Apple ID және құпиялылық

Apple ID аккаунтыңыз туралы ақпарат жүйеге кіру кезінде Apple сервистерін, соның ішінде «iCloud сақтық көшірмесі» функциясын қосу үшін қолданылады. Бұл құрылғыңыздағы деректерді қажет болған жағдайда ауыстыруға немесе қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Құрылғының сериялық нөмірі сізге сәйкес сервистік ұсыныстарды беру үшін пайдаланылуы мүмкін.
 

Apple ID аккаунты жеке ақпаратыңызды қорғайтындай және бөлісу қажет объектілерді таңдауға мүмкіндік беретіндей етіп жасалған.

Privacy Icon

  • Жүйеге Apple ID аккаунтын пайдаланып кірген кезде, сіз осы iPhone құрылғысында iCloud және App Store, iMessage және «Локатор» сияқты сервистерді белсендіресіз.
  • Кейбір деректер, соның ішінде контактілер, күнтізбелер, фотолар, құжаттар, денсаулық, белсенділік және басқа да қолданба деректері Apple компаниясына деректерді сіздің атыңыздан сақтау және сақтық көшірмесін жасау үшін жіберіледі.
  • Оған қоса, сервис пен қолдау көрсету сапасын жақсарту мақсатында құрылғыңыз Apple ID аккаунтыңызбен байланысты болады.

Apple ID аккаунтыңыз және барлық Apple сервисі ең басынан сіздің құпиялылығыңызды қорғауға арналған. Біз ұсынатын сервистерді жақсарту үшін тек қажетті деректерді жинауға бар күшімізді саламыз. Саналы шешім қабылдауыңыз үшін, деректерді жинаған кезде оларды жинау туралы, сондай-ақ жинау себебі туралы хабардар етеміз.

Apple ID — iCloud сервисі, App Store және басқа да Apple интернет дүкендері, iMessage, FaceTime сияқты Apple сервистеріне, сондай-ақ барлық құрылғыңызда және интернетте контентіңізге қол жеткізу үшін пайдаланылатын жеке аккаунт. Apple ID аккаунтыңыз жүйеге кіру үшін пайдаланылатын ақпаратты және контактілердің барлық ақпаратын, төлем ақпаратын және Apple сервистері үшін пайдаланылатын қауіпсіздік мәліметтерін (мысалы, сенімді телефон нөмірлері немесе бақылау сұрақтары) қамтиды. Apple компаниясы сервис пен қолдау көрсету сапасын жақсарту, оның ішінде ыңғайлылық үшін құрылғыға қатысты кепілдік туралы ақпаратты көрсету, сондай-ақ құрылғыны белсендірген соң сервис бойынша ұсыныстардың қолжетімділігін тексеру мақсатында құрылғы атауын, сериялық нөмірін және басқа да аппараттық идентификаторларды сақтайды. Apple ID аккаунтыңыз туралы ақпаратты өңдеу және құрылғыларыңыз бен телефон нөмірлеріңіздің тізімін көру үшін Apple ID аккаунтыңыздың appleid.apple.com веб-бетіне кіріңіз.

Жүйеге Apple ID арқылы кірген кезде, сіз осы iPhone құрылғысында iCloud, App Store, iMessage, FaceTime және «Локатор» сияқты қолданбаларды іске қосасыз. Apple ID аккаунтыңыз туралы, оның ішінде телефон нөміріңізбен байланысты ақпарат пайдаланылады, бұл осы сервистерді қолдау және жақсарту үшін әр сервиспен қолданылуы мүмкін аналитикалық деректерді жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылғыңыздағы кейбір деректер, соның ішінде таңдалған профиль фотосы, контактілер, күнтізбелер, фотолар, құжаттар, денсаулық, белсенділік, Safari қойындылары және басқа да қолданба деректері Apple компаниясына деректерді сіздің атыңыздан сақтау және сақтық көшірмесін жасау үшін жіберіледі.

