Apple Card және құпиялылық

Өтініміңіз, аккаунтыңыз, құрылғыны пайдалану үлгілері мен реттеулері туралы ақпарат Apple компаниясына, Goldman Sachs банкіне және жеке басты растауға жауап беретін ұйымдарға беріледі. Бұл берілген өтінімді өңдеу, жеке басты растау және алаяқтықтың алдын алу үшін қажет.
 

Apple Card картасы қаржылық әл-ауқатыңызға назар аударуыңыз үшін деректеріңізді қауіпсіз және құпия түрде сақтайды.


Privacy Icon

  • Apple Card картасын алуға өтінімде ұсынылатын ақпарат Apple еншілес компаниясы мен Goldman Sachs банкінің тарапынан пайдаланылады және жеке басыңызды растау және алаяқтықтың алдын алу үшін жеке басты анықтау үшін жауапты үшінші тараптарға беріледі.
  • Өтініш арқылы Goldman Sachs банкіне Apple компаниясымен коммерциялық қарым-қатынастарыңыз туралы ақпаратты берсеңіз болады. Сондай-ақ Apple Card картасын жақсарту үшін Apple компаниясымен коммерциялық қарым-қатынастарыңыз туралы ақпаратты Apple компаниясына пайдалануға рұқсат беруге немесе тыйым салуға болады.
  • Goldman Sachs, Apple Card картасының банк эмитенті мен Mastercard жүйесі Apple Card картасының жаһандық төлем желісі Apple Card картаңыздан транзакцияларыңыз туралы ақпарат алады, бірақ маркетингтік немесе жарнамалық мақсатта транзакция туралы ақпаратыңызды үшінші тараптарға жібермейді немесе сатпайды.
  • Шығындар туралы қорытындылар сияқты транзакция тарихын пайдаланатын Apple Card функциялары құрылғыда жасалады. Apple транзакциялар тарихыңызды білмейді.

Apple Card картасына өтініш беру

Apple Card картасын алуға өтініш берген кезде, жеке басыңызды анықтау және алаяқтықтың алдын алу үшін Apple компаниясы мен Солт-Лейк-Сити қаласындағы Goldman Sachs Bank USA («Goldman Sachs») банкінің бөлімшесі аты-жөніңізді, туған күніңізді, байланыс ақпаратыңыз бен телефон нөміріңізді пайдаланады. Goldman Sachs бұл ақпаратты сізге шот ашу және қажетті тексерулерді орындау үшін де пайдаланады. Толық немесе жартылай әлеуметтік сақтандыру нөмірі мен азаматтығыңызды растау үшін Goldman Sachs үшінші тараптық жеке басты анықтау сервисін пайдаланады; Apple компаниясы бұл ақпаратқа қол жеткізе немесе сақтай алмайды.

Жеке басыңызды анықтау үшін қосымша ақпарат қажет болса, фотоңыз бар жүргізуші куәлігіңіздің немесе жеке куәлігіңіздің сканерленген көшірмесін ұсыну сұралады. Жеке куәлігіңіздің фотосы жеке басыңызды анықтайтын үшінші тарап ұйымына қауіпсіз түрде беріледі. Бұл жеке басыңызды анықтау және алаяқтықтың алдын алу үшін қажет. Apple компаниясы жеке куәлігіңіздегі фотоңызға қол жеткізбейді және оны сақтамайды. Дегенмен жеке басыңызды анықтау және Apple Card картасын алу өтінішімен байланысты алаяқтықтың алдын алу үшін жеке куәлігіңізде көрсетілген атыңыз бен мекенжайыңызға қол жеткізеді.

Өтінішіңізде Goldman Sachs банкіне қандай да бір транзакцияларыңыз және Apple өнімдері мен сервистерін пайдалану туралы қосымша ақпаратты көрсетуге болады. Осы ақпаратты бөлісу үшін Apple компаниясына жүгінсеңіз, өтінішіңізді бағалау мақсатында Goldman Sachs бұл ақпаратты несиелік тарих бюросынан және басқа көздерден алынған ақпаратпен бірге пайдаланады; Goldman Sachs бұл ақпаратты басқа мақсатта пайдаланбайды. Бұл ақпарат несие төлеу қабілеттілігін бағалау және Apple Card арқылы несие мақұлдау үшін пайдаланылуы мүмкін.

