белгілі бір минималды шарттар орындалған жағдайда ғана бөлісіледі.

«Карталар» қолданбасындағы үшінші тараптық деректер провайдеріне қатысты мәселе туралы хабарлаған кезде, Apple компаниясы бұл мәселені түзету үшін ол туралы хабардағы ақпаратты осы үшінші тарапқа беруі мүмкін. Apple компаниясы ақпаратты үшінші тараппен мәселені шешу үшін қажет болған жағдайда ғана бөліседі. Ақпарат жіберілмес бұрын, одан жеке басыңызды анықтауы мүмкін деректер жойылады.

Apple компаниясына жіберілген деректер сенімді сервис провайдерлері арқылы өңделуі және сақталуы мүмкін.

Деректерді сақтау

«Карталар» қолданбасын пайдалану тәсіліңізбен байланысты жеке деректерді жинамаймыз және сақтамаймыз. «Карталар» қолданбасын пайдалану бойынша сұрақтарыңыз болса немесе деректерді қорғау қызметкеріне хабарласу қажет болса, бізге мына сілтеме арқылы хабарласуға болады: www.apple.com/legal/privacy/contact.

Apple жинаған ақпарат әрқашан Apple құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy) сәйкес өңделеді

2023 жылғы 11 желтоқсаны