Apple компаниясы Apple ID аккаунтыңызбен байланысты, оның ішінде құрылғыңыз орналасқан елге немесе аймаққа байланысты белгілі бір заңды түрде талап етілетін сервистер мен функциялар үшін жарамдылығы туралы ақпаратты жинайды. Сондай-ақ сіз орнатқан қолданбалар туралы, оның ішінде оларды орнатқан орындар (мысалы, веб-сайт немесе қолданба сауда алаңы), Apple ID аккаунтыңызбен байланысты бухгалтерлік есеп, есеп беру, аналитика және осы заңды түрде талап етілетін функциялар мен сервистерді қосуға байланысты алаяқтықты анықтау мақсаттары бойынша ақпаратты жинаймыз. Біз, сондай-ақ Apple ID аккаунтында көрсетілген жасыңызды өз міндеттемелерімізді орындауға көмектесу мақсатында, оның ішінде белгілі бір жағдайларда құпиялылық құқықтарыңыз туралы жасыңызға сәйкес ақпарат беру үшін пайдаланамыз.

iCloud және құпиялылық

iCloud сервисіне кіру

iCloud сервисін пайдаланған кезде, құрылғыңызда сақталған белгілі бір деректер автоматты түрде Apple компаниясына сақтауға жіберіледі. Соның арқасында iCloud сервисі қосылған барлық құрылғыңыздағы немесе компьютеріңіздегі (бірге «құрылғылар» деп аталады) деректерге автоматты түрде қол жеткізуге болады. Бұл деректерге мыналар жатады:

  • Контактілер
  • Күнтізбелер
  • Еске салғыштар
  • Бетбелгілер
  • Safari қойындылары
  • «Денсаулық» қолданбасының деректері
  • «Үй» қолданбасының деректері
  • Жазбалар
  • Freeform
  • Фотолар
  • Құжаттар
  • Wallet деректері
  • Кілттер жинағы және құпиясөздер
  • Құрылғыңыздағы телефон нөмірі
  • Құрылғы және аккаунт реттеулері
  • iCloud сервисін пайдаланатын үшінші тарап қолданбаларының деректері

Сондай-ақ құрылғыдағы деректердің ағымдағы сақтық көшірмесін жасап отыру үшін «iCloud сақтық көшірмесі» функциясы қосылады. Бұл деректерді қажет болған жағдайда ауыстыруға немесе қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Қосу қажет iCloud функцияларын және iCloud сервисіне жіберілетін деректерді кез келген уақытта құрылғыңыздың «Реттеулер» бөлімінде реттеуге болады.

iCloud деректерінің қауіпсіздігі

iCloud сервисі ақпаратты тасымалдау және iCloud сервисінде сақтау кезінде шифрлау арқылы қорғайды және аутентификация үшін қауіпсіз токендерді пайдаланады. Apple компаниясы белгілі бір ақпарат үшін өтпелі шифрлау әдісін пайдаланады. Соның арқасында бұл ақпаратқа тек сіз және тек iCloud сервисіне кірген құрылғылардан қол жеткізе аласыз. Өтпелі шифрлау әдісімен қорғалған ақпаратқа басқа ешкім, тіпті Apple компаниясы да қол жеткізе алмайды. iCloud деректерінің қауіпсіздігі туралы толығырақ ақпарат алу үшін мына сілтемені қараңыз: support.apple.com/102651.

Apple компаниясы және деректерді өңдейтін үшінші тарап орталықтары деректеріңізді сақтау және өңдеу мақсатында пайдаланылуы мүмкін. Деректерді өңдейтін үшінші тарап орталығында сақталған деректерді өңдеген кезде, шифрлау кілттеріне қауіпсіз серверлерде жұмыс істеп тұрған Apple бағдарламалық жасақтамасы ғана маңызды өңдеу процесін орындау кезінде ғана қол жеткізеді.