Сондай-ақ жылдық табысыңызды есептеп, ол туралы Goldman Sachs банкіне хабарлау қажет. Бұл ақпарат негізінде банк несие беру және оның көлемі туралы шешім шығара алады. Apple компаниясы жылдық табысыңыз туралы ақпаратты алмайды және сақтамайды.

Apple Card шарттары мен талаптарын қабылдамағанша, өтінішіңіз Goldman Sachs банкіне несиені мақұлдау үшін жіберілмейді. Goldman Sachs банкіне өтінішіңізді өңдеу үшін қосымша ақпарат қажет болса, өтінішіңіз туралы ақпарат құрылғыда 30 күн бойы сақталады. Өтініш беру процесі кідіртілгені жөнінде Apple компаниясы хабардар болады және Apple компаниясы немесе Goldman Sachs банкі өтініштің ұсынылмағаны туралы хабардар етіп, көмегін ұсынады.

«Геолокация сервистері» опциясын қоссаңыз, өтініш жіберу барысында алаяқтықтың алдын алу мақсатында Apple компаниясы мен Goldman Sachs банкі геолокацияңыз туралы жуықтама ақпаратты пайдаланады. Қандай да бір төлем әдісін Apple Pay сервисіне қосқанда, Apple Card картасын алу үшін өтініш бергенде немесе рәсімдегенде, белгілі бір құрылғы реттеулері қосылған-қосылмағаны, сондай-ақ құрылғының қалай пайдаланылатыны (мысалы, құрылғының қозғалыстағы уақытының пайызы немесе аптасына шамамен соғылған қоңыраулар саны) сияқты құрылғыңыз туралы ақпарат жеке басты растау және алаяқтықтың алдын алу мақсатында Apple компаниясына жіберілуі мүмкін. Сондай-ақ Apple компаниясы алаяқтықтың алдын алу мақсатында ұялы байланыс операторыңыздан өтініш берген телефон нөміріңізді алуы мүмкін.

Өтінішіңізде берілген ақпарат негізінде Goldman Sachs ұсынған белгілі бір Apple Card бағдарламаларына қатыса алатыныңыз-алмайтыныңыз анықталады. Apple компаниясы бағдарламаға қатысуға шақыру алатын-алмайтыныңызды және шақыруды қабылдағаныңызды немесе қабылдамағаныңызды білуі және бұл ақпаратты бағдарламаны жүзеге асыру үшін Goldman Sachs банкімен бөлісуі мүмкін. Apple компаниясына бағдарламаға қатысу жөніндегі қосымша мәліметтер белгілі болмайды.

Apple Card картасын рәсімдеу

Сондай-ақ Apple компаниясы Apple Pay сервисіндегі Apple Card картасын баптау және алаяқтықтың алдын алу мақсатында ақпаратты Goldman Sachs банкіне немесе Mastercard төлем жүйесіне беруі мүмкін. Жіберілетін ақпарат Apple Pay арқылы кез келген картаны ұсынған кездегімен бірдей және мыналарды қамтуы мүмкін:

  • Apple аккаунтыңызбен байланысты төлеуші аты мен мекенжайы
  • Apple аккаунты, iTunes және App Store аккаунтының белсенділігі туралы жалпы ақпарат (мысалы, iTunes сервисінде бұрыннан бері транзакциялар жасайтын-жасамайтындығыңыз)
  • Құрылғы туралы ақпарат және Apple Watch пайдаланылса, жұптастырылған iOS құрылғысы (мысалы, құрылғы идентификаторы, телефон нөмірі және құрылғы атауы мен үлгісі)
  • Картаны қосу кезіндегі геолокацияңыз туралы жуықтама ақпарат (геолокация сервистері қосулы болса)
  • Төлем карталарын аккаунтқа немесе құрылғыға қосу тарихы
  • Apple Pay сервисіне қосылған немесе қосуға әрекет жасалған төлем карталарындағы ақпаратқа қатысты жиынтық статистика

Сізде бар немесе алдында болған карталарды басқа құрылғыларда баптауға көмектесу үшін Apple компаниясы карта туралы деректеріңізді Apple аккаунтыңызбен байланыстырады. Карта эмитенті немесе төлем желісі қауіпсіздік кодын енгізгеннен кейін картаны қайта қосу үшін аккаунтыңыз туралы ақпаратты пайдалануы мүмкін. Бұл Apple Pay функциясы Apple Card картасымен қолжетімді.