iCloud кілттер жинағы

iCloud кілттер жинағы Safari веб-сайтындағы пайдаланушы аттары мен құпиясөздерді, несиелік карта және Wi-Fi желісі туралы ақпаратты барлық құрылғыңызда жаңартылған және қолжетімді күйде сақтайды. Сондай-ақ онда «Пошта», «Контактілер», «Күнтізбе», «Хабарлар», Facebook, Twitter, LinkedIn және басқа да интернет аккаунттары үшін пайдаланылатын аккаунт туралы ақпарат сақталады. Бұл ақпарат барлық құрылғыңызға автоматты түрде қосылады.

iCloud кілттер жинағы өтпелі шифрлау әдісін пайдаланады. Соның арқасында бұл ақпаратқа тек сіз және тек iCloud сервисіне кірген құрылғылардан қол жеткізе аласыз. iCloud кілттер жинағы туралы деректерге басқа ешкім, тіпті Apple компаниясы да қол жеткізе алмайды. iCloud кілттер жинағын кез келген уақытта iCloud реттеулерінде өшіруге болады.

iCloud сақтық көшірмесі

«iCloud сақтық көшірмесі» функциясын пайдаланған кезде, сақтық көшірмеге фотолар, видеолар, хабарлар (iMessage, SMS және MMS хабарлары), «Денсаулық» қолданбасының және басқа қолданба деректері, геолокация реттеулері (мысалы, геолокацияға негізделген әрі бапталған еске салғыштар), визуалды дауыстық пошта, құрылғы реттеулері, құрылғы сипаттамалары және реттеулерге байланысты iOS немесе iPadOS құрылғыңыздағы басқа деректер кіруі мүмкін.

Белгілі бір қолданбалар үшін iCloud сақтық көшірмесін өшіруге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «[Сіздің атыңыз]» > «iCloud» > «Сақтау орнын басқару» > «Сақтық көшірмелер» тармағына өтіңіз, содан кейін «Сақтық көшірме» бөлімінде iOS немесе iPadOS құрылғыңызды таңдап, қолданба деректерінің сақтық көшірмесі қажет емес белгілі бір қолданбаларды түртіңіз.

iCloud реттеулерінде iCloud сақтық көшірмесін толығымен өшіруге болады және iOS немесе iPadOS құрылғыңыздың сақтық көшірмесін компьютеріңізде жасау үшін Finder (macOS Catalina 10.15 немесе одан кейінгі нұсқасы) немесе iTunes (macOS Mojave 10.14 немесе алдыңғы нұсқасы) қолданбасын пайдалануға болады. Егер сақтық көшірме деректерін iCloud сервисінен толық жойғыңыз келсе, «iCloud сақтық көшірмесі» функциясын өшірмес бұрын, жекелеген сақтық көшірмелерді жойыңыз. Олай істемеген жағдайда сақтық көшірме деректері 180 күнге дейін сақталады.

Деректерді iCloud сервисімен бөлісу

Егер iCloud сервисін «Жазбалар», Pages, Numbers, Keynote, Freeform қолданбаларында және кейбір үшінші тараптық қолданбаларда файлдарды ашық немесе құпия түрде бөлісу үшін пайдалансаңыз, Apple компаниясы бұл файлдарды сақтайды және оларға қол жеткізе алатын болады. Бөлісу әдісі жеке немесе жалпыға қолжетімді болғанына қарамастан, ортақ сілтемеге қол жеткізе алатын кез келген адам аккаунтыңызбен (қолданылатын болса) байланысты аты-жөніңізді, құрылғыңыздағы телефон нөміріңізді және файл атауын көре алады. Егер қол жеткізу шектеулі болса, қатысушылардың жеке басын анықтайтын ақпарат тек шақырылған және сол шақыруды қабылдаған пайдаланушыларға қолжетімді болады.

Ортақ медиатека құрған кезде немесе ортақ медиатекаға қосылған кезде, оның барлық қатысушысы iCloud арқылы ортақ медиатекаға фотолар мен видеоларды қоса, өңдей немесе жоя алады. Ортақ медиатекаға контент қосудың бірнеше жолы бар: қолмен немесе автоматты түрде бөлісу. iOS немесе iPadOS құрылғыңызда «Реттеулер» > «Фотолар» > «Ортақ медиатека» > «"Камера" қолданбасынан бөлісу» тармағына өтіп, контентті бөлісу тәсілін басқаруға болады.

iCloud және қолданбалар

Кейбір қолданбалар енгізілген деректер мен контентті сақтау үшін iCloud сервисін пайдаланады, сондықтан бұл деректерге iCloud сервисі қосылған барлық құрылғыңыздан қол жеткізуге болады. Қолданба iCloud сервисіне бұл деректің барлығын немесе бір бөлігін ғана сақтауы мүмкін. Үшінші тарап қолданбалары сізден деректеріңізді көруге рұқсат сұрауы мүмкін, сонда қолданбаның басқа пайдаланушылары Apple ID арқылы іздеген кезде, сіздің аты-жөніңізді көре алады.

Қолданбаға деректерді iCloud сервисінде сақтауға тыйым салуға болады. Ол үшін қолданбаның iCloud сервисіне қол жеткізу опциясын өшіріңіз. Ол үшін «Реттеулер» > [атыңыз] > iCloud тармағына өтіп, тізімде көрсетілген қолданбаларды өшіріңіз.

iCloud сервисін қажет ететін Apple сервистері

Apple Pay, «Белсенділік деректерін бөлісу», «Үй», Handoff, «Әмбебап аралық сақтағыш» және «Apple Watch сағатымен құлыпты ашу» сияқты Apple сервистерін пайдалану үшін құрылғыңызда iCloud сервисіне кіруіңіз қажет. Apple компаниясы «Үй» қолданбасындағы «Қауіпсіз видеобақылау» функциясын баптауға және пайдалануға құқығыңыздың бар-жоғын тексеру үшін iCloud тарифтік жоспарын пайдаланады. Apple компаниясы камераңыздың видеожазбаларындағы контентке қол жеткізе алмайды. Кейбір iCloud функцияларын пайдалану қажет болмаса, құрылғыңыздағы iCloud реттеулерінде пайдаланғыңыз келмейтін iCloud функцияларын өшіріп қоюға болады.

iCloud сервисінен шығу

Егер iOS немесе iPadOS құрылғыңызда және жұптастырылған Apple Watch сағатында iCloud сервисін пайдаланғыңыз келмесе, iCloud сервисінен шығуға болады. Ол үшін «Реттеулер» > «[атыңыз]» тармағына өтіп, «Жүйеден шығу» түймесін түртіңіз. Mac компьютерінде iCloud сервисін пайдаланғыңыз келмесе, System Settings (Жүйе реттеулері) > «[атыңыз]» тармағына өтіп, Sign Out (Шығу) түймесін басыңыз. Apple ID құпиясөзіңіз қажет болуы мүмкін.

Кері байланыс

Apple компаниясы iCloud және сізге ұнауы мүмкін басқа Apple өнімдері, сервистері мен ұсыныстары, сондай-ақ Apple One жөнінде ақпарат жіберу үшін Apple өнімдеріңіз, аккаунтыңызға тіркелген құрылғылар және сіз жазылған Apple сервистері сияқты аккаунтыңыз туралы ақпаратты пайдалануы мүмкін. Құрылғының сериялық нөмірі сізге сәйкес сервистік ұсыныстарды беру үшін пайдаланылуы мүмкін. «Отбасылық қол жеткізу» функциясын пайдалансаңыз, Apple компаниясы «Отбасылық қол жеткізу» аясында өнімдер, сервистер және ұсыныстар туралы ақпарат жіберуі мүмкін. Apple One жазылымын алсаңыз, сіз жазылған сервистерде қолжетімді функциялар туралы ақпаратты жіберуіміз мүмкін.

Эл. пошта арқылы жарнамалық хабарлар тарату
Эл. пошта арқылы жарнамалық хабарлар алуға келіссеңіз, бұл ақпаратты эл. пошта арқылы алуға болады. Эл. пошта параметрлерін өзгертуге және осы эл. хаттарды алудан бас тартуға болады. Ол үшін appleid.apple.com сайтына өтіңіз немесе iOS не iPadOS құрылғыңызда «Реттеулер» > [атыңыз] > «Жеке ақпарат» тармағына өтіңіз.