Apple Card арқылы төлеу

Apple Card арқылы қолданбада, веб-сайтта немесе Apple Messages for Business арнасында төлем жасаған кезде, пошта индексіңіз немесе басқа балама ақпаратыңыз салық пен жеткізу құнын есептеу үшін қолданбаға, веб-сайтқа немесе сатушыға беріледі. Төлем авторизациясынан кейін, сондай-ақ сатушы тарапынан сұралған құрылғының есептік жазба нөмірі, жіберу мекенжайы немесе эл. пошта мекенжайы сияқты басқа да ақпарат беріледі. Сатушы транзакцияңыз туралы ақпаратты құпиялылық саясаттарында сипатталғандай, соның ішінде транзакция кезіндегі геолокацияңыз туралы ақпаратты бөлек жинауы және пайдалануы мүмкін. Қол жеткізу әрекетін басқару және құрылғы геолокациясын пайдалану туралы толығырақ ақпарат алу үшін мына сілтеменің «Геолокация сервистері » бөліміне өтіңіз: www.apple.com/legal/privacy/data/kz/location-services.

Apple Pay функциясын пайдаланған кезде, Apple Card нөмірі берілмейді. Қолданбалардағы, веб-сайттардағы және Apple Messages for Business чатындағы төлем туралы ақпаратты қауіпсіз түрде беру үшін, ақпарат Apple компаниясына шифрланған күйде жіберіледі. Деректердің шифры қысқа уақыт ішінде әр сатушы үшін бірегей кілт арқылы ашылып, қайта шифрланады. Тек осы сатушы, әзірлеуші немесе олардың төлем операторы төлем туралы ақпаратыңыздың шифрын аша алады. Карта қосу мүмкін болмайтын Mac компьютерімен төлем жасаған кезде, Mac компьютері мен авторизацияланған құрылғы Apple серверлерінің шифрланған арнасы арқылы деректермен алмасады. Apple бұл ақпараттың ешқайсысын жеке басыңызды анықтайтын форматта сақтамайды.

Apple Card картасын пайдаланған кезде, Goldman Sachs эмитент банкі және Mastercard төлем жүйесі, сондай-ақ олардың қызмет жеткізушілері Apple Card картасының жұмысын қамтамасыз ету үшін сауда, уақыт және соманы қоса алғанда, транзакцияңыз туралы ақпаратты алады. Goldman Sachs банкі мен Mastercard төлем жүйесі транзакцияларыңыз туралы ақпаратты жарнамалық немесе маркетингтік мақсатта үшінші тараптарға бермейді немесе сатпайды.

Apple компаниясы Apple аккаунтыңыздағы жеке транзакция ақпаратын береді және сақтайды, сондай-ақ транзакциялар тарихын құрылғыларыңызда жаңартып отырады. iCloud сервисінде сақталған транзакциялар деректердің жоғарғы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өтпелі шифрлаумен қорғалған. Деректеріңіз құрылғыңыздағы бірегей ақпарат болып табылатын кілтпен, сондай-ақ тек сізге белгілі құрылғы құпиякодымен қорғалған. Құрылғыларыңыз транзакция тарихыңызға қол жеткізе және оқи алады, бірақ бұл ақпаратқа Apple компаниясы қол жеткізе алмайды. Шығындар туралы қорытындылар сияқты транзакция тарихын пайдаланатын Apple Card функциялары құрылғыда жасалады.

Отбасыға арналған Apple Card

Apple Card қолданушыларына отбасылық iCloud тобының мүшелерін Apple Card картасының ортақ иеленушісі немесе шот қатысушысы болуға шақыру арқылы картаны тек жарамды мүшелермен бөлісуге болады. «Отбасыға арналған Apple Card» функциясын пайдалануға шақыру күйін кез келген уақытта Wallet қолданбасындағы Apple Card картасының артқы жағынан көруге болады. Wallet қолданбасы шақыруды басқаруға көмектесу үшін шақыру кезінде, ұсыныс қарауға дайын болғанда және ортақ иеленуші немесе қатысушы шақыруға немесе ұсынысқа жауап бергенде, ортақ иеленушілері мен қатысушыларына ескертеді.