Push хабарландырулары
Сондай-ақ бұл ақпаратты push хабарландыруы ретінде алуға болады. iOS немесе iPadOS құрылғыңызда хабарландыру параметрлерін жаңарту немесе хабарландырулардан бас тарту үшін «Реттеулер» > «Хабарландырулар» тармағына өтіңіз.

Отбасылық қол жеткізу

Отбасылық қол жеткізу сізге және отбасы тобының мүшелеріне жазылымдарды, сатып алуларды және геолокацияны бөлісуге мүмкіндік береді. Отбасы ұйымдастырушысы осы отбасы тобындағы балалар үшін «Сатып алу сұрауы» және «Экран уақыты» сияқты ата-ана бақылауын орната алады. Отбасылық қол жеткізу туралы қосымша ақпарат алу үшін www.apple.com/legal/privacy/data/en/family-sharing мекенжайына өтіңіз.

iMessage, FaceTime және iCloud

iPhone құрылғыңызда Apple ID арқылы жүйеге кірген кезде iMessage, FaceTime, iCloud және басқа Apple сервистеріне автоматты түрде кіресіз. Құрылғыңыздағы телефон нөмірі де расталады және Apple ID аккаунтыңызбен байланыстырылады. Apple ID аккаунтыңызды немесе телефон нөмірлеріңізді сіз хабарласатын немесе деректерді бөлісетін адамдар көре алады, сондай-ақ адамдар сізге Apple ID аккаунтыңыз және аккаунтыңызбен байланысты эл. пошта мекенжайлары немесе телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады. Адамдардың сізбен байланысу жолын «Реттеулер» > [атыңыз] > «Жеке ақпарат» тармағына өту арқылы таңдауға болады. Сондай-ақ iMessage пен FaceTime қолданбалары және құпиялылық туралы толығырақ ақпарат алу үшін «Реттеулер» > «Хабарлар» тармағына өтіп, «iMessage, FaceTime және құпиялылық туралы ақпарат» түймесін түртіңіз.

iTunes, App Store және Apple Music

iPhone құрылғыңызда Apple ID арқылы жүйеге кірген кезде сатып алу операцияларын немесе Apple Music сервисін пайдалануды тез әрі оңай бастау үшін iTunes Store, App Store дүкендеріне және Apple Music сервисіне автоматты түрде кіресіз. Барлық сатып алу операцияңыз біздің жүйелерімізде сақталады, сондықтан оларды кез келген уақытта қайта жүктеп алуға болады. Егер Apple Music сервисін пайдалансаңыз, тыңдау тарихы сақталуы және «Қазір тыңдау» бөлімінде жекелендірілген ұсыныстарды көрсету үшін пайдаланылуы мүмкін. Apple Music реттеулерінде тыңдау тарихын бөлісу опциясынан бас тартуға болады.

Егер iTunes Match жазылымы сіз орналасқан аймақта қолжетімді болса және сіз iTunes Match жазылымын пайдаланатын болсаңыз, iCloud сервисі iTunes медиатекасындағы медиафайлдар туралы ақпаратты жинайды, сондай-ақ медиафайлдарды iTunes Store дүкенінде ағымдағы уақытта қолжетімді әндермен сәйкестендіреді немесе сәйкестіктер табылмаған әндерді жүктеп салады, содан кейін бұл әндерге тек жарамды құрылғыларыңыздан қол жеткізуге болады.

Apple One

Мобильді желі провайдері Apple One жазылымдары мен тегін сынақ нұсқаларын ұсынса, Apple компаниясы мобильді желі провайдерінің серіктестік ұсынысын пайдалана алатыныңызды анықтау үшін телефон нөміріңізді тексеруі мүмкін. Жазылымды мобильді желі провайдерінен алсаңыз, телефон нөміріңіз аккаунтыңызды растау және мобильді желі провайдері жазылымның белсендірілгенін білу үшін пайдаланылады. Жазылыммен байланыстырылған телефон нөмірі жүйеге кіру кезінде аккаунтты тексеру және Apple One жазылымыңызды аккаунтыңызбен байланыстыру үшін қажет.

Төлем әдістері, сыйлық карталары және Apple ID теңгеріміне қаражат қосу

App Store, iTunes, Music және т.б. қолданбалардан өнімдерді сатып алу үшін Apple ID аккаунтыңызға жарамды төлем әдісін қосу қажет. iOS құрылғысында төлем әдісін қосу үшін «Реттеулер» > «[атыңыз]» > «Төлем және жеткізілім» тармағына өтіп, «Төлем әдісін қосу» опциясын түртіп, тиісті төлем мәліметтерін қосыңыз. Төлем мәліметтерін ақпаратты қолмен енгізу немесе төлем картасын суретке түсіру арқылы қосуға болады. Егер төлем картаңызды суретке түсіріп, төлем туралы мәліметтерді қосқыңыз келсе, құрылғыңыз міндетті өрістерді толтыру үшін тиісті ақпаратты кескіннен алады. Apple компаниясы кескінді көрмейді және сақтамайды. Apple компаниясы сатып алу операцияларын жүргізу, заңды сақтау және алаяқтықтың алдын алу мақсатында сіз көрсеткен төлем әдісі туралы мәліметтерді, оның ішінде шот нөмірі және жарамдылық мерзімі туралы деректерді жинайды және сақтайды. Сонымен қатар Apple компаниясына маркетингтік және аналитикалық мақсаттарда, сондай-ақ заңдарды сақтау және алаяқтықтың алдын алу үшін пайдаланылуы мүмкін шот ұсынылатын мекенжайды және жіберу мекенжайын ұсынуға болады.

Төлем картасын пайдаланғанда, Apple компаниясы картаңыздың нөмірін және төлеуші туралы ақпаратты болашақтағы сатып алулар, қайталама транзакциялар немесе рұқсат етілген басқа да әрекеттер үшін сақтап, автоматты түрде жаңартуы мүмкін. Apple компаниясы бұл ақпаратты қаржы мекемесінен немесе төлем жүйесінен алып, оны алаяқтықтың алдын алу және деректерді тексеру мақсатында пайдалануы мүмкін.

Егер Apple Pay функциясын қоссаңыз, Apple компаниясы кез келген Apple Pay төлем әдісін Apple ID аккаунтыңызбен байланыстырылған төлем әдісі ретінде қосу мүмкіндігін анықтайды. Бұл төлем әдістері «Wallet қолданбасында табылған» тармағында көрсетіледі. Транзакция жасау үшін Apple ID аккаунтыңызды пайдаланған кезде, Apple компаниясы, сонымен қатар Apple ID аккаунтыңызбен байланысты төлем әдісінің Apple Pay сервисімен пайдалануға жарамдылығын тексеруі мүмкін. Олай болса, төлем ақпаратыңызды қорғау мақсатында Apple компаниясы сол төлем әдісі үшін Apple Pay функциясын қосуы мүмкін. Төлем әдістерін кез келген уақытта өзгертуге болады. Ол үшін «Реттеулер» > «[атыңыз]» > «Төлем және жеткізілім» тармағына өтіңіз.

Apple сыйлық картасын сатып алу және оны алушымен бөлісу үшін Apple ID аккаунтыңызбен байланысты төлем әдісін қолдануға болады. Ол үшін Apple компаниясына алушының эл. пошта мекенжайын, өз атыңызды және сыйлық картасындағы соманы көрсетуіңіз керек. Қаласаңыз, қандай да бір хабар енгізуге болады. Apple компаниясы сыйлық карталарын сату және қолдану, сондай-ақ заңды сақтау және алаяқтықтың алдын алу мақсатында алушы туралы ақпаратты пайдаланады.