Ортақ иеліктегі шоттар: Ортақ иеленушіні қосу үшін Apple Card қолданушылары ортақ иеленуші ретінде шотына қосқысы келетін жарамды «Отбасылық қол жеткізу» тобының мүшесін таңдауы керек. Apple қызметі таңдалған «Отбасылық қол жеткізу» тобының мүшесіне шақырушының Apple Card картасын ортақ иеленуге және бөлісуге шақыру жібереді. Ағымдағы уақытта Apple Card шоты жоқ шақырылғандар жоғарыда сипатталғандай өтініш туралы ақпарат беруі керек. Қолданыстағы Apple Card тұтынушыларына ортақ Apple Card несиелік желісін бағалауға мүмкіндік беретін ағымдағы табысы туралы ақпаратты Goldman Sachs банкіне беру қажет болады. Ағымдағы Apple Card теңгеріміне екі ортақ иеленуші де жауапты болғандықтан, ағымдағы теңгерім туралы ақпарат Apple Card картасын ортақ пайдалану туралы ұсыныс шарттарына сәйкес ашылады. Ортақ шоттың әр иеленушісі Goldman Sachs банкінен шоттар бойынша бір шотқа біріктірілген транзакция тарихы туралы ақпаратқа қол жеткізу жөнінде сұраса болады; сондай-ақ құрылғыда соңғы транзакциялар туралы ақпарат қолжетімді болады. Өтінішкерлердің Apple Card картасын ортақ иелену ұсынысы қарауға дайын болғанда және әлеуетті ортақ иеленуші ұсыныс шарттарына жауап бергенде, Apple компаниясы оларға ескерту жібереді. Екі ортақ иеленуші де шоттағы барлық алдыңғы транзакция жөніндегі ақпаратқа қол жеткізе алады. Теңгерім туралы мәліметтер, оның ішінде қолжетімді несие сомасы, жалпы теңгерім сомасы және кредит лимиті екі ортақ иеленушіге де қолжетімді болады.

Қатысушы аккаунттары: Қатысушы қосу үшін Apple Card иелері қатысушы ретінде шотына қосқысы келетін жарамды «Отбасылық қол жеткізу» тобының мүшесін таңдауы керек. Apple компаниясы берілген ақпаратты пайдалана отырып, «Отбасылық қол жеткізу» тобының мүшесіне Apple Card иесінің картасын ортақ пайдалануға шақыру жібереді. Қатысушы 18-ге толмаса, картаның ересек иесі қатысушының толық аты-жөні мен туған күнін растауы қажет; егер қатысушының жасы 18-ден асса, толық аты-жөнін, туған күні мен тұрғылықты мекенжайын өзі растауы тиіс. Егер жасы 18-ге толған қатысушы өз атынан несиелік тарих бюросына шот туралы ақпарат беруді қаласа, бұл қатысушы шотын баптау кезінде Goldman Sachs банкіне өзінің әлеуметтік сақтандыру нөмірін бере алады. Бірінші рет баптау кезінде қатысушы берген ақпарат Goldman Sachs банкіне шифрланған күйде беріледі және Apple компаниясы бұл ақпаратты қатысушының шотты бірінші баптау процесі аяқталғанша немесе 30 күн өткенше сақтайды. Қатысушы толтырған ақпарат Apple Card шотын баптау және басқару, сондай-ақ алаяқтықтың алдын алу үшін иесінің және қатысушының Apple аккаунтымен бірге Goldman Sachs банкіне жіберіледі.

Иелер қолжетімді несие, жалпы теңгерім және кредит лимиті сияқты теңгерім мәліметтерін қатысушымен бөлісуді таңдай алады. Ол үшін Wallet қолданбасында Apple Card картасының артқы жағына өтіп, қатысушының атын таңдау және теңгерім мәліметтерін көрсету мүмкіндігін қосу керек. Иелер теңгерім шотына әсер ететін барлық транзакцияға жауапты болғандықтан, олар барлық басқа иесінің немесе қатысушысының транзакция әрекетін көре алады, ал қатысушылар тек өздерінікін көреді. Сондай-ақ иелер қатысушы транзакциясына шектеу қоя және оны кез келген уақытта өзгерте алады. Ол үшін Wallet қолданбасындағы Apple Card картасының артқы жағын ашып, қатысушы аты мен «Транзакциялар лимиті» параметрін таңдау керек.

Хабарландырулар: Иелер «Отбасыға арналған Apple Card» шоттарының әрекеті туралы хабарландыруларды басқара алады. Ол үшін иесі Wallet қолданбасында Apple Card картасының артқы жағын ашып, ортақ иесін немесе қатысушыны таңдап, «Хабарландырулар» параметрін қосу немесе өшіру керек. Сондай-ақ иелер белгілі бір шектерге жеткенде ғана, мысалы, белгілі бір доллар сомасынан асатын транзакциялар жасалғанда, хабарландырулар алуды таңдай алады. Apple хабарландыруларды басқару үшін хабарландыру реттеулері туралы ақпаратты пайдаланады; хабарландыру реттеулері шоттағы басқа пайдаланушыларға жіберілмейді. Транзакция хабарландырулары қосылған кезде, иелер, қолжетімді болса, сатып алу күні мен уақытын, сатып алу сомасын, сатушыны және геолокацияны көрсететін push хабарландыруын алады. Транзакция шектеулері орнатылған қатысушылар туралы хабарландыруларда осы қатысушының бір айдағы жалпы жұмсаған сомасы туралы да ақпарат көрсетіледі.

Apple Card және геолокация

Apple Pay арқылы Apple Card картасын пайдаланған кезде, сатушы мен геолокация туралы ақпарат жеке басыңызбен байланысты болмайтындай құрылғыңыздан Apple карталарына жіберіледі. Бұл сатушы мекенжайы мен байланысу деректері сияқты қосымша ақпарат алуға мүмкіндік береді. Физикалық Apple Card картасын пайдалансаңыз, Apple карталары транзакция жасаған сатушыны дәлірек анықтауы үшін, құрылғының геолокациясын пайдалануға рұқсат беру әрекетін таңдауға болады. Алаяқтықты анықтау және оның алдын алу үшін Apple компаниясы Apple Card картасын пайдаланумен байланысты геолокация туралы ақпаратты, мысалы, Apple Card картасын тапсырыс бергенде немесе ауыстырғанда немесе Wallet қолданбасында геолокация сервистері қосулы болса, физикалық Apple Card картасын тапсырыс бергенде немесе ауыстырғанда пайдалана алады. Apple Card картасын пайдаланған кезде, Apple компаниясы геолокация деректеріңізді басқа жолмен жинамайды. Онлайн транзакцияларды Apple Card картасымен төлеген кезде, Goldman Sachs банкі үшінші тараптың алаяқтықты алдын алу бойынша сервис провайдерінен геолокация деректерін алуы мүмкін, Goldman Sachs бұл деректерді тек алаяқтықтың алдын алу мақсатында пайдаланады.

Apple Card және аналитика

Apple Card картасын жақсарту үшін Apple компаниясы Apple Card өтініш беру процесі және Apple Card мүмкіндіктерін Wallet қолданбасында пайдалану туралы ақпаратты жеке басыңыз анықталмайтындай жинайды және сақтайды. Бұл ақпарат өтініш беруге жұмсалатын уақытты және ай сайынғы әрекет көрінісі сияқты жиі пайдаланылатын Apple Card мүмкіндіктерін қамтиды. Apple компаниясы бұл ақпаратты басқа Apple өнімдері мен сервистерін жақсарту, маркетинг жүргізу, алаяқтықтың алдын алу және қауіпсіздікті сақтау үшін де пайдалануы мүмкін.

Apple компаниясы сізде Apple Card картасының бар екендігі, сондай-ақ Apple аккаунтыңыз туралы ақпаратты қаржылық болжау сияқты ішкі зерттеу және талдау мақсаттары үшін пайдалануы мүмкін. Сондай-ақ Apple компаниясы сатып алған Apple өнімдеріңіз, қашаннан бері Apple аккаунтыңыз бар екені, Apple арқылы қаншалықты жиі транзакция жасайтыныңыз сияқты Apple компаниясымен қарым-қатынасыңыз туралы ақпаратты пайдалануы мүмкін. Бұл ақпарат Goldman Sachs банкіне өтініштерді қарау кезінде шешім қабылдауға көмектесу үшін Apple көрсеткіштерін құрастыру арқылы Apple Card картасын жақсартуда қолданылады. Сәйкес Apple көрсеткіштерін анықтау үшін Apple компаниясымен қарым-қатынасыңыз туралы жеке деректеріңіз Goldman Sachs банкіне жіберілмейді. Apple компаниясымен қарым-қатынасыңыз туралы ақпараттың осы жолмен қолданылуынан бас тартуға болады. Ол үшін dpo@apple.com мекенжайы бойынша құпиялылық ұжымына эл. хат жіберіңіз (тақырыбы: Apple Relationship Data and Apple Card). Өтінішкерлер мен карта ұстаушылар өздерінің несиелік ұсыныстарын қайта бағалау немесе несиелік желісін ұлғайту үшін анықталған көрсеткіштерді Goldman Sachs банкімен бөлісуді таңдай алады.