Сондай-ақ Apple сыйлық картасының сомасын Apple ID теңгеріміне аудару арқылы сыйлық картасын қолдануға болады. Apple сыйлық картасын қолданған кезде, сыйлық картасы туралы ақпарат Apple ID теңгеріміңізге байланысты болады және Apple компаниясы бұл ақпаратты заңдарды сақтау және алаяқтықтың алдын алу мақсатында қолдануы мүмкін. Сондай-ақ сыйлық карталарын қолдану процесін және Apple компаниясының сізге жіберетін ақпаратын жекелендіру үшін сыйлық карталарын қолдану туралы белгілі бір ақпарат (мысалы, қолданылған сыйлық карталарының саны) пайдаланылуы мүмкін. Жекелендіру мақсатында сыйлық картасы туралы ақпаратты пайдаланудан бас тартуға болады. Ол үшін iTunes Store дүкеніне кіріп, тізімнің соңына дейін айналдырып шығыңыз, содан кейін «Apple ID» > «Apple ID аккаунтын көру» тармағын түртіңіз де, «Жекелендірілген ұсыныстар» опциясын түрту арқылы өшіріңіз.

Таңдалған төлем әдісін қолдана отырып, Apple ID теңгеріміне тікелей қаражат салуға болады. Apple ID теңгеріміне қаражат қосқан кезде, теңгерімді берілген уақыт аралықтарынан кейін белгілі бір сомаға автоматты түрде толтыру опциясын баптауға болады. Теңгерімді автоматты түрде толтыру опциясын баптаған соң, Apple компаниясы сізге ағымдағы теңгеріміңіз немесе теңгерімді толтыру туралы ақпаратты (мысалы, растау туралы хабарламалар, түбіртектер және тіркелгеннен кейінгі еске салғыштар) құрылғыңызға немесе эл. поштаңызға жіберетін болады. Теңгерімді автоматты түрде толтыру опциясын кез келген уақытта Apple ID аккаунтының реттеулерінде жаңартуға немесе тоқтатуға болады.

Сыйлық картасын қолданғаннан кейін немесе Apple ID теңгеріміне қаражат қосқаннан кейін, Wallet қолданбасында Apple аккаунтының жаңартылған теңгерімі көрсетіледі, сондықтан Apple Store дүкеніндегі сатып алу операциялары үшін Apple aккаунтыңыздағы теңгерімді еш қиындықсыз пайдалануға болады.

Төлем әдістерін, сыйлық карталарын пайдалану және Apple ID теңгеріміне қаражат қосу тәжірибесін жақсарту үшін Apple компаниясы Apple ID аккаунтыңыздың төлем реттеулерінде орындаған түрту және басу әрекеттеріңіз туралы белгілі бір деректерді жинауы мүмкін.

Қолданыс деректері

Сондай-ақ біз сервис жұмысын қамтамасыз ету және жақсарту үшін iCloud сервисін қалай пайдаланатыныңыз туралы деректерді жинаймыз. Мәселелер туындаған жағдайда клиенттік қолдау көрсету үшін бұл деректердің кейбірі Apple ID аккаунтыңызбен байланыстырылуы мүмкін. Біз IP мекенжайыңызды сервиске қай елден немесе аймақтан (қаладан) кіріп жатқаныңызды анықтау үшін пайдалануымыз мүмкін, бірақ біз бұл деректерді сақтамаймыз.

Жеке деректерді өңдеу үшін қолданылатын құқықтық негіз

Біз Apple ID аккаунтыңызды және оған қатысты жоғарыда сипатталған ақпаратты әдетте Apple компаниясымен келісімшартты орындау, қызмет көрсету үшін қажет болған жағдайда және заңды міндеттемелерімізді орындау үшін өңдейміз. Келісім тиісті заңды негізге сүйенсе, біз оны қолданыстағы жергілікті заңға сәйкес іздейміз.