Apple Card және байланыс

Apple компаниясы хабардың (соның ішінде маркетингтік) сізге қатысты екенін анықтау үшін Apple Card аккаунтыңыздың күйін, мысалы, өтініш берген-бермегеніңіз немесе ағымдағы Apple Card аккаунты бар-жоғы туралы ақпаратты пайдалануы мүмкін. Сондай-ақ Apple қызметі құрылғыңызға хабарлар жіберуі мүмкін, ол хабардың сізге қатысы бар-жоғын анықтау үшін транзакция тарихы мен геолокация сияқты Apple компаниясына қолжетімді емес, сізге және құрылғыңызға белгілі ақпаратты пайдалануы мүмкін. Мысалы, Apple компаниясы құрылғыңызға туристік жолдама сатып алатын адамдарды қызықтыратын хабар жіберуі мүмкін. Apple компаниясына жолдама сатып алғаныңыз туралы білу қажет емес — құрылғыңыз хабарламаның сізге қатысы бар-жоғын анықтау үшін транзакция тарихын пайдалана алады. Осылайша деректердің құпиялылығы және алынатын хабарлардың өзектілігі қамтамасыз етіледі. Apple компаниясы құрылғыңызда қандай хабарларды көретініңізді білмейді.

Сізбен байланысы жоқ анонимді және жалпыланған ақпарат Apple Card маркетингтік және басқа хабарлары үшін қолданылуы мүмкін. Жарнамалық хабарларды эл. пошта арқылы алудан бас тарту сілтемесін басу немесе Apple Card хабарландыруларын өшіру арқылы жарнамалық хабарландыруларды алудан бас тартуға болады.

Apple қолданбалары мен веб-сайттары Apple Card картаңыздың бар-жоғын тексеруі мүмкін

Apple Pay функциясының қосылған-қосылмағанын тексеретін Apple қолданбалары мен веб-сайттары да сізде Apple Card картасының бар-жоғын тексеруі мүмкін. iOS жүйесінде және Safari браузерінде реттеулерді өзгерту арқылы Apple қолданбалары мен веб-сайттарында Apple Card картасының бар-жоғын тексеруді өшіруге болады. iOS құрылғысында «Реттеулер» > «Қолданбалар» > «Safari» тармағына өтіп, «Apple Pay бар-жоғын тексеру» реттеуін түртіп өшіріңіз. Mac компьютерінде Safari > Settings (Реттеулер) > Advanced (Қосымша) тармағына өтіп, Allow websites to check for Apple Pay and Apple Card (Веб-сайттарға Apple Pay және Apple Card бар-жоғын тексеруге рұқсат беру) опциясын таңдаудан алыңыз.

Daily Cash

Apple Cash функциясын пайдалансаңыз, Daily Cash бонустары ретінде алатын Apple Card төлемдерін Apple Payments Inc. компаниясы өңдейді. Ол — Apple Payments Services LLC еншілес кәсіпорны болып табылатын лицензияланған ақша аудару компаниясы. Apple Payments Inc. компаниясы деректер құпиялылығын қалай қамтамасыз ететіні туралы толығырақ білсеңіз болады. Ол үшін Wallet қолданбасын ашып, Apple Cash картаңызды, содан кейін «Толығырақ» түймесін және «Деректеріңіз қалай басқарылады» түймесін түртіңіз.

Apple Card қолдау көрсету қызметі

Apple Card картасына қатысты сұрақтарыңыз болса, Wallet қолданбасынан хабарларды ашып, қолдау көрсету қызметіне хабарласуға болады. Apple компаниясы сұрауыңызды өңдеу үшін сіз бөлісетін кез келген ақпаратты, соның ішінде жеке деректерді пайдаланады. Қызмет көрсету мақсатында сұрауыңызды Goldman Sachs банкіне жіберу керек болса, Goldman Sachs банкі сізге көмектесуі үшін, Apple компаниясы онымен жеке ақпаратыңызды және сұрауыңыз туралы мәліметті бөліседі. Apple компаниясы Goldman Sachs банкіне қызмет көрсету үшін жіберетін жеке басыңызды анықтайтын қандай да бір қаржылық ақпаратты сақтамайды. Сондай-ақ сұрақтарыңыз болса, 877-255-5923 нөмірі арқылы қолдау көрсету қызметіне тікелей хабарласуға болады.

Apple Card шотын жабу

Apple Card шотыңызды жапсаңыз, Apple Card шоты туралы ақпарат Apple Card картаңызды Wallet қолданбасынан жоймайынша сол жерде сақталады.

Ақпаратты жаңарту

Apple Card картаңызбен байланысты мәліметтерді өзгерту арқылы Wallet қолданбасындағы төлеуші мекенжайын жаңартсаңыз болады. Сондай-ақ Apple Card шотыңыз туралы ақпаратты Goldman Sachs банкіне хабарласып жаңартуға болады. Apple Card картасымен байланысты қызмет көрсету үшін Goldman Sachs банкі Apple Card шоты туралы жаңартылған ақпаратты Apple компаниясымен бөлісе алады.

Apple несиелік желісі

Apple несиелік желісі — Apple Card картасының мүмкіндігі. Apple Card картасын алу үшін apple.com сайтында өтініш берсеңіз, сіз үшін Apple несиелік желісі алдын ала мақұлдануы мүмкін. Дегенмен Apple компаниясының сіз берген кейбір деректерді өңдеу тәсілі Apple құрылғысында Apple Card картасына өтініш берген кездегі деректерді өңдеу әдісінен өзгеше болуы мүмкін.

Apple Card картасын алу үшін apple.com сайтында өтініш берсеңіз және сіз үшін Apple несиелік желісі алдын ала мақұлданса, өтінішіңіздегі ақпарат интернет арқылы жиналып, жіберіледі. Apple компаниясына құрылғыңыз туралы емес, өтініш рәсімдеу барысында берілген телефон нөміріңіз туралы ақпарат жіберілуі мүмкін. Бұл ақпарат жеке басыңызды растау және алаяқтықтың алдын алу үшін қажет. Бұған қоса Apple компаниясы өтініш беру кезінде браузер түрі мен IP мекенжайын жинайды және Apple компаниясы мен Goldman Sachs банкі ақпаратты алаяқтықтың алдын алу үшін пайдаланады. Goldman Sachs банкіне өтінішіңізді өңдеу үшін қосымша ақпарат қажет болса, Apple Card картасына жарамды құрылғыдан өтініш беруден айырмашылығы — қосымша ақпарат берілген кезде, өтініш туралы ақпарат құрылғыңызда сақталмайды. Apple несиелік желісін жақсарту үшін Apple компаниясы өтініш беру процесі туралы ақпаратты жинайды. Бұл ақпарат Apple Card иелеріне қолжетімді Apple несиелік желісіне қатысты.

Apple несиелік желісін Apple компаниясымен транзакция жасау үшін ғана қолдануға болады. Apple несиелік желісімен төлеген кезде Apple компаниясы салық пен жөнелту шығынын есептеу үшін пошта индексіңізді немесе басқа балама ақпаратты пайдаланады. Транзакцияны өңдеу үшін виртуалды төлем шотының нөмірі, жіберу мекенжайы және эл. пошта мекенжайы пайдаланылуы мүмкін. Apple несиелік желісі нақты геолокация туралы ақпаратты пайдаланбайды.

Apple сізбен эл. пошта арқылы және Apple компаниясымен байланысу үшін сіз пайдаланатын басқа арналар арқылы байланыса алады. Apple Card картасынан айырмашылығы — Apple компаниясы тек сізге және құрылғыңызда белгілі (Apple компаниясына емес) ақпаратты қолданып, Apple несиелік желісі туралы хабарларды құрылғыңызға жібермейді. Маркетингтік электрондық хабарлардағы жазылымнан бас тарту сілтемесін басу арқылы Apple несиелік желісінің маркетингтік хабарларынан бас тартуға болады.