Қолданыстағы заңда қарастырылған жағдайда, біз заңды мүдделеріміз немесе үшінші тараптың мүдделері үшін қажетті жеке деректердің келесі санаттарын өңдейміз, соның ішінде:

  • Apple ID аккаунтыңыз, соның ішінде жүйеге кіру үшін пайдаланылатын ақпарат, сондай-ақ Apple сервистері бойынша пайдаланылатын контакт, төлем және қауіпсіздік мәліметтері (мысалы, сенімді телефон нөмірлері немесе бақылау сұрақтары)
  • Сіз орнататын қолданбалар, оның ішінде олардың қай жерден орнатылғаны (мысалы, веб-сайт немесе қолданбалар дүкені)
  • Құрылғыңыздың орналасқан елге немесе аймаққа байланысты белгілі бір заңды түрде талап етілетін сервистер мен функциялар үшін жарамдылығы
  • Құрылғыларыңыз, соның ішінде құрылғыңыздың атауы, сериялық нөмірі және басқа аппараттық идентификаторлары
  • Сіз пайдаланатын әртүрлі Apple сервистері және жазылымдар (iCloud, iTunes Store, App Store, Apple Music және Apple One)
  • Төлем мәліметтері, соның ішінде шот нөмірлері мен жарамдылық мерзімдері, төлем және жеткізу мекенжайлары және сыйлық картасын қолдану туралы ақпарат

Бұл заңды мүдделерге мыналар жатады:

  • Сізге және басқаларға бухгалтерлік есеп, есеп беру және аналитика мақсаттары бойынша жақсырақ қызмет және қолдау көрсету
  • Заңды түрде талап етілетін функциялар мен сервистердің қолжетімділігін және ұсынылуын анықтау
  • Эл. пошта және push хабарландырулары арқылы сізді қызықтыруы мүмкін ұсыныстарды жіберу үшін деректеріңізді пайдалану
  • Ұсыныстар алуға жарамдылықты тексеру
  • Алаяқтықтың және басқа зиянды әрекеттердің алдын алу

Деректерді сақтау

Жазылым сияқты сатып алу әрекетіңіздің кезінде, біз сатып алынған затыңызбен байланысты жеке деректерді аймаққа байланысты өзгешеленетін қаржылық есептілікке қатысты қолданыстағы заңнамада белгіленген мерзім ішінде сақтаймыз. Тұтынушылардың көбісі үшін деректерді сақтау мерзімі кем дегенде 10 жыл құрауы қажет, ал Қытай сияқты аймақтарда бұл мерзім 30 жыл құрауы мүмкін. Сондай-ақ біз iCloud сервисімен байланысты сервистер арқылы орындаған әрекеттеріңіз туралы жазбаларды сақтай аламыз. Бұл жазбалар әдетте 30 күн бойы сақталады, бірақ егер заңнама немесе заңды процесс жазбаларды ұзағырақ мерзімге сақтауды талап етпесе, олар жинақталған түрде үш жылға дейін сақталуы мүмкін.

Apple ID аккаунтыңызды жойсаңыз, біз жойылған аккаунттың жазбасын заңды міндеттемелерді орындау үшін, соның ішінде жоғарыда сипатталғандай және аккаунт қауіпсіздігінің заңды мүдделері үшін қажет болғанша сақтаймыз. Жаңа аккаунтты кейінірек жасауды таңдасаңыз, бізден жоюды сұраған аккаунтпен байланыстырылмаған эл. пошта мекенжайын пайдалануыңыз қажет болады. Аккаунт жасау үшін телефон нөмірін пайдаланған болсаңыз, оны дәл сол себептермен басқа аккаунт жасау үшін пайдалану мүмкін емес. Аккаунтқа арналған негізгі эл. пошта мекенжайын немесе телефон нөмірін аккаунт жасау үшін пайдаланған болсаңыз, оны жоя алмайсыз. Сондай-ақ бізден сот шешіміне немесе басқа да соған ұқсас уәкілетті процеске сәйкес ақпаратты сақтау талап етілуі мүмкін.

Біз аккаунтты жойған кезде оған қатысты барлық жеке деректі жою үшін бар күшімізді саламыз. Жеке деректеріңізді жойсақ, біз сіз туралы белгілі бір жеке деректерді біржола қалпына келтіруге және анықтауға болмайтындай етіп жасаймыз.

Apple жинаған ақпарат әрқашан Apple құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy сайтында берілген) сәйкес өңделеді

2024 жылғы 21 мамыры