Apple несиелік желісі туралы сұрақтарыңыз болса, жеке деректеріңізге жаңарту енгізу немесе аккаунтыңызды жабу қажет болса, мына нөмір бойынша қолдау көрсету қызметіне хабарлассаңыз болады: 877-255-5923. Wallet қолданбасындағы «Хабарлар» қолданбасына өтіп те қолдау көрсету қызметіне хабарласуға болады. Ол үшін жарамды құрылғыға Apple Card қосылған болуы тиіс.

Apple Card веб-порталы

Apple аккаунтыңызбен card.apple.com веб-сайтына кіру арқылы Apple Card сервистік веб-порталының көмегімен Apple Card картасы мен Apple несиелік желісін басқаруға болады. Төлем жасау үшін төлем жасалатын банк шоты туралы ақпаратты жіберу сұралуы мүмкін. Бұл ақпарат тек төлемді өңдеу үшін пайдаланылады. Apple компаниясы жоспарлау немесе төлем жасау сияқты порталда орындалатын әрекеттеріңіз туралы ақпарат жинайды. Бұл ақпарат сұрауыңызды орындау, ақауларды жою үшін және басқа да ұқсас мақсаттарда пайдаланылады. Apple компаниясы сұрауыңызды орындау үшін қажет болған жағдайда, Goldman Sachs банкімен жиналған белгілі бір ақпаратты бөлісуі мүмкін. Сізбен байланысты емес порталды пайдалану туралы ақпаратыңызды Apple компаниясы Apple Card картасын жақсарту үшін пайдалануы мүмкін.

Толығырақ ақпарат

Apple компаниясы, сіз аккаунтыңызды жапқаннан кейін де, заңға сәйкес немесе алаяқтыққа жол бермеу үшін Apple Card картасына қатысты ақпаратты талап етілетіндей пайдалануы мүмкін. Apple компаниясы Apple компаниясымен қарым-қатынасыңыз туралы ақпаратты өзінің сервис провайдерлерімен бөлісуге құқылы, ал олар өз кезегінде бұл ақпаратты осы құжатқа және Apple нұсқауларына сәйкес өңдеуге, алынған жеке деректерді қорғау мақсатында тиісті қауіпсіздік шараларын жүргізуге, сондай-ақ заңнама жеке деректерді сақтауды талап етпесе, сервис провайдерлері қызметті көрсетіп болған соң, бұл жеке деректерді жоюға міндетті.

Заң бойынша талап етілсе және алаяқтықтың алдын алу үшін Apple компаниясы ақпаратыңызды Goldman Sachs банкіне беруі мүмкін. Сондай-ақ Apple компаниясы алаяқтықтың алдын алу үшін Goldman Sachs банкінен Apple Card картаңызға қатысты сіз туралы ақпаратты алуы мүмкін. Goldman Sachs банкінің жеке ақпаратыңызды қалай қорғайтыны туралы толығырақ ақпарат алу үшін https://www.goldmansachs.com/privacy-and-cookies/c-privacy-policy.html мекенжайындағы оның құпиялылық саясатын қарап шығыңыз. Apple компаниясы да, оның еншілес компаниялары да банк болып табылмайды және бұл хабарлама Goldman Sachs банкінен алуға болатын кез келген хабарламаларға қосымша болып табылады.

Apple компаниясы осы хабарламада сипатталған жеке деректерді өңдеуге қатысты деректерді бақылаушы ретінде әрекет еткен жағдайда, басқаша көрсетілмесе, мұндай әрекеттерді Apple компаниясының толық меншігіндегі Apple Payments Services LLC атты еншілес ұйым жүзеге асырады. Apple Card картасын пайдалана отырып, жоғарыда аталған барлық ақпаратты Apple және оның еншілес компаниялары мен агенттеріне беруге, жинауға, сақтауға, өңдеуге және пайдалануға келісім бересіз.

Apple жеке деректерді тек жинау мақсаттарын орындау үшін қажет болғанша, соның ішінде осы хабарламада сипатталғандай және Apple құпиялылық саясатына сәйкес немесе заң талап еткендей сақтайды. Сақтау мерзімдерін бағалау кезінде алдымен жиналған жеке деректерді сақтау қажет пе, жоқ па, соны мұқият тексереміз және сақтау қажет болса, жеке деректерді заңмен рұқсат етілген ең қысқа мерзім ішінде сақтау үшін жұмыс істейміз.

Apple жинаған ақпарат әрқашан Apple құпиялылық саясатына (www.apple.com/privacy) сәйкес өңделеді

Жарияланған күні: 2024 жылғы 20қыркүйек